• Балаларға базарлық
  • 12 Наурыз, 2021

Өлеңдер топтамасы

Гүлдана ИСАЕВА

Батыр менің күшігім

Қонып еді дәу қарға,
Табағына күшіктің.
Күшік қашып тығылды,
Бұрышына үйшіктің.

Шұқылап жеп тамағын,
Кетіп ед ұшып қарға да.
Күш көрсетіп үріп жүр,
Жүгіріп шығып далаға.

Өзі сондай сүйкімді,
Батыр менің күшігім.
Бола қалса бір жағдай,
Тез табады үйшігін.

Мен туған ай

Бозторғай ән құрап,
Тау суы сарқырап.
Сағынтып жетті ғой,
Гүл көктем жарқырап.

Күн күліп көгінен,
Шуағы төгілді.
Айнала әсем үн,
Көтерді көңілді.

Оралып құстар да,
Бөлендік шаттыққа.
Қорада мал төлдеп,
Жеттік қой аққа да.

Салт-дәстүр бас қосқан,
Наурыз – той, жыр-дастан.
Шырқалған ән-күйден,
Жаңғырып тұр аспан.

Мен туған  наурыз ай,
Елге құт, тойға бай.
Жыл басы – береке,
Гүл толған қыр мен сай.

Көктем қандай тамаша!

Аспанда бұлттар дүркіреп,
Найзағай шықты күркіреп.
Артынша көктен нұр болып,
Жаңбыр да жауды сіркіреп.

Жаңбырым жауған асығып,
Сәлден соң қалды басылып.
Кемпірқосақ шықты әдемі,
Доға боп тұр ғой асылып.

Аспан шайдай ашылып,
Күн нұры көктен шашылып.
Жіберді жерді жайнатып,
Көңілдің бұлтын қашырып.
 
Қыстай жатып демалған,
Жер беті бүгін оянған.
Күн көзімен құлпырып,
Тамаша түске боянған.

Қуантпақшы әжесін

Кіп-кішкентай Құралай,
Үйде тыныш жүре алмай.
Қуыршағын тауып ап,
Ақыл айтты бірталай.

Әрі-бері билетіп,
Білгендерін үйретіп,
Жетелеп жүр өзінше,
Қуыршағын сүйретіп.

Дайындалып осылай,
Мерекеде әжесін,
Қуантпақшы биімен,
Ішіп наурыз көжесін.

 

 

806 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №9

03 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы