• Ертегілер
  • 30 Қыркүйек, 2021

ТОҚАЛ СИЫР

(Ертегі)

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ

Ертеде Мұса деген кедей болыпты. Оның жалғыз қара сиыры бар екен. Байлаулы тұратын сиыры бірде босанып кетіп, қойдың алдындағы шөпті жеп қойыпты. Мұны көрген Мұса ашу үстінде айырмен ұрып, сиырдың бір мүйізін сындырып тастапты.

Бірақ қара сиыр қомағайлығын сонда да қоймапты.

Бірде тағы босанып кетіп, шарбаққа асылып шөп жеймін деп лапасты құлатады. Ашуланған иесі сырықты алып, оның екінші мүйізін сындырыпты. Содан былай қара сиыр «тоқал сиыр» атанады.

Бірде тоқал сиыр үйге кіріп, иесінің ұрыққа деп алып қойған тарысын жеп қояды. Мұны көрген кедей сиырға не істерін білмей, өз басын өзі тоқпақтайды. Бір кезде қазанда қайнап жатқан ыстық суды көреді. Шелекпен көсеп алып, сиырдың қапталына шашып жібереді.

Сиыр далаға қашады. Мұса сонда да қоймай, қуып жүріп сабайды.

– Отағасы, сен бекер істейсің. Бәрі өзіңнің осалдығыңнан. Малда кінә жоқ, – дейді әйелі ренжіп.

– Қалай менің осалдығымнан? – деп, одан сайын ашуланған кедей сиырды ақыры алысқа қуып жібереді.

Ертесі ауыл сыртына шыққан кедейдің әйелі сиырын тауып, айдап келе жатып, таныс екі адамның мал айдап, жайлауға кетіп бара жатқанын көреді.

– Біздің тоқалды да айдай кетпейсіздер ме? – деп өтініш айтады.

–Жарайды. Жайлауға барып семіріп қайтсын, – дейді мал айдаушылар.

Сонымен екі мүйізден айрылып, қапталын ақ жүн басқан тоқал сиыр топқа қосылып, жайлауға кетеді. Иесі оны жоғалдыға санап, күдерін үзеді.

Арада жаз өтіп, күз келеді. Бір күні кедей бай баласына жалданып, базарға мал айдайды. Бай баласы қамсыз. Жол бойы әр нені сөз етіп, көрінгенге күліп, қылжақтаумен болады. Кедейді мұң басады. «Көп болмаса да менің де біраз малым болса. Осындайда біразын сатсам. Әй, бірақ, ол жоқ қой» деп іштей қамығады. Байдан сатып алған тұқымдық тары бар, тағы бір өтелмеген қарыздары есіне түсіп, одан сайын қайғыға батады.

Өстіп келе жатқанда алдарынан қалың сиыр кездеседі. Ауылдағы таныс кісілері екен. Малдарын жайлаудан айдап келе жатыпты. Тоқтап, аман-сәлем жасайды.

Мұса малдарға көз салады. Бір кезде көзі анадай жерде тұрған тоқал сиырға түседі. Жануар семірудей-ақ семірген екен. Оның үстіне бұзаулап алыпты. Сүтке тойған қара бұзау енесінің маңында ойнақ салып жүр. Сиырдың көзіне жылы ұшырағаны сонша, бақташыдан:

– Мына жас бұзау ерткен тоқал сиыр кімдікі? – деп сұрайды.

– Ол сіздікі. Көктемде жайлауға бара жатқанда жеңгей қосып жіберген. Содан бұзаулап, екеу болды, –  дейді мал айдаушылар мән-жайды түсіндіріп. Кедей қуанғаннан не дерін білмей, ыржыңдап күле береді.

– Ендеше, сиырымды алайын. Мына малмен бірге базарға айдайын, –  дейді Мұса. 

– Жақсы. Алам десеңіз, малыңыз әне, әкете беріңіз, – дейді аналар.

Кедей рақметін айтып, қара сиырды бөліп алады. Байдың малына қосып, базарға апарады. Қымбатқа сатып, біраз ақша қылады. Қайтарда балаларына базарлық, әйеліне көйлек, қант-шай алып, тарының қарызынан да құтылып, жеңілдеп қайтады. Жеткен соң жағдайды әйеліне айтып береді.

– Дұрыс болыпты. Айттым ғой саған, кінә малда емес, өзіңде деп. Ел құсап малды ұзатып, жайлауға шығарып, жақсылап бақсаң, жақсы семіреді. Басы өсіп, көбейеді. Ал қораға байлап қойсаң, аш мал үйге кіріп, тары жемей, не жейді, – дейді әйелі. – Міне, көрдің бе? Мынау соның дәлелі.

– Дұрыс айтыпсың, – дейді Мұса.

Адамның малдан емес, ақылдан кедей болатынын түсінген Мұса содан былай жалқаулығын қойыпты. Қалған ақшасына тана-торпақ сатып алыпты. Соларды қыста үйінде, жазда жайлауға шығарып бағып, байып кетіпті.

Қазақтың «Мал кедей емес, ақыл кедей» деген мақалы содан қалса керек.

Суретін салған Ерлан Момбаев

992 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы