• Ертегілер
  • 20 Желтоқсан, 2020

АЛТЫН САҚА

(Ертегі)

Бір бала бір күні ағаш түбінен жараланған кептер тауып алады. Қанаты сынып, ұша алмай қалған екен. Үйіне әкеп, емдеп, тамақ береді.
Ертесі баланың ата-анасы жұмысқа кетеді. Сол кезде әлгі кептер мыстан кемпірге айналады.
– Ойыншықтарыңды көрсет! Әйтпесе өлтіремін, – дейді айқайлап.
Бала ойыншық салған қорабын кемпірге береді. Олардың ішінде алтын жалатқан сақа бар еді. Мыстан оны алып, сыпыртқысына мініп ұшып кетеді.
Бала алтын сақасын қайтарып алғысы келді. Достарын көмекке шақырады. Бірақ олардың барлығы бос емес екен. Амалы таусылған ол жалғыз өзі сақасын іздеуге аттанады.
Жолда терең екі шұңқырға кезігеді. Ортасында дәу қара тас тұр екен. Тастың үстіне «мына екі тиіннің қолында есеп бар. Қайсы есептің шешімі дұрыс, сол шұңқырға түс!» деп жазылыпты. Бала жан-жағына қарап, екі шұңқырдың да аржағынан тиіндерді көреді. Екеуі де тас болып қатып қалыпты.
Бала бірінші шұңқырдағы тиінге барады. Оның қолындағы параққа: (1+1)+3=6 деп жазылған екен. Ал, екіншісінен (1+2)+3=6 деген жазуды оқиды. Көп ойланып жатпай екінші шұңқырға түседі. Шұңқыр іші тастай қараңғы екен. Түпкір жақтан екі жерден екі нәрсе жылтырайды. Ол балаға айдаһардың көзі секілді болып елестеп кетеді. Қорыққанынан кейін шегініп, сыртқа шықпақ болады. Сол кезде әлгі тиіндер шұңқырға секіріп түсіп:
– Балақай, қорықпа, – деп айқайлайды. – Бізді мыстан кемпір сиқырлап, қатырып тастады. Сен есепті дұрыс шешіп, бізді құтқардың. Енді біз саған көмектесеміз, – дейді. Сонда бала:
– Олай болса, анау жылтыраған ненің көзі? Біліп келіңдер, – дейді.
Екі тиін секіріп барып екі бұрыштан екі затты алып келеді. Айдаһардың көзі деп қорыққаны алтын сақа екен. Біреу емес, екеу.
Сол сәт алақанына аспаннан қалықтап келіп бір жапырақ қонады. Жапырақтың бетінде «саусағыңды бүгесің, ішектерін ілесің» деген жұмбақ жазылыпты. Бала бұның шешімі не еді деп ойланады. Кешікпей сол жақтағы сақаның сәулесінен ине-жіптің бейнесі көрінеді, ал оң қолындағы сақадан жетіген аспабы көрінеді. Бала оң жақтағы сақаны алып шұңқырдан шықпақшы болады. Бірақ шұңқыр терең болғандықтан, шыға алмайды. Артынан ормандағы бүкіл тиін көмекке келеді. Олар бір-бірінің құйрығынан ұстап ұзын арқан жасайды. Бала сол арқанмен өрмелеп сыртқа шығады. Түнделетіп үйіне келеді. Келсе, әкесі мен анасы жұмыстан жаңа келіп, тамақ ішкелі жатыр екен.
– Бүгін далада көп ойнадың ғой, балам, – дейді анасы.
– Топыраққа аунағансың ба, үстің шаң ғой? – дейді әкесі. – Тез жуын, тамағыңды іш.
Бірақ, екеуі де ары қарай ештеме сұрамайды. Бала бүгінгі оқиғаны ата-анасына ертең айтып беруді жөн көреді. Аздан соң ол алтын сақасын уысына қысқан күйі тәтті ұйқыға кетті.

Толағай Серікбай

Талдықорған қаласы

749 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы