• Ертегілер
  • 12 Наурыз, 2021

Бақ Құсы

Ертеректе Айдос, Бидос атты екі бала өмір сүріпті. Екеуі көрші, әрі тату дос екен. Айдос өте ұшқыр қимылды, қандай іске болсын икемді екен. Ал Бидос керісінше іс-қимылы шабан, жалқаулау болыпты. Бір күні Айдос досының үйіне келіп:

– Бидос, жүр, ауыл сыртына шығып біраз серуендеп қайтайық, – дейді.
– Бармаймын, өзің бара бер, – дейді Бидос үйінің төрінде жамбастап жатқан күйі.
Айдос оны қоярда қоймай қолтығынан көтеріп тұрғызып, өзімен бірге жүруге әрең көндіреді.
Екеуі аяңдап ауыл сыртына шығады. Көктен күн күлімдеп, жан-жақтан құстар сайраған тамаша кез екен. Екеуі біраз жүрген соң қайдан келгені белгісіз, төбелерінде бір әдемі құс пайда болады. Бір ғажабы, ол құс не биікке, не алысқа ұзап кетпейді. Қолжетім жерде қалықтап ұшып, екеуіне ілесіп отырады. Бір кезде Айдос:
– Мынау бір әдемі құс екен. Бұл неғып қатты ұша алмай жүр. Қане, қуып жетіп ұстап алайық, – дейді Бидосқа.
Бидос болса өзінің жалқаулығына салынып:
– Қойшы, Айдос. Ол құсты не істейсің? Ұстатпайды ол, – депті жүгіргісі келмей.
Айдос жалғыз өзі құсты ұстап алмақшы болып қуа жөнеліпті. Құс біраз жерге дейін Айдосқа жеткізбепті. Бір кезде құс айналып ұшып келіп Айдостың иығына өзі қоныпты. Айдос оны енді ұстай бергенде, құсқа тіл бітіп адамша сөйлей жөнеледі.
– Айдос, сен мені ұстамай-ақ қой. Мен сенің иығыңа өзім келіп қондым ғой. Сен мені жақсылап тыңда. Мен жай құс емеспін. Мен бақ құсымын! Мен өзің сияқты білімді, тілалғыш, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор бола алатын, барлық шаруаны тез әрі тиянақты атқаратын, спортпен шұғылданатын жандардың ғана иығына қонамын. Енді сенің өрісің кеңіп, жолың ашылады. Сен бақытты адам боласың, – деген бақ құсы ілезде көзден ғайып бопты. Бұл жайға қатты таңырқаған Айдос көпке дейін сол орнында тапжылмай тұрып қалады. Асықпай басып оның қасына келген Бидос:
– Мен бәрін көріп тұрдым. Иығыңа қонған құстан неғып айырылып қалдың. Ұстап алмадың ба? – деп, Айдосты қағыта бастайды.
– Бидос, сен ол құстың қандай құс екенін білмейсің ғой. Ол бақ құсы екен, – деген Айдос досына құстың айтқан сөздерін қаз-қалпында айтып береді.
Бұл оқиға Бидосқа қатты әсер етеді. Сол күннен бастап ол да Айдосқа еліктеп кітап оқып, спортпен шұғылданып, жалқаулықтан арыла бастайды...
Кейін екеуі де үлкен азамат болып қалыптасып, еліне қызмет етіп, бақытты ғұмыр кешіпті.
 

1456 рет

көрсетілді

58

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы