• Балаларға базарлық
  • 20 Қаңтар, 2021

ҚАРАҚШЫ

Қыстың күні – қысқа. Екінші ауысымда оқитын Елдос пен Жандос сабақтан қайтқанша қараңғы түсіп кетеді.
Міне, бүгін де екеуі мектептен шығып, үйге апаратын жолға түсті. Аралық біршама жер. Ортада өтетін ені ұзын өзек бар. Соның арғы қырына шықса – үйлері қол созымда.
– Тоқта, – деді алда келе жатқан Елдос кілт тұра қалып. – Анау не?.. Жолдың шетінде бірдеңе қараяды...
– Қане? – деді кеудесімен оны қаға барып тоқтаған Жандос екпінін зорға тежеп.
– Әне, – деді Елдос қолымен алдыңғы жақты нұсқап. – Анау өзектің арғы жиегінде, ана Бекет атаның қорығының шетінде тұр ғой.
Елдос отыра қалып, анық көріне ме дегендей еңкейіп, төмен жақтан үңілді.
– Көрінбейді... не екені анық танылмайды, – деді Жандосқа жүрексіне қарап.
– Көрдім, – деді Жандос сонда барып байқағанын білдіріп. – Бірдеңе тұр. Өзі қозғала ма, қалай?
– Иә, сөйтетін сияқты... – деді Елдос оның сөзін қоштап. – Не істейміз енді?
– Білмеймін. Жүре берейік те...
– Онда сен алдыға түс...
– Жоқ. Мен қорқам...
– Онда неге жүре берейік дейсің?
– Сен жүрсең, артыңнан жүрейін дегенім ғой...
– Қуын қарай көр өзінің... біраз күтейік. Сәлден соң біреулер келіп қалар арттан. Соған ілесейік.
– Күн суық қой... мұздап қалмаймыз ба?
– Енді басқа амал жоқ қой. Әлде алдыға түсіп, жол бастайсың ба?
– Жоқ. Тұрсақ, тұра тұрайық ...
Дәл осы кезде арттағы өзек қырынан бері еңкейген көліктің жарығы көрінді. Өзі жүйрік екен, демнің арасында зулап жетіп келді. Көрші Жұман ағай екен. Кешкі суыққа тоңып, бүрісіп тұрған екеуін байқап, тоқтай қалып, дауыстап шақырды.
– Оу, Жандос, Елдос. Не тұрыс сендердікі? – деді мәшинеге кірген соң екеуіне таңдана қарап.
Екеуі үндемеді.
– Жай, сізді өтіп кетсін деп тұрғамыз, – деді сәлден соң Елдос түк білмеген кісі болып.
Бірақ, бұлардың неге бөгелгенін Жұман аға біліп қойған секілді. Тұсынан өтіп бара жатқанда екеуі бірдей терезеден үрейлене үңілген әлгі қара сұлбаны иегімен нұсқап:
– Мұны «қарақшы» дейді. Қораның сыртына келген қасқырды үркіту үшін арнайы қояды. Оны адам екен деп ойлаған қасқыр қораға жоламайды, – деді өзі де бір еңкейіп қарап алып. – Мынаны балалар ойнап іліп кеткен ғой. Әйтпесе, алыстағы қыстау емес, иінтіресіп отырған ауылда қайдағы итқұс?
– Итқұс деген не, аға? – деді осы кезде Елдос бұрын естімеген сөзіне таңданып.
– Қасқырды бұрынғы өткен ата-бабаларымыз өз атымен атамай, «итқұс» деген. «Оны өз атымен атаса жыртқыш аң келіп, малымызды қырып кетеді» деген наным болған. Содан елдің бәрі оны солай атап кеткен. Ал, түсіңдер! Үйге жеттік.
Қараса, шынымен-ақ үйге келіп қалған екен. Жаңағы қорқыныштан әлі арыла алмаған екеуі көліктен қарғып-қарғып түсіп, алды-артына қарамай үйлеріне қарай зыта жөнелді.

Серік НҰҒЫМАН

482 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №8

15 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы