• Балаларға базарлық
  • 20 Қаңтар, 2021

Өлеңдер топтамасы

Алғыс айтамын

Берген маған батасын,
Ең ардақты жанбысың.
Бір өзіңе аташым,
Арналады алғысым.

Шықпаймын мен жаныңнан,
Немереңмін тіл алғыш.
Жетелеген қолымнан,
Әжеме айтам мың алғыс!

Қуанышын сыйлаған,
Әрбір күнім – мереке!
Өмірдегі сыйлы адам,
Алғыс Сізге жан әке!

Көңіліме гүл еккен,
Жолыңызды жалғаймын.
Алғысымды жүректен,
Ана Сізге арнаймын.
Білім нәрін жинадым,
Сізге де алғыс күшті адам.
Ұстазыма ризамын,
Талабымды ұштаған.

Қасиетті байтағым,
Қыран шыққан көгіне.
Мен әрдайым айтамын,
Алғысымды еліме!

Мысық

Мысық, мысық, мысық.
Көзің қандай қысық?!
Біздің үйге қоншы,
Менің досым болшы!

Ақсүйрікке

Бүгін сыйлап жыр маған,
Күлімсіреп тұр ғалам.
Ақсүйрігім – алтыным.
Бастың алға бір қадам.

Енді қалай тынады?!
Көңілімнің бұлағы.
Әрбір сәті өмірдің,
Қадамдардан тұрады.

Тағы бассаң бір қадам,
Балабақша тосады,
Күндер өтіп зырлаған,
Мектеп есік ашады.

Тағы бассаң бір адым,
Білім сені жетелер,
Ақыл айтып мұғалім,
Бақыт шамын әперер.

Жүрсең алға тағы да,
Гүлденеді өмірің.
Жалау етсең жаныңа.
Жоғарғы оқу орынын.
Болсаң балам бір мықты,
Мойындатып бар елді.
Кезіп алты құрлықты.
Араларсың әлемді.

Қадам басып таба бер,
Жүрегіңнің қалауын.
Балапаным жаға бер,
Арманыңның алауын!

Ықылық

Алдын түгел сыпырып,
Кәмпит жеді жұтынып.
Анасынан сытылып,
Шие жеді түкіріп.
Тәттілерді бітіріп,
Айран ішті құтырып.
Әшкере боп ұрлығы,
Атып отыр ықылық.

Телефонмен сөйлеспе!

Қажет болар білгенге,
Асханаға кіргенде,
Жол бойымен жүргенде,
Телефонмен сөйлеспе!

Бағдаршамдар жанғанда,
Театрға барғанда,
Сабақ кезі болғанда,
Телефонмен сөйлеспе!

Теміржолдан өткенде,
Велосипед тепкенде,
Доп ойнаған сәттерде,
Телефонмен сөйлеспе!

Циркте ойын көргенде,
Мұражайға енгенде,
Кинозалға келгенде,
Телефонмен сөйлеспе!

Үйде жұмыс істерде,
Сосын тамақ ішкенде,
Бассейнге түскенде.
Телефонмен сөйлеспе!

Көліктерім бұл менің!

Жазда велик тебемін,
Күзде ролик тебемін.
Қыс келгенде үнемі,
Конькименен жүремін.
Көктем келсе ойнаймын,
Самокатпен заулаймын.
Найнботпен таныстым,
Достарыммен жарыстым.
Тез барамын әр жерге,
Гироскутер бар менде.
Таңғажайып күндерім,
Көліктерім бұл менің!

 

Олжас Қасым

778 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №9

03 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы