• Балаларға базарлық
  • 19 Желтоқсан, 2020

"Балдырған" мен балмұздақ

Әбдіқадыр ата зейнетақысын алған күні немересі Сұлтанға тәттілер алып беруді әдетке айналдырған. Бүгін сол күн. Тәттілер алатын күнді бес жасар Сұлтан да біліп алған. Бір күн өтіп кетсе атасының мазасын алып бітеді. Сондықтан ақсақал ертелетіп зейнетақы беретін жерге келді. Бірінші кезекпен ақшасын алып, далаға шықты. Үйге жаяу баруды ұйғарды. Оның үстіне жол-жөнекей дүкенге соғу керек. Үйдегі «командирдің» тапсырмасын орындау керек. Жолда үлкен мектеп бар. Соның жанына келгенде ақсақал сәл демалып алу үшін аулада жағалай тұрған орындықтың біріне жайғасты. Кенет ту сыртынан «Алмас, маған көрсетші, Алмас!», «берші, көрейінші» деп жамырай шыққан балалардың дауыстарына елең ете қалды. Үзіліс болған ғой, мектеп ауласы балаларға толып кетіпті. Бір топ оқушы әлденеге дауласып, бір-бірімен таласып жүр. Бойы ұзын қалқан құлақ сары бала әлденені артына жасырып, достарын ынтықтырып қойғанына масаттанғандай ыржаң-ыржаң етеді. Олар шулаған күйі қария отырған орындықтың қасына кеп тоқтады.
– Әй, қарақтарым, – деді қарт. – Неменеге таласып жүрсіңдер?!
– Ата, мына Алмаста күшті журнал бар екен, бізге көрсетпей жүр. Сіз айтыңызшы, бізге де көрсетсін, – деді кекілі көзіне түскен қара бала.
– Әй, Алмас, бері кел. Журналыңды берші, мен де көрейін, – деді қарт оның достарына оңайлықпен берілмейтінін түсініп. Алмас жүгіріп келіп түрлі-түсті, әсем безендірілген журналды қарияның қолына ұстата салды. «Балдырған»... Журнал мұқабасындағы жазу көзіне оттай басылды. Бұл журналды Сұлтанының әкесі Қадірбек бастауыш сыныпта оқығанда үзбей жаздырып бергені есіне түсті. Қадірбегі осы журналмен бірге есейді ғой.
– Журналың жақсы екен, – деп ақсақал Алмастың басынан сипады. – Енді таласпай кезектесіп оқыңдар. Бұл журналда не керектің бәрі бар! Осы журналды оқып өссеңдер, ертең-ақ үлкен азамат боласыңдар! Білімді боласыңдар!.. – Қария орнынан тұрды. Үзіліс бітіп, балалар мектепке қарай жүгіре жөнелген. Қарт бұл жолы дүкенге емес, газет-журнал сататын дүңгіршекке қарай жүрді...

* * *
– Ата, балмұздақ әкелдің бе?! – Ақсақал аулаға кіргені сол еді Сұлтан алдынан жүгіріп шықты. – Атасының артына бірдеме жасырып тұрғанын байқап қалып, іле-шала:
– Ата, менен не жасырып тұрсыз?! – деп жымың-жымың етті.
– Бұл «Балдырған» журналы. Қандай әдемі! Көрдің бе, мұның ішінде саған керектің бәрі бар! – деді атасы журналды немересіне ұсынып.
– Балмұздақ та бар ма?!
– Иә, балмұздақ та бар.
– Қане?
– Міне!– деп атасы «Балмұздақ» атты тақпақты оқи жөнелді.
– «Апа, әпер балмұздақ»
Деп жылады Ырысты.
«Ауырасың сен мұздап»
Деп шешесі ұрысты.

Жыласын кеп Ырысжан:
«Мама, әпер балмұздақ,
Тәтті ғой деп ұрыссаң,
Жеймін оны сәл тұздап».

Тақпақ ұнаған болу керек, Сұлтан жымың ете қалды.
– Ата, – деді ол журналдың беттерін біраз парақтап. – Бұл журналда суреттер де көп екен. Қандай күшті. Мен де сурет салсам бола ма?
– Әрине, егер салған суретің әдемі болса журналға жібереміз. Журналға шықсаң сені бәрі танитын болады. Суретші боласың. Ал тақпақ шығарсаң, ертең ақын болып шыға келесің!
Қуанышы қойнына сыймаған Сұлтан «Балдырған» журналын қолтығына қысқан күйі қолына ақ парақ пен қалам алып, үстелге жайғасты...
Ал балмұздақ жегісі келетін әдетін қойды ма, жоқ па, ол жағы бізге бей­мә­лім...

Ғанибек Ғалымбекұлы

397 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №5

31 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы