• Балаларға базарлық
  • 29 Қыркүйек, 2021

Ементұмсық

Ементұмсық – торғай тәрізділер отряды, құнақтар тұқымдасына жататын құс. Біздің елімізде құнақтар тұқымдасына жататын 18 құс бар. Соның біреуі – осы ементұмсық. Олардың өзі «кәдімгі ементұмсық» және «арша ементұмсығы» деп екіге бөлінеді. Ементұмсық Қазақстанда Тянь-Шань, Батыс Алтай, Жоңғар Алатауындағы орманды алқаптарда кездеседі. Бұлардың дене тұрқы – 18-23 сантиметр, салмағы – 45-70 грамм болады. Өзінің денесіндегі әртүсті жүндері мен қауырсындары ементұмсықты әдемі етіп көрсетеді. Оның тұмсығы жуан, әрі өте мықты болады. Ол тұмсығының күштілігінің арқасында жеміс ағаштарының жаңғақтарын оп-оңай шағып жей алады. Құстың атауы да осы тұмсығының ерекшелігіне қарай «ементұмсық» деп аталса керек. Ементұмсық ұясын ағаш басына салады. Ұясының сырт жағын жуандау бұтақтармен, ішкі жағын жіңішке бұтақтармен тоқиды. Астына жүн-жұрқа, көбіне аттың қылын төсейді. Жылына бір рет мамыр айында 4-5 жұмыртқаны 14 күн басып, балапан шығарады. Балапандарын алғашында ұсақ жәндіктермен қоректендіреді. 
Олар уақытының көбін ағаш басында өткізеді. Жерге өте сирек түседі. Түсе қалған жағдайда екі аяғымен секіріп жүреді. Ал адымдап жүргенде попугай сияқты екі жағына теңселіп жүреді.
Кейбір елдерде ементұмсықты әдемілігі үшін үй жағдайында торда да ұстайды. Жаңадан ұсталған кезде олар қатты ашуланғанмен үй жағдайына, адамдарға тез үйреніп кетеді екен.
Ементұмсық – өте сақ құс. Сондықтан да оны қадағалау, зерттеу өте қиын. Бір қарағанда ол бір орында ұзақ отыра беретін жалқау құс болып көрінуі мүмкін. Шындығында олай емес. Ол өте ақылды әрі өте батыр құс. Өзінің өте мықты тұмсығымен ол кез-келген жауын қорқытып, маңайына жолатпайды. Сонымен қатар ементұмсықтар бау-бақшаға да түсіп, үлкен зиян келтіруі де мүмкін.
Ементұмсық – жыл құсы. Қыс кезінде олар жылы өлкелерге – Марокко, Алжир, Түркия жақтарға ұшып кетеді. Көшу кезінде олар 250 метр биіктікте топтанып та, жеке де ұша береді.

ҚЫЗЫҚ ДЕРЕК

Кәдімгі ементұмсық бар-жоғы 5 жыл ғана өмір сүреді екен. 
Ементұмсықтың тұмсығы 45 килограмм салмақпен қыса алады.
Балапандарына жем тасыған кезде ементұмсық жәндіктерді ұшып жүріп ауадан ұстайды.
Белоруссияда ементұмсықтың атымен аталатын «Дубонос» деген ауыл бар екен. 

742 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы