• Ертегілер
  • 26 Қаңтар, 2022

Бақыт іздеу (Ертегі)

Кенжегүл ӘДІЛОВА

Баяғыда бір шал мен кемпір болыпты. Олардың үш ұлы бар екен. Соған қарамай олар өте кедей тұрыпты.

– Балалар, сендерді асырауға енді біздің шамамыз келмейді. Үшеуің  біз  жетпеген  бақытты  іздеп,  тауып  келіңдер, – дейді шал бірде.

Үш ұл кешікпей бақытты іздеп жолға шығады. Көп жүреді. Бір күні алдарынан үш тарау жол кездеседі.  Біріншісі қысқа, екіншісі орта, үшіншісі ұзын жол екен.  Біріншіні үлкен ұл таңдайды. Екіншіні ортаншы ұл, ал үшіншіні кіші ұл таңдайды.

Қысқа жолды таңдаған ұл көп жүрмейді. Алдынан әдемі ақбөкен кезігеді. Қақпанға түсіп қалған екен. Аяп кетіп, оны қақпаннан шығарып алады.

– Мейірімді бала, саған көп рақмет! Сен  болмағанда, мен қақпаннан шыға алмас едім. Адамдардың қатыгездігіне таңғаламын. Ешкімге тиіспей, тыныш жүрміз ғой. Бізді көбейтудің орнына азайтып жатыр. Екі аяғың қақпанға түсіп, қақсағанда  денсаулықтың қадірін біледі екенсің, – дейді ақбөкен. Артынша бір шөпті жейді. Қанаған жері тоқтап, аяғы жазылып  кетеді. Шөптен үлкен ұлға да береді. Шөпті алған ұл бақыттың не екенін біліп, сол арадан үйіне қайтады.

Ортаншы ұл да өз жолымен келе жатады. Жолда бір топ саудагермен кездесіп, бірге жүреді. Біреуінің  торында үйректің  алты балапаны бар екен.  Қараңғы  түскен соң саудагерлер ұйқыға кетеді. Үйрек  балапандарына жаны ашыған ортаншы ұл оларды босатып жібереді.

– Бізді құтқарып қалғаныңа рақмет! Біздің ата-анамызды аңшылар атып кетті. Олар тірі кезде біз бірге жүруші едік. Өздері аш жүрсе де олар бізді бақты.  Олардан айырылған соң, қалай өмір сүруді білмей, алтаумыз алты жаққа кеттік. Содан саудагердің торына түскенде қайта табыстық. Мынау ата-анамыздан қалған екі сиқырлы қап. Біреуін саған берейік. Керек болғанда сұрасаң, бір қап бидай  береді,  – дейді балапандардың үлкені.  Ортаншы ұл бақыт дегеннің не екенін ұғып, үйіне қайтады.

Кенже ұл ұзақ жүреді. Бір күні алдынан бір өзен шығады. Адамдар  тастаған қоқыстан балықтар сыртқа қашып жатыр екен. Кіші ұл оларды аяп, арнаны тазалайды. Сырттағы балықтарды ішке салады. Балықтар оған алғыс айтады.

– Біз саған ризамыз!  Сен мейірімді екенсің.  Жақсылығыңды біз тілекші боп қайтарамыз!  «Бақытты  бол!»  деп  күнде дұға жасаймыз! – дейді балықтардың бірі.  Бақыт дегеннің не екенін білген бұл ұл да кері қайтады.

Үйде қалған шал мен кемпір ұлдарын сағынып, аштықтан жүдеп отырады. Бір күні қолында бір уыс шөбі бар үлкен ұл келеді.

– Балам,  бақытты  таптың  ба? – дейді әкесі.

– Иә, әке, таптым. Ата-ананың амандығы бақыт екен. Сіздер ауырмай жүрсін деп дәрі шөп әкелдім, – дейді тұңғыш ұл. 

Ұзамай ортаншы ұл да келеді. Ол да ағасының сөзін қайталап:

– Әке, шын бақыт деген тоқ жүру екен. Сіздерге сұраған кезде бір қап бидай беретін сиқырлы дағар әкелдім, – дейді. 

Олар бидайдан ұн жасап, қыстан аман шығады. Көктемде жер аударып, тағы бір қап тұқымды егеді. Күзде мол өнім алады.

Кенже ұл үйге ештеңе әкелмейді. Әке-шешесі оның аман келгеніне қуанады.

– Балам, бақытты таптың ба? – дейді әкесі.

– Иә, әке. Бақытты таптым. Сіздерді, екі ағамды аман-есен көрдім. Аяқ-қолымыз сау, еңбек  ете аламыз. Адамдық қасиетімізді жоғалтпай, бірлік пен  мейірімділігімізді сақтай алсақ, бақыт деген сол екен. – дейді кенже ұл.

Суретін салған Ерлан Момбаев

845 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы