• Балаларға базарлық
  • 12 Наурыз, 2021

Қанағат

Дүйсен Мағлұмов 

Бүгін таңертең таудағы шабындық жерін көруге кеткен Ислам ата көңілді оралды. Үйге кірген бетте:
– Иманжан, шабындық белуардан келіп, жайқалып тұр. Шөбі қалың. Бұлақты сайдағы қарақат та пісіпті, – деді қуанышын немересімен бөлісіп.
– О,о,о!.. Қандай керемет! Ата, қарақат теруге қашан барамыз? – деп, Иман атасының қасына келіп отыра кетті.
– Ертең әкең екеуміз шөп шабуға барамыз. Сені де ана екі досыңмен қоса ала кетейік. Олар да үйлеріне қарақат теріп алсын. Қазір сен Алмас пен Мәлікке хабарлас. Олар ертең тауда ішетін ас-суларын, қарақат теретін бір-бір шелегін дайындап қойсын, – деді Ислам ата немересінің сұрағына іле-шала жауап беріп.
«Шын ба, өтірік пе?» дегендей, атасына жымың-жымың қараған Иман тұра салып далаға зытты. Қуанышында шек жоқ. Өйтпей ше? Достарына мақтанып тау мен қарақат жайлы біраз нәрсе айтып қойғалы қашан! Тіпті, оларды қарақат теруге өзім алып барамын деп уәде беріп, қызықтырып та қойған. Міне, енді атасының мұның ойынан дөп түсіп отырғанын қарашы! «Менің атам күшті ата ғой...» Өз ойына өзі мәз болған Иман Алмастың үйінің қасына қалай жеткенін байқамай да қалды...
Үш дос бас қосып, біраз кеңесті. Кім қандай тамақ, қандай сусын алатынын, не киетінін айтып жатты. Қарақатты көп теріп келіп, аналарын қуанту үшін әрқайсысы үлкен-үлкен екі шелектен алатын болып тарасты.
Үйге келе сала Иман арқаға асатын жол қапшығын дайындауға кірісті. Бірін алып, бірін салды. Тәттілерді де, сусындарды да молынан алды. Әжесі де сұрағанын беріп жатыр. Ол аздай әжесі: «Таңертең ерте тұрып, бір қазан тамақ істеп қоямын» – деді. Осының бәрін сырттай бақылап отырған Ислам ақсақал немересінің қылығына күліп:
– Сен бір аптаға жететін азықты бір-ақ салып алдың ғой. Ертең соның бәрін тауыспай, босқа тастайсыңдар. Қанағат керек, қанағат,– деді де қойды.
Қызық таңертең болды. Үйден тыңқиған қапшығын арқалап, екі қолына екі дәу шелек көтеріп Иман шықты. Оны көрген атасы:
– Иман-ау, екі шелекті бірдей не қыласың? Біреуі де жетеді. Қарақат алма емес. Бір шелекті толтырудың өзі үлкен жұмыс. Қане, бір шелекті қалдыр, – деді. – Иман атасына не десін? Бір шелекті әжесіне ұстатты да өзі мәшинеге отырды. Қос шелекпен шыққан Алмас пен Мәлікте де бір-бір шелек қалды.
Тау табиғаты қандай тамаша! Сап-салқын. Жап-жасыл. Бір түйір шаң жоқ. Иман ата балаларды сайдың күнгей жағында өсіп тұрған мол қарақаттың қасына ертіп апарды.
– Ал, балалар, қарақатты тере беріңдер. Бірақ ағашты сындырмай, ұқыпты теріңдер. Біз Жұма екеуміз анау жазық жердің шөбін шабамыз. Екі сағаттан кейін бізге келіңдер. Түскі ас ішеміз, – деді.
Екі сағат тез-ақ өте шықты. Көк майсаның үстіне дастарқан жайылып, бәрі түскі ас ішуге отырды. Балалар да, үлкендер де әкелген тағамдарымен дастарқанды толтырып тастады. Тамақ ішіп бола бергенде Ислам ата:
– Балалар, қарақат көп пе екен? Кешке дейін шелектерің тола ма? – деді.
– Енді бір сағат терсек шелегіміз толады. Бағанағы шелектерді қалдырмағанда оларды да толтыратын едік. Қалғанын басқа біреулер теріп кететін болды, – деді Иман бәрінен бұрын жауап беріп.
– Айтқаның жөн, қарағым. Бірақ адам ашкөздікке салынбау керек. Басқа біреу алса алсын. Табиғаттың сыйы бәрімізге жетеді. Міне, дастарқандағы тағамдардың жартысы желінбей қалды. Енді тастауға тура келеді. Бұл – ысырап. Сондықтан адамға қанағат керек, қанағат! –Осылай деген ата біраз ойланып отырып қалды. Тыныштықты тағы да Иман бұзды.
– Ата, осы қанағат деген не? Түсіндіріп беріңізші! – деді.
– «Қанағат» – араб сөзі. Қазақша мағынасы «барына разы болу» дегенді білдіреді. Бұл – ашкөздікке, тойымсыздыққа салынбау, байлықтың құлы болмау, азға шүкіршілік ету деген сөз. Ислам діні бізді қанағатшыл болуға үндейді. Құран Кәрімде де қанағат туралы айтылатын аяттар бар. Қанағатсыз болуды әшкерелейтін хадистер де жетерлік. Біздің қазақ халқы қанағатшыл халық. Оған ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен көптеген мақал-мәтелдері куә. Мысалы, «Қанағат қарын тойғызар, Қанағатсыз жалғыз атын сойғызар», «Қанағат қылсаң, қарын тоқ», «Өзі тойса да көзі тоймайды», «Тарта жесең тай қалар, Қоя жесең, қой қалар, Қоймай жесең не қалар!?» деген сөздерде қандай ұлағат жатыр.  Сендер де қанағатшыл болыңдар. «Бәрі де менікі болсын» деген ашкөздіктен аулақ жүріңдер, қарақтарым! – деп әңгімесін аяқтаған Ислам ата балаларға мейірлене көз тастап өтті.
Балалар да «түсіндік, ата» дегендей, көздерімен жер шұқып, бастарын изей берді... 

511 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы