• Мерейтой
  • 20 Желтоқсан, 2020

Белгілі балалар ақыны Асқаржан СӘРСЕКТІҢ туғанына 70 жыл

Балалар ақыны Асқаржан Сәрсек Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде ұзақ жыл қызмет істей жүріп, қазақ балалар поэзиясына үнемі атсалысып тұрды. Оның бүлдіршіндерге арналған «Мереке», «Қарға мен Қарлығаш», «Міне, қызық керемет», «Қарақшылардың қимас досы», «Жаман ойын» кітаптары және «Айша бибі» дастаны жарық көрген.
Асқаржан аталарың «Балдырған» журналының белсенді авторларының бірі еді. Оның өлеңдерін бірнеше буын ұрпақ қызыға оқып, жатқа айтты. Ақынның 70 жылдық мерейтойы үстінде оның өздеріңе арналған бір топ туындысын тағы да бір еске алғанды жөн көрдік.

Туған жер

Сағым ойнап төсіңе,
Көкжиегің мұнартып,
Шалғыныңа көсіле
Аунаймын кеп құмартып.

Тербеледі желіңмен
Кербез далаң керілген.
Туған жерім, сенің мен
Құлыныңмын тебінген.


Аспанымдай мөлдірмін,
Жайлауымдай жазықпын.
Өзенімдей өршілмін,
Гүлдерімдей нәзікпін.

Қуат алған өзіңнен
Туған елдің ұлымын.
Бақытты етіп өсірген
Отанымның гүлімін.

Алтын тау

Дала сары киінді,
Самал соқты салқындау.
Қырмандарға үйілді
Алтын астық – алтын тау.


Сарғайыпты қауын да,
Күте-күте біздерді.
Аймағыма, ауылға
Берекелі күз келді.

Бұршақта

Жауды бұршақ тасырлап,
Шатырлардан секірді.
Тойға келген асыр сап
Бір топ бала секілді.

Өңкей майда мұз моншақ,
Аппақ-аппақ, қап-қатты.
Мәз-мейрамбыз біз болсақ
Жауғандай бір ақ тәтті.

Ер жауынгер ағалар

«Балғын бөбек, балалар
Болсыншы, – деп, – көңілді», –
Ер жауынгер ағалар
Күзетеді өмірді.

«Гүлдер тұнып сүйкімді
Тұрсын, – дейді, – бақтарда».
Күзетеді ұйқымды,
Мен тынығып жатқанда.

ТЫМАҚ ПЕН ҚҰЛАҚ

Қандай әйбат тымағың,
Киіп алғын, шырағым.

Суық екен мына күн,
Үсіп қалар құлағың.

Үсіп қалса құлағың,
Түсіп қалар, шырағым.

– Құлағы жоқ мына кім? –
Деп жүрмесін мұғалім.

Көбелек

Мен тимеймін, жасқанба,
Дос болайық, көбелек!
Жайнап тұрған бақшамда
Гүлдерімді көре кет!

Тұтқиылдан састыра,
Жаңбыр жауса себелеп,
Тақиямның астына
Тығыла ғой, көбелек!..

Ерлік

– Жұрт күшімді білерлік
Жасар едім бір ерлік.
Айтыңдаршы, қайда бар
Жеті басты айдаһар? –
Деп Мұсабек мақтанып,
Кеткелі тұр аттанып.
Құр мақтанбай бұл қасқа,
Мойнын неге жумасқа?

Жуынса, жұрт білерлік
Болар еді шын «ерлік».

159056 рет

көрсетілді

52592

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №9

03 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы