- Балаларға базарлық
- 20 Қаңтар, 2021
Өлеңдер топтамасы
Ақылбек ШАЯХМЕТ
Хайуанаттар бағында
Келген жұртқа айбат шегіп алыстан,
Жуан мойнын күжірейтті арыстан.
Жүр осында үсті жолақ жолбарыс,
Аю да бар тырнақтары бір қарыс.
Қорқынышты әрі сұсты көрінген,
Жылан жатыр қамшы-сынды өрілген.
Маймыл біткен сайран салса желігіп,
Сусиырлар алыпты әбден семіріп.
Жыршы құстар құйқылжытып сайрайды,
Тотылардың жағы бір сәт талмайды.
Қасқыр жүрсе азу тісі ақсиып,
Бүркіт отыр тұғырында қақшиып.
Отыр қонып ителгі мен лашын да,
Құлан менен бұлан да жүр осында.
Таудай болып көрінетін алып піл
Бар назарын аударғаны-ай халықтың.
Қандай ғажап Кенгуруға қарашы,
Қалтасына салып апты баласын.
Алуан түрін көріп тағы аңдардың,
Түр-түсіне, қылығына таң қалдым.
Денезор
Суретінен сескенем,
Алып хайуан – дене мол.
Тек тұқымы өспеген,
Динозавр – денезор.
Зіл
Қатар жүрген пілменен,
Мамонтты қазақ піл деген.
Қазір оның қаңқасы
Мұражайда тұр дер ем.
Сусиыр
Құлақтары төбеде,
Көрінетін дене көп.
Шалпылдатып келе ме
Күн ыстықта бегемот.
Таңырқап бұл ғажапқа,
Суда жиі қап қойған
Бегемотқа қазақтар
Сусиыр деп ат қойған.
Піл
Тұлғасы зор келіскен,
Дәм татады жемістен.
Тұмсығымен тамақ жеп,
Тұмсығымен су ішкен.
Пілді неге піл дейміз,
Басқан ізі – зіл дейміз?!
Оның, бірақ, тышқаннан
Қорқатынын білмейміз.
Арыстан
Азулары қарысқан,
Аң патшасы – арыстан.
Ақырғанда дауысы
Естіледі алыстан.
Жолбарыс
Үсті жолақ жолбарыс,
Тырнақтары – он қарыс.
Ол жолыққан хайуанға
Қиын болар жанбағыс.
Қасқыр
Көрген кісі қасқырды,
Дейді: «Адамға қас қылды!»
Тамақ керек жыртқышқа,
Алдында жоқ ас түрлі.
Екі көзі жалақтап,
Кетсе тілі салақтап,
Қойға шапса, көбісін
Кетеді екен тамақтап.
Бұғы
Ну орманда жол ашқан,
Маңдайына жарасқан,
Қайқы біткен мүйізі
Айнымайды ағаштан.
776 рет
көрсетілді0
пікір