• Балаларға базарлық
  • 20 Желтоқсан, 2020

Бауырмалдық

Ауыл шетіндегі шағын футбол алаңы бүгін де абыр-сабыр. Жаз бойы үлкенді-кішілі балалар күнде кешкісін осында жиналады. Рақым ағайлары қай күні қай жастағы балалар ойнайтынына кесте жасап қойған. Бүгін 10 – 12 жастағы балалар ойнайтын күн. Яғни, Иманның достары ойнайды. Иманның өзінің доп тебуге ебі жоқ. Бірақ жанкүйерлігі жағынан алдына жан салмастың нағыз өзі. Ойын тәртібін де жақсы біледі. Бүгін де әдеттегідей белсенді. Алмас досы бастаған өз жақтастарына кеңес айтып, дем беріп қояды.
Сәлден соң асыға күткен ойын басталды. Аңдысумен басталған ойын бірте-бірте қыза түсті. Әне, «Намыс» командасының капитаны Алмас бірнеше ойыншыны алдап өтіп, қарсы қақпаға жақындап қалды. Қарсы жақтың қорғаушысы артынан қуып жетіп, оның өкшесін баса-маса өтірік құлай кетті. Алмас та екбетінен сұлап түсті. Көрермендер шу ете қалды. Ойын тоқтатылды. Төреші айып добы тебілетінін көрсетті. Орнынан тұрған Алмас бір-екі аттап, қайта отыра қалды. Иман қорқып кетті. «Жарақат!.. Алмассыз біз жеңілетін болдық қой». Осы оймен құстай ұшып Алмастың қасына жетіп барды. Қашанда сабырлы Алмас түк болмағандай күліп отыр. Оң аяғын «көрдің бе?» дегендей көтеріп қояды. Жарақат алса, бүйтіп күлу қайда!? Досы аяғын тағы бір көтергенде бір-ақ байқады, кроссовкасының табаны желімінен ажырап, түсіп қалайын деп тұр. Иман да еріксіз күліп жіберді де Алмасқа:
– Бол, тез, шеш андағыңды. Мә менікін ки, – деп, өз кроссовкасын шеше бастады.
Аяқ киім ауыстырып алған Алмас орнынан қарғып тұрып ойынға қосылды. Айып добын сол тебетін болды. Алмас мұндайды қайдан қалт жіберсін! Шірене тепкен добы қарсылас қақпасында тулап жатты. Алаң шетінде Алмастың аяқ киімін қолына ұстап, шұлықпен тұрған Иманның қуанышында тіпті шек жоқ. Достары да голды осы Иман соққандай жүгіріп келіп, соның мойнына асылып жатыр...
Күн кешкі қызыл алауын шашқанда ойын аяқталды. Есеп – 4:2. Жеңген «Намыс» командасы. Төрт голдың үшеуін соққан Алмас.
Балалар үйге қайтуға жиналды. Алмастың табаны сөгілген кроссовкасын Иман киіп, жіппен жақсылап аяғына байлап тастапты. Алмас: «өз кроссовкаңды киіп ал» деп еді, оған ол көнбеді.
– Үйге дейін осылай бара берейік. Атама сенің кроссовкаңды жақсылап тіктіріп аламыз, – деді.
Үйге келген екі дос бүгінгі оқиғаны Ислам атаға түгел баяндап берді. Балалардың әңгімесін ұйып тыңдаған ақсақал жүзі күлімдеп, ойланып отырып қалды. Сәлден соң сөз бастады.
– Иманжан, сен бүгін үлкен бауырмалдық жасапсың. Алмас екеуіңнің достықтарыңның арқасында командаларың жеңіске жетіпті. Жарайсыңдар! Адам бойына мейірімділікті, достықты, жанашырлықты қалыптастыратын қасиеттің бірі – бауырмалдық. Бұл қасиеттің дініміздегі орны тіпті ерекше. Мұхаммед пайғамбарымыз бір хадисінде: «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді...» – деген тамаша өсиет қалдырған. Бұл қағиданы қазақ халқы бұлжытпай сақтап келеді. Біз өте бауырмал халықпыз. Біздің де ата-бабаларымыздан бауырмалдық, достық жайында көптеген қанатты сөздер қалған. Міне, бүгін сендер сол ата жолын жалғастырып, басқаларға бауырмалдықтың тамаша үлгісін көрсеттіңдер, – деген Иман ата балаларға мейірлене қарап, қолына ілмек бізі мен жібін алды.
Біраздан соң Алмас енді жыртылмастай боп тігілген кроссовкамен төрт аяғы тағалаулы тұлпардай үйіне қарай зымырап бара жатты...

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

561 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №5

31 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы