• Балаларға базарлық
  • 29 Маусым, 2021

Ақ дегелек

Дегелектер – дегелектер отрядына жататын  құстардың бір тұқымдасы. Олардың әлемде 6 туыстан тарайтын 12 түрі бар екен. Ал біздің елімізді дегелектердің екі түрі ғана мекендейді. Олар – ақ және қара дегелек. Біз бүгін оқырманға ақ дегелек туралы әңгімелеп беретін боламыз.

Дегелекті кейбір зерттеушілер «ләйлік» деп жазады. Ал қазақ халқы оны ежелден «дегелек» деп атап келеді.

Ақ дегелек – Қазақстанда Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында ғана кездеседі. Оның бойының биіктігі – бір метрдей. Салмағы үш жарым, төрт килограмға дейін жетеді. Екі қанатын жайған кезде ұзындығы екі метрдей болады.  Ұшқан кезде мойнын алға қарай созып ұшады. Қанаттарының ұшы қара. Тұмсығы мен аяғы қызыл. Денесінің көбі ақ түсті болғандықтан, ол  «ақ дегелек» атанған болуы керек. Ақ дегелектер ұсақ жәндіктермен, сондай-ақ жыланмен, бақалармен және кемірушілермен қоректенеді.

Соңғы деректер бойынша қазір Қазақстанда 40 – 50 жұптай ғана ақ дегелек бар көрінеді. Жылдан жылға санының азайып бара жатуына байланысты ақ дегелек Қазақстанның Қызыл кітабына енгізіліп, қорғауға алынған. Қазақ халқы дегелекті киелі құс деп есептейді. Оның ұясын бұзуға, жұмыртқасын алуға, атуға мүлде рұқсат етпейді. Сондай-ақ,

ақ дегелек туралы халқымызда көптеген мақал-мәтелдер, аңыз әңгімелер көптеп кездеседі.

Ақ дегелек – жыл құсы. Тамыз, қыркүйек айларында жылы жаққа қоныс аударады. Африка мен Азияның оңтүстігінде қыстап шығады. Наурыз айында бізге қайта ұшып келеді. Дегелектер адамнан көп қорықпайды. Сондықтан да ұяларын адамдарға жақын аймаққа, суы, батпағы, шалғыны бар  жерлерге, көбінесе бағаналардың басы мен үйлердің шатырының үстіне салады.

988 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №9

03 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы