- Балаларға базарлық
- 29 Қазан, 2021
МАҚТАНШАҚТЫҚ
Дүйсен Мағлұмов
Көшеге ойнауға шығып кеткен Иман көп уақыт өтпей үйге қайтып оралды. Көлеңкеде шынтақтай қисайып, шалғы шыңдап жатқан атасының қасына келді. Түрінде бір мазасыздық бар. Соны байқаған атасы жұмысын тоқтатып, немересіне бұрылғаны сол еді, Иман:
– Ата-оу, – деп қалды.
– Ау, Иманжан, не болды? Тыныштық па? – деді атасы бойын тіктеп отырып.
– Тыныштық, ата! Ата, осы біздің Сырттан қартайып қалды ма? – деді атасы күтпеген сұрақ қойып.
– Иә, балам, Сырттан қартайды. Өзің көріп жүрсің. Бұрынғыдай емес, аз үреді, көп жатады. Тамақты аз жейді. Сенің бір жасыңда кішкентай күшік еді. Содан бері он жыл өтті. Ит бір жылда үш жасқа өседі. Яғни, мұның жасы 40 жылдан асып кетті. Оны неге сұрадың, Иманжан? – деді атасы.
Иман атасына осыдан жарты сағат қана бұрын болған жағдайды баяндай жөнелді.Оқиға былай болған еді...
Иман көшеге шыға салысымен Алмас досының үйіне қарай тартқан. Кеше оған әкесі қаладағы ит базарынан күшік әкеліп беретін болған. Соны көргісі келді. Алмас үйінде екен. Мұның алдынан үстінде қара дақтары бар аппақ күшік көтеріп шықты. Екі езуі екі құлағына жетердей мәз.
– Бұл алабайдың күшігі. Қымбат болса да әкем сатып әперді. Ертең үлкейгенде мынандай болады, – деді Алмас қолымен өзінің кеуде тұсын көрсетіп.
– Аппағын-ай өзінің! Ұстап көрейінші, – деді Иман күшікке қолын созып.
– Жоқ, болмайды. Тек басынан ғана сипа, – деді Алмас күшікті бауырына қыса түсіп. – Иман досына қанша ренжісе де күшікке деген қызығушылығы басым түсіп, оны басынан сипап-сипап қойды. Алмас болса бөсуін қояр емес.
– Мұның аты – Алыпсоқ. Бұл ештемеден қорықпайды. Ертең қасқырларды шетінен қыратын болады. Ауылдағы иттердің атаманы да осы болады. Сенің Сырттаның да мұны көргенде қаша жөнеледі әлі, – дейді ол қызбалана сөйлеп. – Иман бұл сөзге шыдамай кетті де:
– Болды, мақтана бермеші. Сырттан сенің итіңнен қорықпайды, – деді қарсы дау айтып.
– Сырттаның кәрі ғой. Оның қазір түк те күші жоқ.
Алмастың осы сөзінен кейін Иман алды-артына қарамай үйіне кетіп қалды. Досына ренжіп кетті...
Иманның әңгімесін мұқият тыңдаған Ислам ақсақал балалардың қылығына мырс етіп бір күліп алды да:
– Досыңмен ренжіскенің дұрыс болмаған екен, балам. Мұндайда сабыр сақтаған жөн, – деді.
– Өзі ғой бөспе. Кішкентай күшігіне сонша мақтанып, – деді Иман.
– Иманжан, әрине Алмастыкі де дұрыс емес. Осы мақтаншақтық туралы өзіңе көптен айтсам деп жүр едім. Сәті түскен сияқты. Санаңа құйып ал. Мақтаншақтық – жалпы адамға, оның ішінде мұсылманға өте жат қылық. Ол көбінесе өзімшіл, менмен адамдарда кездеседі. Ислам дінінде мақтаншақтыққа жол бермеуге көп көңіл бөлінген. Құран кәрімде, хадистерде ол жайында тамаша айтылған. Бір хадисте: « Адамды құрдымға апаратын екі нәрсенің бірі –мақтаншақтық» – дейді. Біздің ата-бабаларымыз да мақтаншақтықты қатты жек көрген. Ол туралы талай тағлымды мақал-мәтелдер де шығарған. «Мақтанып жүрмей, сақтанып жүр», «Жағымпаз – жасқаншақ, Жаман – мақтаншақ», «Есердің мақтағанынан естінің даттағаны артық», «Мақтаншақ міншіл келеді, Қызғаншақ күншіл келеді». Ал Абай атамыздың: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның білсеңіз» – деп мақтаншақтықты дұшпанға теңегенінің өзі неге тұрады?! Міне, Иманжан, мақтаншақ болудан әркез бойыңды аулақ ұста, жарай ма? Менің айтқандарымды толық ұқтың ғой, – деді атасы немересінің арқасынан қағып.
– Ұқтым, ата!
– Онда ана Алмас досыңды шақырып кел. Онымен өзім сөйлесем.
Атаның айтқаны заң. Алмасты көрместей боп кеткен Иман амалсыз орнынан тұрып сыртқа бет алды. Қақпаға жете бергенде атасы артынан айқайлап:
–Иман, келесі демалыста біз де ит базарына барамыз. Біраздан бері ойлап жүр едім. Сыртанның орнын басар жақсы бір күшік сатып аламыз, – деді.
Өз құлағына өзі сенбеген Иман қақпадан қалай атып шығып, Алмастың үйіне қарай ұша жөнелгенін байқамай қалды.
Суретін салған Ерлан Момбаев
703 рет
көрсетілді2
пікір