• Балаларға базарлық
  • 19 Желтоқсан, 2020

Өлеңдер топтамасы

Ақ әжем

Жетектесіп жүреміз,
Қалдырмайды жанынан.
Қайтқанымша мектептен,
Ақ әжемді сағынам.

Көз алартпай үйде ешкім,
Қолымды да қақпайды.
Қалтасына қамзолдың,
Тәттілерді сақтайды.

Орным бөлек өзгеден,
Болғасын ба, төлбасы.
Шақырмайды ашуын,
Ағат іске болмашы.

Әрі әлі кетпеген,
Жүздерінің шырайлы.
«Жеңеше» деп анамды,
Айтқан сөзім ұнайды.

 

Бесік жыры

Жұмсақ төсек мамығың,
Жата қойшы жарығым!
Сен түлейсін бесікте,
Тыңдап әуен сарынын.

Балдайым-ау, балдайым,
Балдың жейсін қандайын.
Қандай кәмпит ұнайды,
Қайсыбірін таңдайын?

Жамандыққа жоламай,
Тау көтерген толағай.
Бейбарысым менің де,
Толағайдай болама-ай!

Ай толысып, толғанда,
Жарық түсер бар маңға.
Ертегіні тыңдай ғой,
Басқа сөзге алданба.

Әлди, әлди, ән балам,
Әміршідей хан балам!
Үмітімді жалғаған,
Қос қанатым самғаған.

Зергер

Таңданарлық өнері,
Қолөнердің шебері.
Бұйымына зергерлік,
Жан жылуын төгеді.

Ісінің жоқ үзігі,
Затының көп тізімі.
Саусақтарға салалы,
Жарасып тұр жүзігі.

Жасау үшін алқаны,
Көздің майын сарқады.
Әлдиімен еңбектің,
Басталады әр таңы

Жарайсың Бейбарыс

Еңбек сүйгіш баланың,
Шектейді кім талабын?!

Күрек алса қолына,
Гүл бітеді жолына.

Таяқ алса қолына,
Төл ереді соңына.

Дән ұстаса қолына,
Көгертеді оны да.

Өзі келмес мол табыс,
Жарадың сен, Бейбарыс!

 

Күзгі жапырақ

Дің ағаштың тірегі,
Ұзақ өмір сүреді.
Жапырақтың суықтан,
Өзгереді реңі.

Күз келгенде оралып,
Жасыл кетер жоғалып,
Ажары мен көркінен,
Қалады ағаш тоналып.

Сары түске еніпті,
Қызыл түске көніпті.
Жасыл түске не жетсін,
Көз тартатын көрікті.

 

Аратау мен Алатау

Шөбі шүйгін қаулаған,
Кім бермейді тауға мән.
Жер ананың екеуі,
Егіз ұлы аумаған.

Қаратауым кенге бай,
Алатауым малға жай.
Таудың құсы қыранмен,
Қатар қонбас қалбағай.

Тауы елдің қорғаны,
Жұрттың солай болжамы.
Аңға шықсаң ауылға,
Ораласың олжалы.

 

Суретші

Ең әуелі саламын,
Суретін анамның.
Әспеттеймін одан соң,
Табиғатын даламның.

Көк түспенен көмкергем,
Өзендерін, көлдерін.
Жарасады жасылмен,
Бедерлесем белдерін.

Қаламымның ұшынан,
Қалыс қалмас қалалар.
Суреттерге мен салған,
Қызығады балалар.

 

Тазалады ауланы

Жапалақтап жауған қар,
Қалды басып ауланы.
Ауламыздың өте кең,
Ат шаптырым аумағы.

Қарын күреп азаннан,
Таппадық бір тынымды.
Ұнап қалды атама,
Жұмысымыз бүгінгі.

Жеткерген ӘБДІРЕЙҰЛЫ

 

642 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №5

31 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы