• Әңгіме
  • 04 Мамыр, 2021

Өтірік өрге баспайды

Қорадағы малдың ертеңгі жем-шөбін беріп үйге кірген Ислам ата бірден немересін іздей бастады.
– Имаш, қайдасың? Мұнда келші, балам!
Төргі үйде мультфильм көріп отырған Иман жүгіріп дәлізге шықты.
– Ата, мен үйдемін. Неге іздедіңіз?
– Имаш, сен киініп көшенің басында тұратын Асан ағаңның үйіне барып келші. Ана қара сиыр жем жемей тұр. Ауырып қалған-ау. Соны көріп берсін. Телефон соқсам, алмайды.
«Асан» дегенді естігенде Иман ернін тістей алды. «Қап, енді қайттім? Ажар әкесіне бәрін айтқан болар. Әкесі енді мені оңдырмайтын шығар... Атасына «бармаймын» деп айта алмайды». Оның көз алдына келіп кешегі оқиға тұра қалды. Асан осы ауылдың мал дәрігері. Оның Ажар деген қызы Иманның сыныбында оқиды. Пысық қыз. Сынып төрайымы. Кеше үзіліс кезінде Ажар сыныпта ары-бері жүгіре берген Иманға бірнеше ескерту жасады. Қоймаған соң, қасынан өте берген Иманды нұқып қалды. Иман қалай қарап қалсын?! Бұрылып келді де, парта үстінде жатқан Ажардың әп-әдемі қаламын қолына алып, бар күшімен ортасынан қақ бөлді. Ажар жылап жіберді. «Мен сені әкеме айтамын» деп, бетін басып партасына отыра кетті... Мұның аяғы Иманның апайдан сөгіс алып, Ажардан кешірім сұрауымен аяқталған болатын...
... Иман атасына ештеме сездірместен киініп далаға шықты. Ілгері басқан аяғы кері кетіп, жүрісі өнер емес. Ажардың әкесі бір жағынан шығып қалардай алақ-жұлақ етеді. Зорға дегенде жарты жолға жетті-ау. Дәл осы кезде басына бір ой сап ете қалды. «Атама «үйлері жабық, ешкім жоқ екен» деп айта салсам қайтеді. Ертеңге дейін қара сиыр өзі де жазылып кетер». Өз ойына өзі алданған ол қалай кері бұрылғанын да байқамай қалды. Жолда тағы біраз уақыт өткізіп үйге келді.
– Иә, барып келдің бе? – деді мұны даладан қарсы алған атасы.
– Бардым, ата! Үйлерінде ешкім жоқ, есіктері жабық тұр екен, – деді бұл төмен қараған күйі.
– Бір жаққа кеткен ғой. Түстен кейін тағы бір барып қайтарсың, – деді атасы қора жаққа бұрыла беріп.
Иман үйге кіріп кетті. Арада жарты сағаттай өткенде иттері үріп қоймады. Иман терезеден қарады. Мәссаған! Сыртқы дарбазадан Асан аға кіріп келе жатыр. Иманның екі көзі төрт болды. «Енді қайттім? Өтірігім шығатын болды-ау!» Иман не істерін білмей дал болды. Қайта-қайта терезеге үңіледі. Әне, атасы мен Асан аға әңгімелесіп тұр. Екеуі де «сені ме!» деп, бұған қарап тұрғандай. Иман дәлізге жүгіріп шығып, киіне бастады. Неде болса Асан аға мен атасынан кешірім сұрамақ. Бұл далаға шыққан кезде екеуі қора жақта қара сиырға укол салып жатыр екен. Иман ілби басып қастарына жақындады.
– Ассалаумағалейкум, Асан аға! – деді даусын әрең шығарып.
Мұны көрген Асан аға бірден:
– О, атасының баласы, уағалейкумассалам! Қал жақсы ма? – деп күректей алақанымен арқасынан қағып-қағып қойды. –Түрінде ешқандай ашудың ізі жоқ. Атасына қарады. Атасы да жайбарақат.
– Имаш, үстің жұқа ғой. Тоңып қаласың. Үйге барып, анаңа айт, дастарқан жайсын, – деді.
Бір жағы қуанып, бір жағы түкке түсінбеген Иман үйге қарай зыта жөнелді...
Дастарқан басында да Иманның қылығы туралы әңгіме болған жоқ. Асан аға ертең тағы бір келетін болып үйіне қайтты. Иманның көңілі әлі күпті. «Сонда Асан аға атасына ешнәрсе айтпаған ба?» Өз бөлмесіне кіріп алып осы ойдың құшағында отырған Иманды атасы шақырды.
– Иман, мұнда кел, әңгіме бар, – деді атасы. – Бағанағыдай емес, атасы өңін суытып алыпты. «Е, бәсе, атамнан оңай құтылу қайда?..» деп ойлаған Иман атасына көп жақындамай малдасын құрып отыра кетті.
– Жақынырақ отыр! – деген атасы қасына жақындаған немересінің иығына қолын салып әңгімесін бастап кетті.
– Иман балам, халқымызда «Өтірікшіні сөзінен емес, көзінен таны» деген сөз бар. Мен сенің бағанағы күмілжуіңнен күдіктеніп едім. Күдігім рас болды. Асан ешқайда кетпеген. Үйінде болған. Сен ол үйге бармай, жолда ойнап, қайтып келгенсің. Менің қоңырау шалғанымды көрген Асан маған өзі хабарласты. Ал сен маған өтірік айттың. Біз – мұсылманбыз. Ал ислам дінінде өтірік айту – үлкен күнә. «Өтірік өрге баспайды» дегенді ата-бабаларымыз бекер айтпаған. Өтірік – адамды имандылықтан тайдырады. Ол өзіңе де, өзгеге де көп зиянын тигізуі мүмкін. Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде өтіріктің харам екені көп айтылады. Пайғамбарымыз: «...Өтірік жамандыққа бастайды, ал жамандық тозаққа бастайды...» деген өсиет қалдырған. Қазақ халқы да осы қағидаларды жадында ұстап, ұрпағын әр кез өтірік айтпауға, адал болуға тәрбиелеп келген. «Бал тамған өтіріктен қан тамған шындық артық», Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», «Көргені жаман көпті алдар», «Өтірікші алдымен өзін алдайды» деген тағлымдар осы сөзімнің дәлелі. 
Сен бүгіннен өтірік айтып үйренсең, ертең оны қою қиын болады. Өтірікке жаның құмар болып тұрады. Бұл – үлкен қауіп. Сондай үлкен қауіптен сені дер кезінде құтқармасам, менің қай жерім ата?! Ендеше, өтірік айтудың басы да, соңы да осы болсын. Бұдан былай сенің аузыңнан бір ауыз өтірік естімейтін болайын. Мақұл ма?!
– Ата, кешіріңізші мені! Мен өтірік айтайын деп айтпап едім. Кеше... – дей бергенде атасы мұны тоқтатып:
– Жақсы балам, жақсы! Енді аузыңа абай бол! – деп немересінің басынан сипап орнынан тұрып кетті.
Иман атасының алдында ақтала алмады. Немересінің неге өтірік айтқанын атасы да білмеді. Ажардың әкесіне шағым айтқан, айтпағаны да Иманға беймәлім күйінде қалды.

Дүйсен Мағлұмов 

1061 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы