• Жарайсың
  • 28 Ақпан, 2022

ҚОЛҚАНАТ

Бір топ бала ауыл шетіндегі төбеден сырғанап ойнап жүрген. Аяздың қаттылығы сонша, қалқан құлақ Келдібек мойнындағы бөкебайымен көзін ғана жылтыратып бет-аузын орап алыпты.

– Келдібекті қараңдар? – деп айқай салды бір кезде тапал қара Қайырбек.

– Оған неменеге таңғаласың? – деді Айбар оған жайбарақат қарап қойып. – Қазір-ақ сыпырылып түсіп қалады.

Айбардың айтқаны келді. Сәлден кейін Келдібектің бөкебайы мойнына қарай ысырылып түсті. Оны елейтін Келдекең жоқ, ойын қызығына беріліп, зулап барады еңіске.

Шамалыдан соң беті-қолдары домбыққан балалар лажсыз үйлеріне қайтты.

Үсіп-жығылып үйге жеткен Көлбай сырт киімдерін шеше сала, пешке жақындады.

– И-й, үй қандай жақсы, жып-жылы! – деді тоңған қолдарын алға созып.

– Сабағыңды қарап болдың ба? – деді әкесі төр жақтан. – Бір мезгіл үй шаруасына да қолқабыс жасасаңшы, шешең ренжиді ғой кешке келгенде.

Әкесі үш-төрт күн бұрын малға шөп салып жүргенде жазатайым құлап, аяғын мертіктіріп алған. Сол күні емханаға барып, рентгенге түсіріп еді, сол аяғының тізесі шытынағаны анықталып, гипске салып қатырып тастады. Содан бері үйде.

Балдаққа сүйеніп ары-бері қозғалады. Тізесі бүгілмеген соң жеңіл мәшине жүргізе алмайды екен. Соның кесірінен Көлбай мектепке өзі жаяу барып жүр. Аралық недәуір алыс.

– «Бейнет аяқ астынан» деген бұрынғылар. Аяғымның мүлде опырылып қалмағанына шүкір! – деді әкесі.

– Оған неменеге риза болып отырсыз? – деді Келдібек таңырқап.

– Алғашқы күндегідей қатты ауырып, сырқырап жүрген жоқ. Балдаққа сүйенсем де үй ішінде ептеп жүремін, біржола жатып қалғаннан жақсы, – деді әкесі төрт құбыласы түгел кісідей сабырлы қалыппен.

– Әке, аяғыңыз опырыла сынса, ауруханада жатар едіңіз. Анам екеуміз қорқатын едік. Үйде болғаныңыз бізге де жақсы болды.

Кешқұрым жел екпіні күшейіп, ізінше жапалақтап қар түсті. Ұзақ жауды.

Ертесі Келдібек аула ішін қалың қар басып қалғанын көрді. Ауыл үйлері мен ағаштар, көшелер де ақ көрпенің астында қалыпты.

– Алақай! Аққала соғамыз! Шаңғы тебеміз!

Есік алдына шыққан Келдібек алда болатын қызық ойындарды көз алдына елестетіп, қатты қуанды.

 

* * *

Мезгіл бесіннен ауған шақ. Бұл кезде мектептен келетін Келдібек көрінбеді. Әкесі уайымдап, мазасы кетті. «Бала ғой, достарымен ойнап жүрген шығар...» деді артынан өзін жұбатып.

Көлбайды ойлай-ойлай жантайып жатып еді, көзі ілініп кетіпті. Оянса, сағат тілі төртті көрсетіп тұр екен. «Келдібек қайда? Ә-ә, келген екен ғой?!» деді әкесі ішінен.

Мектеп формасын ұқыптап киім ілгішке іліп қойыпты. Түскі шәйін ішіп, ыдыс-аяқты да жинаған. Ал өзі көрінбейді.

Іле есік алдынан біреулердің дабырлаған дауысы естілді. Терезеге барып, үңіліп еді, Көлбай мен екі-үш бала есік алдында қар күреп жүр екен.

– Талабыңнан айналдым! – деді әкесі жүрегі елжіреп. Саушылықта өзі істейтін жұмысты енді баласы атқарып жүріпті. Тентек қана емес, ақылды да болғаны ғой сонда!

                                           Астана қаласы.

Суретін салған Ерлан Момбаев

327 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы