• Балаларға базарлық
  • 26 Қаңтар, 2022

КӨГІЛДІР АЙДЫН

Серік НҰҒЫМАН

Талғат түнімен ұйықтай алмады. Бақытқа шому деген, сірә, осы болар. Жаңа жылдық сыйлыққа әкесі қаладан коньки әкеп беріп еді, қуаныштан кірпік іле алған жоқ. Көз алдына бірде мұз айдында дөңгеленіп сырғанап жүргені елестесе, енді бірде даңқ тұғырында көпшілікке қол бұлғап тұрғаны келді. Іле ауылдарында мұз айдыны жоқ екені есіне түскенде барып, өз-өзіне келіп, қиялын тежеді. Өйткені, онсыз конькидің түк те қызығы жоқ.

Талғатты енді мұз айдынының уайымы мазалай бастады. Қайту керек? 

Ертесі орнынан ерте тұрған Талғат шайын іше салып, досы Асылға келді.

– Сенің көмегің керек, – деді оған бұйымтайын айтып.

– Қиын, – деді Асыл басын шайқап. – Дегенмен, үйдің артында бір көлшік бар, соған барып көрейік.

Екеуі аяңдап көлшік басына келді. Жайылған ауқымды ойпаңның түбінде ғана жылтыраған мұзы бар екен. Оның өзін қар басып қалыпты.

– Мынау болмайды, – деді Талғат басын шайқап. 

– Онда не істейміз?

– Мына ойпаңды суға толтыруымыз керек. Жақын арада су бар ма?

– Иә. Арғы шетінен өтетін тоған бар.

– Жақсы. Жүр, барып көрейік...

Арық суы әлі толық қата қоймапты. Бетіндегі жұқа мұз үстін қар басып, ана жер-мына жерден көрініп, сылдырап ағып жатыр.

– Таптым! – деді бір кезде жан-жақты шолып, артынан ойланып қалған Талғат қолын шапалақтап. – Осы тоғанның суын шұңқырға бұрамыз.

– Қалай? – деді Асыл түкке түсінбей. – Жер тоң ғой... қаза алмаймыз...

– Қазудың керегі жоқ. Судың деңгейін көтерсек, жетіп жатыр.

– Түсінбедім?..

– Қазір түсінесің, – деді Талғат досына қарап ақсия күліп. – Қазір бәрін көрсетем. Алдымен үйге барып, қажетті заттарды алып келейік.

Екеуі Асылдардың үйіне барып, төрт-бес таяқ және бір құшақ сабан көтеріп келді. Іле Талғат іске кірісті. Алдымен таяқтарды тоғанның беті ашық жеріне мұзға тіреп көлбеулеп қойды. Сосын сабанды соның үстіне көлденеңінен тастады. Оны қолындағы аша ағашпен басты. Тосқауылға ұшырған су деңгейі іле көтеріліп, арық ернеуінен аса бастады. Сәтін салғанда, шұңқыр жақ жаға төмен екен. Арнадан шыққан ағын енді қар астын үңгіп, еңістеп кете берді. Сәлден соң қар еріп, беті ашылғанда судың ылди қуып, жылжып бара жатқаны көрінді. Ұзамай ойпаңға жетіп те үлгерді.

– Тамаша! – деді Асыл досының жоспарын сонда барып түсініп.

– Бұйырса, екі-үш күнде ойпаң толады. Сосын келіп, сабанды алып тастаймыз, – деді Талғат жымия күліп. – Бастысы, біздің ауылда мұз айдыны болатын болды.

Жаңа жылдық демалыста Талғат пен Асыл достарымен бірге ауыл сыртындағы көгілдір айдында коньки теуіп жүрді.

Суретін салған Ерлан Момбаев

617 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы