• Мерейтой
  • 11 Ақпан, 2021

Бексұлтан Нұржекеұлы 80 жаста

Бала-шағасын ана тілін жақсы біліп, білімді, ойлы, зерделі болсын деген адам «Балдырған»  журналынсыз оны жүзеге асыра алмайды. Өйткені қазақша тілі шыққан бала осы журнал арқылы ғана тілін дамытып, одан рухани нәр ала алады. Сондықтан мен балаларға арнап жазған шығармаларымды осы журналда жариялағанды өзіме құрмет санаймын. Және балаларға арнап шығарма жазуды, басқа ел жазушыларының қызықты әңгіме, ертегілерін  қазақ тілінде сөйлетуді осы уақытқа дейін ұлтыма қызмет етудің ең абыройлы түрі деп түсініп келдім, әлі де солай түсінемін.
80 жасқа келгенде де балдырған балаларыма әңгіме арнауымның ең басты себебі де сол.
Менің немерелерім мен шөберелерім сияқты барлық қазақ балаларына: «Аман болыңдар, айналайындар! Жақсы оқып, ел қамын ойлайтын үлкен азамат болыңдар!» – деп, аталық ақ батамды беремін.  
Бексұлтан аталарың

Аңшы ата  мен ақылшы немере
 
Атасы сексенге келгенде, немересі Гүлсүй тоғызға толды.
– Қызыма қоян атып әкелейін, – деді атасы Гүлсүйді туған күнімен құттықтап.
– Мен де бірге барайыншы! – деді Гүлсүй атасын құшақтай алып.
– Жарайды, жүре ғой. Бірақ жеңіл киін. Қоянды іздеп қырға шығамыз, ойға түсеміз, шаршап қаласың.
– Түк те шаршамаймын. Түргентоғайға барайықшы, ата! Онда орқоян  бар деп едің ғой.
– Барсақ, барайық. Бүгін сенің айтқаныңның бәрін орындаймын, қызым.
– Әже, естідің ғой, ә?
– Нені, қалқам?
– Атам маған: «Бүгін сенің айтқаныңның бәрін орындаймын», – деді.
– Дұрыс. Атаң ғана емес, бүгін бәріміз сөйтеміз, қарғам.
Түргентоғай – өте үлкен тоғай. Түрген өзенінің екі жағасын жағалай өскен қалың ну. Басы Қашама асуынан басталып, етегі Іле дариясына дейін созылып жатқан ұзын тоғай. Аң мен құстың ең көп жері – тау жағы. Атасы солай қарай тартты.
Екеуі тоғай жағалап өрге қарай аяңдады. Сонан соң бір шоқыға шығып, атасы дүрбі салды. Тау жақты, ой жақты, тоғайдың арғы шетін, бергі шетін – бәрін асықпай, ұзақ қарап шықты.
– Бұдан ары қарай өрлей берсек, кейін қайтуымыз қиын боп жүрер. Осы арадан тоғайға кірейік. Мә, қарашы, алдымызда дәу жартас тұр, соған қарай жүрейік, – деп, Гүлсүйге дүрбісін ұстатты.
Жартасты дүрбі дәл жанында тұрғандай көрсетті. Ең үстінде алақандай жазық жер бар екен. Соған шығып, айналасына тағы дүрбі сап қарағысы келді.
– Кеттік, ата! – деді қуанып.
Тоғайдың шеті тік жар екен, атасы мен немересі жалғызаяқ жол тауып, тоғайдың ішіне әрең кірді.
– Ал енді ақырын жүріп, ақырын сөйлесейік, – деді атасы. – Жабайы аң өте сақ келеді, дабырымызды естісе, жанына жақындатпайды.
Екеуі ыммен ғана ұғысып, жартасқа қарай жүрді. Бір кезде өзеннің сарыны анық естіле бастады. 
Кенет алдарынан жорғалап қырғауыл шықты.
– Қоразы екен, қазір, – деді атасы мылтығын кезене беріп.
– Ата, атпа! – деді Гүлсүй атасының етегінен тартып, – Аңдарды үркітесің.
Қырғауылдың қызыл қошқыл қауырсынына Гүлсүй қызыға қарады. Таңның қызыл-жасыл шапағындай жалт-жұлт етеді. Сондай сұлу құсты атасының ата салмағанына іштей риза болды. Тағы біраз жүрген соң, екеуі шағын алаңқайға тап келді. Шалғыны тізеден аспайтын ашық жер екен. Қалың ағаштың арасынан шыға келгенде, кісінің көзі дем алады, қандай әдемі!
– Ой, ата! – деп, Гүлсүй таңдана бергенде, тау жақ іргеден едірең етіп бір қоян шыға келді. Бұлт-бұлт секіріп, шөптен бойы бір көрінеді, бір көрінбейді. Енді қалай қарай секірсем екен деді ме, кенет ойланғандай, тоқтай қалды. Қайта-қайта жалтақтап, арт жағына құлағын тіге қарады. Атуға ыңғайланып, атасы мылтығын кезене берді.
– Ата, атпашы! – деп, Гүлсүй атасының қолынан шап берді. Қоян зыта жөнелді.
– Гүлсүйтай-ау, қолда тұрған қояннан айырылып қалдық қой, мұның не?
– Қоянды аяп кеттім, ата. Қорқып, қайта-қайта артына қарай береді. Оны, сірә, өзінен үлкен бір аң қуып келе жатқан болу керек. Соны атайық та одан да.
Атасы ойланыңқырап барып, ақыры соған көнді.
– Оның да орынды шығар, – деді келісіп.
Мылтығын иығына қайта асып, атасы енді ілгерілей бергенде, тау жақтан тағы бір аң қылаң ете қалды. Түлкі екен. Алаңқайға қарай аттамас бұрын артына екі-үш қайтара жалтақтап алды. Не ілгері жүрмей, не кері бұрылмай, бір орнында бүгежектеді де қалды.
– Әп, бәлем, сен қу екенсің ғой қоянды қуып келе жатқан! – деп, атасы оқтала бергенде, Гүлсүй атасының қолынан тағы шап берді.
– Ата, атпашы!
Адамның дауысын естіп, түлкі алаңқайды айнала қашты.  
– Қап, қызым-ай, қолымды бекер қақтың-ау! Дәл құлақ шекеден көздеп едім. 
– Ата, «Бүгін айтқаныңның бәрін орындаймын», – дегенсің.
– Дегенде де, түк аң атпаймын деген жоқпын ғой?
– Әлі атасың, ата. Көрдің ғой жаңа, түлкі де қайта-қайта артына қарай берді. Демек оны да өзінен үлкен бір аң қуып келе жатқан болу керек, соны күтейік.
– Ойбай-ау, қашанғы бұлардың бірі қашып, бірі қуа берер дейсің. Аузымыз аңқиып, ататын аң таба алмай, апаңа құрқол қалай қайтамыз.
– Қазір ең үлкенін атасың, ата.
Айтқанындай, түлкі шыққан жақтан алаң-жұлаң етіп, ақ сұр қасқыр шыға келді. Алдына бір қараса, артына екі қарайды.              
– Бұл да бір дәуден қорқып келеді екен, – деді атасы қызына әзілдеп.  – Артына қарайлай береді.
Иә, ата, мұны да атпа. Тек қорқытайық. Әй, қасқыр, қаш!
Жап-жас қыздың «қаш» дегеніне намыстанғандай, қасқыр бұларға бұрыла ырылдап, тісін ақситты. Соның арасынша арт жағынан «бө – ө» деген өктем өкірік естілді. Қасқыр алды-артына қарамай зыта жөнелді.
– Өзінен зор шығып еді, қарашы, аюдан қорқып, қасқыр да қоян бола қалды, – деді атасы күліп. – Аюдан біз де қашамыз ба, қайтеміз, қызым?
– Қашпаймыз.
– Е, неге?
– Өйткені біз одан күштіміз.
– Қалайша?
– Ақылымыз бар, мылтығымыз бар, ал аюдың ашуынан басқа несі бар?
– Онда атайын ба оны?
– Жоқ, атпа! Көрдің ғой, қасында мен құсаған қонжығы бар екен, обал болады.
– Иә, аюдың ұрғашысы, кірекейі екен, атпайық. Бірақ көзіне көрінбейік.
Қонжығын қорғаймын деп, бізге қарсы шауып жүрер.

Екеуі қалың шырғанақтың түбіне отыра кетті. Кірекей қонжығын ілестіріп, қасқырдың соңынан кетті.
– Ал, қызым, ауылға құрқол қайтатын болдық. Апаңнан ұят болатын болды ғой, – деді атасы Гүлсүйге.
– Мен түсіндірсем, әжем бізге ренжімейді.
– Ал сен не деп түсіндіресің?
– Бір кезде жер бетінде аң мен құс көп болған. Адам соларды жеп күн көрген. Ал қазір адам көбейді, аң мен құс азайды. Жануарлардың заңы бойынша, әлі жеткені әлсізін жеп қояды. Ал жануарлардың ең күштісі әрі ақылдысы – адам. Сондықтан ол өзінен басқа жануарларға ақылмен қараса, аң мен құс әлі жер бетінде ұзақ сақталады. Сол себепті адам аң мен құсты қалай болса солай қыра бермеуі керек. Біз сөйттік десем, әжем қайта біздің қылығымызға қатты риза болады. 
Атасы немересінің сөзіне басын ұзақ шайқады, үндемей күлімсіреп, Гүлсүйге сүйсіне қарады.
– Балапаным-ау, мұның бәрін саған кім үйретті?
– Гүлжанат апай мен Гүлжауһар апай бізге сабақ үйреткенде, екеуі де солай деген.
– Апайларың ақылды екен. Бірақ екі ортада мен өз уәдемді орындай алмай ұятқа қалдым ғой. Немересіне сыйлық бере алмаған ата қандай ата болады?
– Сен жақсы атасың. Менің айтқанымды орындап, әуелі қырғауылды атпадың, сонан соң қоянды, одан кейін түлкі мен қасқырды аман жібердің, ақыр аяғында аюдың кірекейін атпай, оның қонжығын жетім қалдырмадың, соның бәрін менің сөзімді тыңдап істедің. Одан артық маған қандай сый сыйлауың керек, ата!
Атасы Гүлсүйді құшақтай алып, маңдайынан сүйді.
– Ақылыңнан айналайын, алтыным! Атаң енді бұдан былай ешқашан аң атуға шықпайды.
 

710 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы