• Балаларға базарлық
  • 26 Қаңтар, 2022

АҒАМ МЕН АТАМ

Нұрғали ҚАДЫРБАЕВ

Менің ағам Барысбек тоғызыншы сыныпта оқиды. Оқу озаты. Атам зейнеткер. Мүмкіндігі шектеулі жан. Екі-үш жылдан бері көзі көрмейді. Дәрігерлерге барғанымен, одан көмек болмады.  
Ағам атамды ардагерлердің арасында өтетін әртүрлі шараларға ертіп апарады. Дүкендерді аралатады. Дос-туыстарының үйлеріне бірге барады.  
– Балам, – деді бірде атамның бір замандасы ағама. – Өмір жасың ұзақ болсын. Қашан көрсем, атаңды жетелеп жүресің. Жанынан бір елі қалмайсың. Ешбір кейіген, қиналған сәтіңді байқаған жоқпын. «Ата, ата» деп жанында үнемі шыркөбелек айналып жүргенің. Рақмет, шырағым!– деді шын мейірленіп.
Мен атамды да, ағамды да жақсы көремін. Өскенде мен атама ағам секілді көмектесемін. Қазірше үй ішінде ғана жәрдемдесе аламын. Үйдің алдына шығарамын. Атам көршілерімен әңгімелеседі. Мен өз достарыммен бірге ойнаймын. Жүгіремін. Атам:
– Маратжан, үйге кірелік,– деп шақырғанда қасына жетіп барамын. Достарым маған қапа болмайды. «Неге ойынды бірден тоқтатасың?» деп ренжімейді. Өйткені менің атамның көзі көрмейтінін олар жақсы біледі. 
– Асылбек аға,– дейді атамның көршілері. – Сіздің немерелеріңіз жақсы. Қолғабысы мол. Қарап отырып, көңілің тояды. Жан дүниең разы болады, шіркін. Мың болғырлар.
– Иә, өссін, өнсін. Менің оларға берер батам тек осы ғана. Сізге де менің немерелерім жөнінде айтқан жылы сөздеріңіз үшін мың алғыс, көрші,– деді атам да ол кісіге.
Бүгін атам ағаммен тағы да қалаға аттанды. Ендігіде ол Брайл әліпбиі бойынша саусағының ұшымен кітап оқу үшін кітапханаға бармақшы. Зағиптар үшін арнайы Брайл әліпбиімен жазылған кітаптар сол жерде бар екен. Қазірше атам кітапты оқып үйренуді қалап жүр. Менің атам, өз сыныбымдағы ұстазым айтпақшы: «Көз соқырлығы ештеңе емес, көкірек көзі соқыр болмасын» дегендей ұстанымды өз өмірінде қолданатын секілді. Өйткені, өзім байқап жүрмін, атам енді көзімен емес, қолындағы саусақтарының ұшымен өз айналасын, бүкіл әлемді түсінбекші. Ұғынбақшы. Сондықтан да мен атамды қалайша көзі көрмейді деп айта аламын. 
Ағам атамды жетелеп үйден шығып барады. 
– Ата, жолдарыңыз болсын!– дедім мен атам мен ағамның іздерін ала, соңдарынан көзімді үзбей қарап. – Менің атам мықты! – дедім тағы да үнімді сыртқа қаттырақ шығарып. 

Суретін салған Ерлан Момбаев

328 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №5

31 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы