• Мерейтой
  • 12 Наурыз, 2021

Қазақтың белгілі ақын қызы Қатира Жәленова 70 жаста

Сүйкімді кішкентай достарым! Мен де өздерің секілді бала күннен бастап «Балдырған» журналын қызығып оқып жүріп өстім. Өлеңге құштар боп, есейе келе ақын болдым. Бірнеше жыр жинақтарым жарық көрді. Сендерге де арнап өлең жаза бастадым. Тәжік ақыны Гүлчехра Сүлейменованың «Қырық бұрым» атты балаларға арналған кітабын қазақша сөйлеттім.
Әдебиетке құштарлығым арқылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жас ақын-жазушылардың кеңесіне, Түрік дүниесі поэзиясы ІІ-фестиваліне қатыстым. Республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Абайдың 150 жылдығына арналған  ақындар мүшәйрасының жүлдегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атандым.
Сендер де өздеріңе сүйікті «Балдырған» журналына әрдайым жазылып, үйге алдырып оқып жүрсеңдер, көп нәрсе үйреніп, жетістіктерге жетесіңдер. Бәріңді «Балдырғанмен» дос болуға шақырамын!

 Қатира апаларың.

Қатира ЖӘЛЕНОВА

Күзгі жапырақ

Бар асылын шашып ап,
Жабырқайды атырап.
Қалбаң қағып құлайды,
Тал басынан жапырақ.

Жер бауырлап жатып ап,
Жыламашы, жапырақ!
Ораларсың 
Көктем кеп
Оянғанда атырап!

СЫР КҮРІШІ

Қандырып көз құрышын,
Тасытқан ел ырысын,
Көріп пе едің көзіңмен
Сырдың аппақ күрішін?

Топырақта – құнары,
Атыздарда – тұрағы,
Қашан көрсең, өн бойын
Суға малып тұрады.

Қара судан төсегі,
Тағдырын су шешеді.
Жас сәбидей тым нәзік,
Әлжуаз боп өседі.

Түптеген соң аса нық,
Дән байлайды бас алып.
Көк теңіздей толқиды,
Бойын түзеп жасанып.

Көтере алмай салмағын,
Енді оруға ол дайын.
Атыздарға түседі
Қатар түзеп комбайн.

Ерлеп еңбек ерені,
Жаз бойы тер төгеді.
Еңбегінің жемісін
Күз келгенде көреді.

ТІРШІЛІК

Күн шықты!
Күн шықты,
Қытықтап бүршікті.
Шуағын аямай,
Кептіріп жүр шықты!

Оянып бар аймақ,
Таң атты арайлап.
Түн кетті
Қия алмай,
Артына қарайлап.

Бозторғай жырлады:
– Ұйқыңнан тұр, кәне!
Туды, – деп, – жаңа күн, –
Салтанат құрғалы!

Болашақ хабарын
Өзіңнен аламын!
Армысың, тіршілік!
Армысың, жаңа күн!!

КІРПІМЕН СЫРЛАСУ

Кірпі:      
– Үстім толы ине,
Тиме маған, тиме!
Аямаймын тисең,
Алам сені түйреп!

Бала:     
– Жауың емес адам!
Зияным жоқ саған!
Домаланбай, кірпі,
Сенгенің жөн маған!

Далада аяз... суық,
Суықты сен ұмыт!
Ап кетейін үйге,
Өн бойыңды жылыт!

Сүт ішесің күнде,
Жаурамайсың мүлде!
Жасап берем үйшік,
Сен ұйықтайтын түнде.

Айнала қыс... қара!
Көктем келсін жаңа.
Кетесің ғой үйден,
Жылынған соң дала...

Бұршақ

Тоқта,
Бұршақ!
Жер-көкті сабалама!
Сабалама,
Бау-бақты аралама!
Алма ағаштың
Мезгілсіз гүлін төгіп,
Жапырағын
Шұрқ тесіп жаралама!

Тоқта, 
Бұршақ!
Қой, енді ерегіспе,
Ерегіспе,
Жолама сен егіске!

Диқан ата
Дән сеуіп жатыр онда,
Кесіріңді тигізбе
Ерен іске!
Тоқта, бұршақ!!!

Қызылорда қаласы.

 

 

359 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Кенже

18 Тамыз, 2020

Ағаларымыз өте белсенді, прям кушти ағайлар. Сиздерге көп көп рахмет. Билмейген нарселерімді сиздер уйретиниздер. Сиздерге мың алғыс. Биік биік белестерден көріне беріңіздер. Рахмеет. 🥰❤Ұмытпайм сиздерди. ❤

Редактор блогы

Дүйсен МАҒҰЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы