• Мерейтой
  • 30 Қыркүйек, 2021

Белгілі балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменов 70 жаста

«Балдырған» журналы менің балалық шағымның куәгері, сырлас досым іспеттес. Жылдар өтіп, қоғам өзгерсе де, осы бір балалар басы­лы­мы өзінің бет-бейнесін, бал-шы­рын тілін, көркем келбетін, бала­лар­ға деген дос-болмысын сақтап келеді. Жеткіншектердің, әсіресе, аға буынның журналды жақсы көретіні, әр санын асыға күтетіні де сондықтан. «Балдырғанға» жолдаған ертегі-әңгімелерімді асқан жауап­кер­­шілікпен, құштарлықпен жаза­мын. Өйткені, балалық шағыма қай­та саяхат жасайтындай күй кешемін.
Мен балалар мен жасөспірімдер басылымында ұзақ жыл еңбек еттім. Оңтүстік Америкаға – үндістер еліне жасаған саяхаттарым  негізінде «Кечуа тайпасының үндiстерi», «Бес ғасыр атылмаған садақ» атты кітаптарым жарық көрді. Үндіс балаларының өмірі, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы түсірген фотосуреттерімнің көрмесін ұйым­дастырдым. Ал, «Қуанышты күн», «Тентектер», «Хан шатырындағы кездесу», «Күннен келген адам» кiтаптарым оқырманды ертегілер әлеміне, ерлікке, отансүйгіштікке, шынайы достыққа жетелеген туындылар.  Соңғы кезде «Хан шатырдан Күн шатырға саяхат!» ертегі кітабымды жазып бітірдім. Жуырда «Горилла-адам», «Туған күніңмен, Айтұмсық!» ертегі кітапшаларым қазақ, орыс, ағылшын тілінде көркем безендіріліп жарыққа шықты. 
Балалар, менің жазған барлық шығармаларым тек сендерге арналған. Өйткені, менің нағыз достарым сендерсіңдер!

ТУҒАН КҮН

 

Жақында Айнаштың туған күні болады.

Ауладағы балалар «мені шақырса екен» деп күтіп жүргені сөзсіз...

Ал, Айнаш болса, «Кімді шақырсам екен?» деп, келетіндердің тізімін жазып әлек. Сызады. Қайта қосады. Шақырылмаған достары ренжіп қалатын сияқты.

Айнаштың туған күні биыл ерекше өтпек. Алатаудың бөктеріндегі «Тау самалы» мейрамханасында. Қасында сарқырап өзен ағып жатыр. Табиғаты  керемет жер. Алдын ала әкесі екеуі барып көріп келген.

Айнаштың әкесі – «жаңа қазақ», жалғыз қызынан ештеңе аяп көрген емес.  «Туған күн сенікі, кімді шақырасың, өзің біл» деген. Оның үстіне бірінші мүшел жасқа толады. Мұндай еркіндікті естіген қызы қуанып, әкесінің бетінен «миллион» рет сүйген. Ал, әперген сыйлықтарын көрсең, қарай бергің келеді. Айнаш ұзақ уақыт соларды тамашалаумен әлек. Таңертең бір рет, кешке қарай екінші рет.

Анасы болса, өздері бірге араласып жүрген ағайын-туыстарды, солардың ұл-қыздарын түгел шақырмақшы. Қызының бой жетіп қалғанын мақтан етпек.

– Онда, өздерің тойлаңдар. Мен қатыспаймын, – деді қыздары ашуланып.

Әңгіме осылай аяқталған. Уақыт  өте берді. Туған күні есіне түскен сайын достарынан кімдерді шақыру керектігін ойлап қояды. «Сәуле туған күніне шақырған жоқ. Мен де... Ал, Самалды... ей, қойшы соны...»

Сөйтіп жүргенде мерекелі сәтке бір-ақ күн қалыпты. Ол  кімді шақыратынын әлі шешкен жоқ еді. Әкесі сыйлыққа сатып әперген ұялы телефонын қолына алып, құрбыларына хабарласа бастады.

– Айгүл, сәлем!

– Ой, Айнаша, сәлем! Хабарласқаның қандай жақсы болды. Бірлігім  таусылып, ешкіммен сөйлесе алмай жүрмін.

– Ертең менің туған күнім. Кел, күтемін.

– Рақмет, Айнаша! Мен әжеме Шымкентке келгем. Қатыса алмаймын. Ренжіме, – деді Айгүл.

Айнаш Жазираға, Ерікке, одан соң Әсемге телефон соқты. Олар да қыдырып кетіпті. Каникул емес пе? Ал, бірінші сыныптан бірге оқыған құрбысы Назгүл сырқаттанып, ауруханаға түсіп қалыпты.  «Оған кейін барармын. Қазір қол тимейді. Жұмыс көп». Көрші аулада тұратын сыныптасы Қуаныш пен Сәкенді онша ұнатпайды. Бірі – өте қарапайым, ештеңеге араласпайды. Сабақ оқығаннан басқаны білмейді. Оны көрген сайын Бейімбеттің «Мырқымбайы» есіне түседі.  Екіншісі – тіпті пысық. Күрес үйірмесіне қатысады. Бақа танау. Мұрнының үсті үнемі терлейді де жүреді. Бірнәрсе бітіргендей асығады да жүреді. Айнашқа сылтауратып, тиісуін қоймайды. Сөйлескен сайын «қанын» ішеді. Әке-шешесі де бір түрлі адамдар. Оларды шақырмауды ұйғарды. Енді кімді?.. Ұзақ ойланып тұрды да, телефонының түймешелерін тез-тез тере бастады.

– Жасұлан, алло, мен Айнаш қой, ертең туған күнім. Шақырамын. «Тау самалында». Мықты әншілер  келеді. «Золотойды» билейміз.

– Алло, кім бұл, естілмейді!

– Айнаш.

– Сәлем! Енді естілді. Мен автобуста кетіп барамын. Талдықорғанға. Туған күнім дейсің бе? Ой, өкінішті, бара алмаймын. Сонда да болса, алдын-ала құттықтаймын! Ренжіме.

– Рақмет!

Айнаштың көңіл-күйі түсіп кетті. «Енді кімді шақырсам екен?». Қапелімде  есіне ешкім түспей-ақ қойды. «Жадыраны шақырсам, мейрамханаға киетін әдемі көйлегі  жоқ»...

Кешкі тамақтың үстінде әкесі:

– Қызым, ертең сенің туған күнің, мейрамхана дайын. Әншілерге ескертілген. Керемет бір той болатын түрі бар. Достарыңды шақырып үлгердің бе? – деді.

– Барлығы демалысқа, ауылға кетіп қалыпты, – деді қызы мұңайып.

– Ертерек ескерт деп едім ғой. Айтпақшы, Қуаныш пен Сәкенді кеше ғана көрдім. Жүгіріп келіп  амандасты. Өздері бір жақсы балалар.

– Оларға енді айтамын. Қолым тиген жоқ.

– Менің таныстарым дайын, бәрі келеді, – деді анасы жағаласа.

Айнаш қолына ұялы телефонын алды да, Қуанышқа хабарласа бастады...

Суретін салған Ерлан Момбаев

 

992 рет

көрсетілді

23

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы