- Мерейтой
- 20 Желтоқсан, 2020
Белгілі балалар ақыны Есентай Ерботиннің туғанына 80 жыл
Ұстаз болуды армандаған Есентай Ерботин аталарың Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтын бітірді. Бірақ жазуға деген құштарлық оны журналистика саласына алып келді. Павлодар облысы теледидар және радиохабары жөніндегі комитетте қызмет жасады. Кейін республикалық Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болды. Журналистік қызметте жүріп-ақ ол балалар әдебиетінің дамуына өзіндік үлесін қосты.
Есентай аталарыңның «Өрнек», «Өнеге», «Серік пен Берік», «Менің досым», «Бабалар бала болғанда», «Далаға саяхат» секілді өздеріңе арналған көптеген кітаптары жарық көрген. Бұл туындылар қазақ балаларының сүйіп оқитын шығармаларына айналған.
Есентай
ЕРБОТИН
ТЕЗІРЕК
Тезірек, тезірек
Қатарға тұрайық!
Тезірек, тезірек
Сапарға шығайық!
Біздерді үнемі
Алыстар күтеді.
Біздерді жүлделі
Жарыстар күтеді.
ДОСТЫҚ
Үзім нанды бөліскен,
Ынтымағы келіскен
Достық аулақ тұрады
Ұрлық, ұрыс-керістен.
ПАЙДАЛЫ
Жаяу жүрген пайдалы,
Жүзің жарқын, жайдары.
Жуымайды ешқандай
Ауру-сырқау қайдағы.
Жаяу жүрген пайдалы,
Жүзің жарқын, жайдары.
Аралауға шақырар
Туған өлке аймағы.
СҮРЛЕУ
Апарады тауға да,
Апарады бауға да.
Әкеледі қайтадан
Туып-өскен аулаға.
Апарады алысқа,
Апарады ғарышқа.
Әкеледі қайтадан
Атамекен қонысқа.
ЖҮГІРЕМІЗ
«Жүгірме!» демеңіз,
Жүгіре береміз.
Жүйріктей жараймыз,
Жеңілдеп денеміз.
ҰЗАҒЫМ, КЕЛДІҢ БЕ?
Б а л а :
– Көктемді хабарлап,
Ұзағым, келдің бе?
Қойып ем даярлап,
Ұяңды көрдің бе?
Ұ з а қ :
– Жақсы екен қонысым,
Рақмет, қамқоршым!
Мың алғыс сол үшін,
Мерейің зор болсын!
"БІЛГІШ" БАЛА
Қайдан келген бұл бала,
Өзін білгіш санайды.
Бізді көрсе бұлдана,
Шекесінен қарайды.
Білетіні көп екен,
Түйе айдаса, «шек» дейді.
Түйенікі жөн екен,
Оған елең етпейді.
Қолына алып қурайды,
Ешкі айдаса, «шөк» дейді.
Естімеген мұндайды
Ешкі тыпыр етпейді.
Мағынасын айырып,
Сөйлеуді өзі білмейді.
«Жылқы күйіс қайырып»,
«Сиыр жусап тұр»,– дейді.
Жұрттан сұрап дұрысын
Білсе несі кетеді...
Құптамайды бұл ісін,
Ауыл мазақ етеді.
ТЫНЫСБЕК
Тынысбек-ау, Тынысбек,
«Отырсайшы тыныш»,– деп,
Талай рет айтылды,
Түсінесің қай тілді?!
БАҚЫРАУЫҚ
Бақырауық бақырды,
Басымызды қатырды.
Көрсетіп ек шекерді,
Атқан оқтай атылды.
ҚАМҚОРЛЫҚҚА АЛҒАМЫЗ
Қашан келіп қалмаңыз,
Тап-тұйнақтай ауламыз.
Ауламызды біз түгел
Қамқорлыққа алғамыз.
Көлденең шөп жатпайды,
Іздеген жан таппайды.
Аулашы атай біздерді
«Жәрдемшім» деп мақтайды.
ҚҰЙЫН
Жиып, теріп қоқысты,
«Менен асқан жоқ күшті!» –
Деп есірген бір Құйын
Аласұрып көкке ұшты.
Аласұрып көкке ұшты,
Ақымақ қой, текке ұшты.
Аптығы тез басылып,
Ақыры жерге кеп түсті.
1188 рет
көрсетілді0
пікір