• Ертегілер
  • 11 Ақпан, 2021

Патша қызының өлімі

Бір патшаның баласы болмапты. Патшайым екеуінің бар арманы бір перзент сүю екен. Үлкен елге билігін жүргізіп отырған адамның ақылды болатыны белгілі. Патша іштей уайымдағанмен, ел-жұртына сыр білдірмепті. Қашанда кішіпейіл қалпынан жаңылмапты. Бірақ Патшайым Құдайға жалбарынып, күні-түні бала сұрай береді екен. 
Бір күні патша түс көреді. Түсіне ақ сақалды әулие кіріп, аян береді. «Балам, сендер бір перзентке зар болып жүрсіңдер. Бұл – Құдайдың сендерге жіберген сынағы еді. Сен шыдамдылық танытқанмен, әйелің күні-түні жалбарынып, перзент сұрап жүр. Алланың рақымшылығы түсіп, сендер қызды болатын болдыңдар. Бірақ сынақтың аты – сынақ. Оны ешкім жоя алмайды. Дүниеге келетін қыздың бойына ауыр сырқат бітеді. Сол дерттен ерте қайтыс болып кетуі де мүмкін. Абай болыңдар, дертін дендетіп алмаңдар». Таңертең оянған Патша: «Апырым-ай, бұл не деген таңғажайып түс еді» деп таңғалады. Патшайым екеуі бір қуанады, бір мұңаяды. Дегенмен, басқа салғанды көруге бел буады.
Тоғыз ай, тоғыз күн өткенде Патшайым дүниеге сүйкімді нәресте алып келеді. Қыздан ешбір сырқат белгілері білінбейді. Оны көрген Патша мен Патшайымның, бүкіл халықтың қуаныштарында шек жоқ. Себебі ел-жұрты әділ Патшаны және оның отбасын өте жақсы көретін.  
Патшаның қызы ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу болып өседі. 
Патша кейде қызына мейірлене көз тастап отырып баяғыда көрген түсін есіне алатын. Ол түстің жай нәрсе емес екенін білетін. Бірақ қызының бойынан ешбір ақау таба алмай дал болатын. Аянда айтылған қандай дерт ол? Қызы биыл он үшке шығады. Дені-қарны сау, жайқалып өсіп келеді…
Қанша дана болса да, патша бір нәрсені байқай алмаған еді. Ол қызының бойынан тек тән дертін іздейтін. Денсаулығына ғана алаңдайтын,  Емші-балгерлерге қаратып, бойындағы бар өзгерісті үнемі қадағалап отыратын. Бірақ ол бір нәрсені көңілден де, көзден де қағыс қалдырған еді. Ол  – қызының жан-дүниесі болатын. Қыз ерекше қызғаншақ, көрсеқызар еді. Дүние мен ішім-жемнен таршылық жоқ патша отбасында оның бұл мінезі тіпті байқалмады. Себебі ол қалаған  затына сол сәтте иелік ететін. Өзінен төмен жандарды адам деп қабылдамайтын. Оның бұл мінезі де ешкімге оғаш көрінбеді. Себебі ол Патша қызы ғой. Әу бастан жаратылысы бөлек, санаты биік. Кез-келген дімкәстік ұлғая келе бәрібір сыртқа атылады. Бұнда да солай болды.
Бір күні Патша сарайында бір келеңсіз оқиға орын алды. Қызға ән үйрететін кемпір сол күні сабаққа алтын білезік тағып келеді. Өте әдемі безендірілген алтын білезік патша қызына қатты ұнайды. Білезіктен шынымен жан-жағына нұр тарап, айналаны ерекше сәулелендіреді екен. «Білезігіңіз неткен әдемі еді, тағып көрейін» деп сұрайды қыз кемпірден. Ұстаз кейуана ойында ешнәрсе жоқ, білезігін Патша қызына ұстатады. Қыз білезікті тағып көріп, әрі-бері айналдырып, әбден қызығады. Басында «қызыққанымды байқаса, өзі сыйлай салар» деп дәмеленген еді. Бірақ кемпір білезіктің шешесінен қалған жалғыз көз екенін және оның сиқырлы екенін айтады. Егер басқа жанның иелігіне өтсе, оған бақытсыздық әкелетінін айтып түсіндіреді. Кемпірдің білезікті бермейтінін ұққан қыз шыңғырып жіберіп, жер тепкілейді. Келген күзетшілерге кемпірдің өзін өлтірмек болғанын айтады. 
Бұл уақиғаны естіген халық жағасын ұстайды.  
Сол күні-ақ кеш батпай ұстаздың басы шабылады...
...Осы оқиғадан соң көп ұзамай Патша қызының әлдебір белгісіз дерттен көз жұмғанын әңгімелеп жату артық болар… Көрсеқызарлығы мен менмендігі кішкентай арудың түбіне жетіп тынған еді...
Патша мен Патшайым көп жылайды. Күндердің бір күні өз-өздеріне келіп, тағдырдың ауыр сынағына төзімділік танытады. Елдеріне әрі қарай адал қызмет етеді. Дегенмен олар қыздарының қандай дерттен құрбан болғанын ақыры түсіне алмаған еді…

Мадина Омарова

936 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы