• Ертегілер
  • 28 Ақпан, 2022

АШКӨЗ ПАТША (ертегі)

Камшат НҰҒЫМАНОВА 

Баяғы заманда Өсер деген бір бағбан өмір сүріпті. Ол өзінің алақандай ауласына қауын егіп, содан түскен өніммен күнелтеді екен. Балалы-шағалы Өсерге сол елдегі ашкөз патшаның жылда салатын салығы өте ауыр тиіп жүреді.

Бір жылы жаз өтіп, жылдық салықты қазынаға өткізетін кез де келеді. Өсер бұл жолы патшаға бір тиын да салық бермеуге бекінеді. Салықшылар келгенде, дым татырмай қуып шығады. Кешікпей жалаң қағып патша жендеттері жетеді.

–Неге патшаның жарлығын орындамайсың, – дейді олар Өсерге жан-жақтан тап беріп. Артынша сүйреп патша сарайына алып барады.

Қабағы қатулы дүниеқор патша:

– Сен неге бұйрыққа бағынбайсың? Неге салық төлемейсің? – дейді ақырып.

– Тақсыр, биыл қуаңшылық болды, өзім де аз ғана өнім алдым. Оны қазынаға өткізсем, балаларымды қалай асыраймын? – дейді Өсер қайыра сұрақ тастап.

Өсердің бұл сөзіне қатты ашуланған патша жендеттеріне бағбанның қауынын түгел тартып алуды бұйырады. Ал өзіне жасының егделігіне қарамай, дүре соқтырып жазалайды.

Өсер бағбан үйіне қайтып келгенде, астан-кестеңі шығып жатқан бақшасын көреді. Көз жасы көл болып, еңіреп отыра кетеді. Бір уақытта басын көтерсе, топырақ арасынан жылтырап жатқан шишаның шетін көреді. Қасына барып, әлгіні суырып алады. Әсем безендірілген әдемі құмыра екен. Ішінде не бар екен деп тығынын суырып алғанда, ысқыра шыққан қатты желдің үнін естиді. Үрейі ұшып, жерге жата қалады. Сөйтсе, әлгі жойқын дауылдың көзі екен. Іле сұрапыл боран соғып, бүкіл патшалықты үрейлендіріп, ағаштарды тамырымен қопарып ұшыра бастайды. Адамдар қашып, үйлеріне тығылады. 

Қанша соққаны белгісіз, бір кезде дауыл басылады. Далаға шыққан халық айналада шашылып жатқан алтын теңгелерді көреді.  Өсер бағбан да бақшасынан біраз алтын тауып алып, қуанады. Сөйтсе, бұлар патша қамбасындағы алтын теңгелер екен. Дауыл патша қамбасын тік көтеріп аспанға ұшырып, алтын теңгелерін шашып жіберіпті. Оны көріп, өлген-тірілгеніне қарамай тұра жүгірген патша шұңқырға құлап, екі көзі соқыр болып қалыпты.

     Ашкөз патшаның бұл жағдайын халық оған берілген жаза деп қабылдайды. Оның орнына еңбекқор Өсерді хан етіп сайлап, оның қол астына бағынады. Өсер содан былай қарамағындағы жұртқа егін, бау-бақша өсіруді үйретіп, елін бай-қуатты патшалыққа айналдырыпты дейді.

Өскемен қаласы.

Суретін салған Ерлан Момбаев

908 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы