• Ертегілер
  • 30 Қыркүйек, 2021

АЛДАМШЫ ҚАРҒА

(Эскимос ертегісі)

Бір қарға жейтін жемтік іздеп мұхиттың жағасын тіміскілеп жүреді. Бір кезде тастың астында жатқан шаянды көріп қалады. Тұмсығымен шоқып бері шығарып алады да, жеуге ыңғайланады. Осы кезде қуыс-қуыстан өзге шаяндар атып шығып, қарғаның аяғына жармасады.

Қарға «қарқ» ете қалады. Қанша жұлқынса да, аяғын босата алмайды.

Қарға шаяндарға:

– Мені жіберіңдерші! Ендігәрі сендерге тимеймін, – дейді.

Шаяндар босатпайды. Қайта шымшуырларын қарғаның аяғына батыра түсіп, жанын көзіне көрсетеді.

Қорқып кеткен қарға:

– Қар-қар! Сендер сондай көрікті екенсіңдер. Мен сендерге өзімнің апайымды күтушілікке берейін, – дейді.

– Бізге күтуші керек емес. Өзіміз-ақ күн көреміз. Сен бізді алдама, – дейді шаяндардың бірі.

Қарға:

– Онда сендерге атамның қайығын берейін. Жап-жаңа қайық, – дейді.

– Бізге қайық керек емес. Өзіміз де жақсы жүзе аламыз, – дейді екінші шаян.

«Жағдай қиын. Осылай жата берсем, асау толқын ұрып, судың астында қалармын. Қайтсем де бір амал табуым керек» деп ойлайды қарға. Сөйтеді де:

– Мені босата қойыңдаршы! Байқаймын, өздерің өте мейірімді сияқтысыңдар. Суға батып кетсем, обалыма қаласыңдар, – дейді қарға.

Шаяндар үндемейді.

Жаны қысылған қарға:

– Егер мені жіберсеңдер, сендерге суы сылдырлаған жылға сыйлаймын, – дейді.

–  «Жылға» дейсің бе? Ол қайда? – дейді шаяндар жамырай үн қатып.

– Алыста емес. Жолы ғана қиын. Өзім бастап апарамын, – дейді қарға.

Шаяндар қарғаны босатады. Қарғаға керегі де сол еді. Қанатын қағып-қағып жіберіп, төбеге көтеріледі де:

– Ақымақтар! Қайдағы жылға?! Мен сендерді алдадым, – деп ұшып кетеді.

Шаяндар тырбаңдап қарғаны қумақ болады. Бірақ таяқ тастам жерге ұзаған соң, болдырып, кері қайтады. Қарға жағалауды бойлап ұшып жүріп, бір кішкене балықты көріп қалады.

Оны ұстап алып, шоқып жеп, қарнын тойдырады. Балықты жұлмалап, қомағайлана асағаны сондай, қабыршығы үсті-басына жабысады.

Қанатына балықтың қабыршығы жабысқан қарға жалт-жұлт етіп ұшып келе жатса, алдынан бұғыны жарып тастап, жеп жатқан аю кезігеді.

Аю қарғаның түрін көріп, аң-таң болады.

– Қарға, саған не болған? Андағы күмістей жалтыраған әдемі қанатты қайдан тапқансың? – деп сұрайды.

– Асығып барам. Егер тезірек жинап алмасам, таусылып қалады, – дейді оған қарға.

– Нені айтасың? – дейді аю.

– Балықты айтам, – дейді қарға.

– Рас па? – дейді аю қызығып.

– Рас, рас! Анау жағалауда балық тау болып үйіліп жатыр. Сен тезірек сонда барып қайт. Мен мына бұғыны күзете тұрайын, – дейді қарға.

Аю қорбаңдап балық іздеп кетеді. Қарға бұғыны шоқып жеп, әбден қарнын тойдырып, ұшып кетеді.

Бұғының етіне тойған қарға ұшқаннан ұшып отырып, тиіннің ұясына келеді. Келіп, ұяның дәл алдындағы бұтаққа қонақтап отыра қалады. Бір кезде жидек толы себетін көтеріп, тиін де ұясына жетеді.

Тиін қарғаға:

– Сен мұнда неғып отырсың? Әрмен кет. Қарқылдап балаларымды шошытасың, – дейді.

Қарға:

– Кетпеймін! Маған тәтті жидек бер. Әйтпесе ұяңа кірмейсің, – дейді.

– Жарайды! Берейін. Тек алдымен екеуміз біраз би билеп алайық, – дейді тиін.

– Биді қайтеміз? Одан да бірден жидек жейік, – дейді қарға.

– Сен би билей алмайсың ба? – дейді тиін шиқылдай күліп.

– Неге билей алмаймын? Би дегенің бізден қалған, – дейді қарға намыстанып.

– Қане, көрсетші, – дейді тиін.

Қарға:

– Міне, көр! – деп қанатын қағып, ұшар биікке көтеріліп, дөңгелене жөнеледі.

Осы сәтте тиін дереу ұясына кіріп, есігін тарс жауып алады.

Қарға алданғанын біліп:

– Қарай көр! Мына кіп-кішкентай тиін менен асқан айлакер екен, – деп қатты өкінеді. Ақыры амалсыз «қарқ» етіп ұшып кетеді.

Осылайша, бәрін алдаған қу қарға кішкентай тиіннен айласын асыра алмапты.

Орыс тілінен аударған Бағдат МӘЖИТОВ.

Суретін салған Ерлан Момбаев

640 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы