- Балаларға базарлық
- 30 Қыркүйек, 2021
ОБАЛ МЕН САУАП
Дүйсен Мағлұмов
Бөлмеден бөлмеге жүгіріп ойнап жүрген бала мысық (марғау) аяқ астынан «баж» ете қалды. Төргі бөлмеде сабақ оқып отырған Иман жүгіріп дәлізге шықты. Өзі ойлағандай сол баяғы Рақымның ісі. Марғауды есік пен жақтаудың арасына қысып алыпты. Соның мияулағанына мәз болып қарап тұр. Иман інісін итеріп қалды да, марғауды босатып жіберді.
– Рақым, мұның не? Ол әлі кішкентай ғой. Оның да жаны бар. Бір жерін сындырсаң қайтесің?! Әлсіздерге өйтіп күш көрсетуге болмайды. Обал болады, – деп інісіне көзін алайта қарады. Сонан соң:
– Әжем көрсе жаныңды шығаратын еді. Енді менің қасыма отырып апайыңның берген тапсырмасын орында. Біраздан кейін тексерем, – деді өзінің үлкендігін білдіріп.
Рақым Иманның өзінен төрт жас кіші інісі. Жақында бірінші сыныпқа барды. Еркелігі бір басына жетіп артылады. Әжесі үйде мысық ұстағанды жақсы көреді. Биыл жазда әжесінің айтуынша «жиырма жылдай баққан» мысығы қартайып, өліп қалды. Оның орнына әжесі осы тарғыл марғауды асырап алған болатын. Сүп-сүйкімді бала мысықты үйдің ішінің бәрі жақсы көріп кетті. Тек Рақым ғана оған маза бермейді. Құлағынан тартады. Құйрығынан сүйрелейді. Ары-бері лақтырып, оның төрт аяғымен түскеніне мәз болады. Мұның бәрі оның марғаумен ойнағандағысы. Бірақ кейде жаңағындай артық кететіні де бар...
Арада біршама уақыт өтті. Бағанадан бері Рақым мұрны пысылдап Иманның қасында жазумен әуре болды. Көзінің бір қиығымен оның ісіне қарап отырған Иман інісінің бар ынтасымен жазу жазып отырғанына риза болды.
– Болдым. Мә, тексерші! – деді Рақым дәптерін Иманның алдына ысырып.
«К, Қ» әріптерін бас әріп, кіші әріппен бір бетке әдемілеп толтырып шыққан Рақымның жазуын қарап шыққан Иман:
– Жарайсың, Рақыш! Бар енді ойнай ғой. Бірақ мысыққа тиісуші болма. Обал болады, – деді інісін еркелете арқасынан қағып.
– Иман, айтшы, осы обал деген не? Әжем де осы сөзді айта береді, – деді інісі аузын бұртитып.
– Оны атам таудан келген соң сол кісіден сұраймыз. Мен өзім түсінгенмен саған түсіндіре алмаймын, – деді Иман шынын айтып.
Ислам ата таудан келіп, шәйін ішіп есік алдына шыққанда Иман мен Рақым да ере шықты. Екеуі сәкіге жайғасқан атасының екі жағына отырды. Иман бүгінгі оқиғаны атасына тәптіштеп айтып берді. Рақымның сұрағына жауап бере алмағанын да жасырған жоқ.
– Е-е, батырларым, бүгін сендер үлкен мәселеге кез болған екенсіңдер, – деді Ислам ата екеуіне кезек күле қарап. – Ендеше, тыңдаңдар, мен өз білгенімді сендерге айтып берейін. Рақыш, әжең де, мына ағаң да дұрыс айтады. «Обал» деген сөз де, обалдық сезім де біздер, мұсылмандар үшін өте қастерлі дүние. Шариғат түсінігінде «обал» сөзі «артында азабы бар іс-әрекет, күнә, қылмыс» деген мағына береді. Қасиетті Құранда «Олар жасаған істерінің обалын тартады» деген аят бар. Мұны әрбір жасаған ісіңнің жазасы ертең алдыңнан шығады деп түсінген абзал. Осы жағдайды жақсы ұғынған бабаларымыз «обал» деген ұғымды жастардың құлағына құйып отырған. Кез-келген жанды, жансыз нәрсеге әлімжеттік жасауға, күш көрсетуге тиым салған. «Обал болады» деп балаларды жаман әдеттен сақтандырып отырған. Тіпті, көктеп тұрған бұтақты сындырудың өзі обал саналады. Біреуге қиянат жасау да обалдың ең үлкені.
Ал «обал» ұғымымен «сауап» деген қастерлі ұғым қатар жүреді. «Сауап» ұғымы шариғатта «жасаған жақсылығы үшін Алла тарапынан көрсетілетін қарымта сый» деп түсіндіріледі.
Мен өздеріңе ылғи айтамын ғой, Алла разылығы үшін жасалған әрбір жақсы іс сауап болып есептеледі. «Обалды біліп өссең – сауапқа кенелесің» деген тәлімді сөзді бабаларымыз бекер айтпаған. «Сауабын аласың» дей отырып, балаларды жақсы іс істеуге жетелеген. «Жақсы ісіңмен жақсылыққа кенелесің, алғысқа бөленесің» дегенді сәт сайын айтып отырған. Мысалы, құлшылық жасау, сабақ оқу, ғылыммен айналысу, біреуге көмектесу, қарыз беру, сәлемдесу, аш адамды тойдыру, шөлдегенге сусын беру, үлкен мен кішіге қамқор болу дегендердің бәрі сауапты істер қатарына жатады. Мұсылмандар сауап жасағаны үшін ешкімнен төлем күтпейді. Ол сол ісі үшін мол сауап жинап, Алланың мейірім, шапағатына бөленеді. Бұл туралы да халқымызда «Сауап істесең – жауап іздеме» деген тағлымды сөз бар, балаларым!
Сонымен, «обал» ұғымы жақсы нәрсенің қадірін білмесең, түбінде соның зардабын тартасың дегенді білдіреді екен. Ал «сауап» адамға жақсылық жасау, табиғатқа қамқорлық көрсету, жақсы іс істеу деген мағына береді. Бұл ұғымдар бүгінгі күні де өте қажетті ұғымдар. Сондықтан да үлкендердің «обал болады», «сауабын аласың» деген тәлімді сөздеріне әрқашан құлақ асып, соны орындап жүрулерің керек, – деп, Ислам ата әңгімесін аяқтады. «Түсінікті ме?» дегендей немерелеріне сұраулы жүзбен қарады. Ол екеуі болса төмен қарап, үнсіз бастарын изей берді.
Дәл осы кезде қастарына келіп, атасының аяғына оратыла берген марғауды Рақым қос қолымен аялай ұстап, кеудесіне басты. Бұл оның марғаудан іштей кешірім сұрағаны еді. Марғау да оны түсінгендей ақырын ғана «мияу, мияу» деп, оның кеудесіне жабыса түсті...
Суретін салған Ерлан Момбаев
736 рет
көрсетілді2
пікір