• Әңгіме
  • 12 Наурыз, 2021

Төбет

Нұрғали  ҚАДЫРБАЕВ
Сырымның иті бар.Үлкен. Басы қазандай. Сүп-сүйкімді. Қаппайды. Адамдарға ұмтылмайды. Ғажап-ақ.
– Итіңді әрірек ұсташы. Түрінен адам қорқады, – деді Балабек.
– Иттің аты – ит. Байлап қойсаңшы,– деді Әріпбек.
– Бұл әлі нағыз ит емес. Алты айлық күшік қана, – деді Сырым.
– Қойшы-ей, Сырым. Алты айда мұншалықты үлкен болса, бір жылда сенімен бойы бірдей болады екен ә! – деп Балабек итке қарап таңданысын жасырмады.
– Рас айтамын. Бұл – болашақ төбет. Екі жасқа дейін өседі. Аяғы бұдан да жуандай түседі. Көресің әлі, – деді Сырым атасынан естігенін өз достарына айтып.
Осы сәтте қырдан Сырымның атасы түсіп келе жатты. Соңынан ерген жүз шақты қой. Атасының қолында таяқ. Иығында шапаны. Басында күннен қорғар киіз қалпақ. 
Атасы топталып тұрған Сырым, Балабек, Әріпбектің жанына келді.
Төбет күшік атайға қарай ұмтылды. Жанына барып, еркелей бастады. Сырымның атасы күшіктің басын алақанымен сипады.
– Бүгін түнде төбеттерді қой күзетуге қоямыз,– деді атасы Сырымға. – Қойлар қора ішінде жатқаннан гөрі сыртта, қыр үстіне шықсын. Түнде жайылып, тойынған соң сол тұсқа үйіріп қоямыз. Әрі қора таза болады.
Атасы үйге беттеді. Сәлден соң:
– Балалар, – деді соңына қарайлап,– төбет иттер үйіміздің құты. Қойларды күзетеді. Оларды екі елі шетке шығармайды. Қасқырлар төбет иттер барда ауылға мүлдем жақындамайды. Көрдіңдер ме, анау жуан балтырларын. Кеудесі қандай кең. Ана кеудемен қаққанда қасқырдың бел омыртқасы үзіліп кетеді. 
– Ата, – деді Әріпбек, – неге бұл итті төбет деп атайды? Мағынасы нені білдіреді?

– Дұрыс, балам. Сауалыңа жауап берейін, – деген ата енді оларға қарай ықыластана бұрылды. – «Төбет» деген сөз төбе ит деген сөзден пайда болған. Төбеттің қасиеті сол, ешуақытта ол үйдің алдында жатпайды. Үйді, оның айналасын төбеде жатып қориды. Содан төбет аталып кеткен.Төбе ит қой бұл. Сол сөз қысқарып, оңай айтуға бейімделіп, төбет аталып кеткен.
Атасы үшеуіне зер сала қарады. Содан соң ләм-мим деместен үйге қайтадан бет түзеді.
Сырымның қолындағы жіпке байланған төбет күшік те атаймен бірге ере кеткісі келгенді. Жіпті тартқылап, бұлқынды. Сырым бірақ оған ерік бермеді.
Үй сыртындағы қырдың төбесіндегі қойлар шашау шықпай жайылып жүр. Олардың екі жағында осы үйдің екі үлкен төбеті жүр. Олар жаңа атайға еріп қыр үстінен төмен түскен жоқ. Өз орындары осы төбе екендігін ұққандай төменге анда-санда бастарын бұра қараса да, сол маңайдан еш қозғалмады.
– Төбе ит десе, төбе ит екен, – деді Балабек әлгінде ғана Сырымның атасы айтқан сөздерді пысықтай қайталап.
– Төбет асыраймын мен де, – деді Әріпбек Сырымның қолындағы жіпке байланған төбеттің етжеңді жалпақ беті мен дәу тостақтай домалақ басын аялай сыйпап. – Қандай рақат жанында тұрғанның өзі. Қорқыныш дегеннің өзін мүлдем ұмытып кетеді екенсің осындайда. 
– Анау-мынауға бостан-босқа үрмейді де. Балпаң-балпаң басқан жұп-жуан аяқтарын қарашы. Және де жон арқасының өзі қамырдай қалың. Қолың батпайды, – деді Сырым да төбет күшігіне ынты-шынтымен риза болып.
 
Шымкент қаласы.

556 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы