• Мерейтой
  • 19 Желтоқсан, 2020

Белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы 70 жаста

Белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы шығармашылық жолын балаларға арнап әңгімелер жазудан бастаған болатын. Балалар өмірін арқау еткен «Бала Жамбыл», «Қызыл елік» атты кітаптары жарық көрді.
Ұзақ жылдардан бері «Ұлан» газеті мен «Балдырған» журналының авторы, әңгімелері осы екі басылымда үзбей жарияланып келеді. Өзі туып-өскен өл­ке­сіндегі тарихи тұлғалар жайлы көп­теген еңбектер жазып, кітаптар шығарды. Елу шақты кітап шығарған Нағашыбек аталарың соңғы жылдары да өнімді еңбек етті. «Кек», «Баһадүр» атты роман, «Жер жүрегі» атты хикаят және бірнеше әңгімелер жазып, баспаға тапсырды.

Менің қырғауылдарым

(Әңгіме)

Саяжайым Алатаудың әсем бөктеріндегі Алматыға жақын Қырғауылды деген жерде. Дөңесте тұрған үйімнің бір жағында Ақсай өзені сарқырап жатыр. Бізден ары жол жоқ. Тау бөктері сыңсыған қарағай мен шыршалар.
Биыл ерте көктемнен бастап саяжайда тапжылмай отырып роман жаздым. Көзім талса, терезеден басынан мұз-қары арылмаған Алатауға ұзақ қарап отырамын. Шыңдарға орала қалған шуда-шуда бұлттарға көз тігемін. Көзім кәдімгідей демалып қалады.
Көктем жылдағыдан кеш шықты. Жер дегдіп үлгермей жатып үй жанында екі қырғауыл пайда болды. Күн жылынған түске салым екеуі жұбын жазбай емін-еркін жайылатын болды. Мекиені жайылып жүрген сәтте қоразы басын қақшитып дөң үстінде тұрады. Қырғауылдың қоразын көріп пе едіңдер, балалар? Ұзын қызғылт құйрығы жер сызады. Қос қанаты ұшқан кезде күнге шағылысып, жалт-жұлт етеді. Қауырсындары алтын, жауһар жалатқандай мың құлпырып, ғажап түске енеді. Тотыдай түрленген қораз сұлулығына дүрбімен қарап, таң-тамаша боламын. Мекиені тойды-ау дегенде қоразы жайыла бастайды. Мекиені бауырын жерге төсеп, соның орнына жатады.
Дөңес үстіне жем төгіп қоюды әдетке айналдырдым. Түске таман екеуі орман ішінен пырылдай ұшып келеді. Екеуіне алаңдап, кешіксе күтетін әдет таптым.
Немерем былтыр асырап алған кішкентай мысығым бар. Қап-қара жүндері мойылдай жылтырап далада жүреді. Төңірекке қонған қарға, сауысқан қуып, мәре-сәре болып ойнайды. Бірде қырғауылдарға дүрбімен қарап тұрғам. Шалғынға жербауырлай жасырынып, соларға қарай жылжып бара жатқан мысықты байқап қалдым. Сұрғылт жүнді мекиен алаңсыз жем жеп жатыр. Мысық жертабандап қырғауылға жақындап қалды. Шошып кеттім. Енді бас салады-ау дегенімше болған жоқ, қызыл жалын қанатын жая қоразы пыр етіп ұшты. Мекиені де іле бірге көтерілді. Мысық аң-таң боп сілейіп тұрып қалды.
Жаз ыстығы басталғалы қораз жалғыз ұшып келіп жүрді. Шашқан жемге бірден бармайды. Дөң үстіне қонып, төңіректі әбден сүзіп қарап шығады. Содан кейін ғана жемге жақындайды. Жемге тойған соң жалғыз аяқ жолмен құлдилап өзенге түседі. Су ішісі де қызық. Суға аузын толтырып алып, басын қайқайта көтеріп, мойнын созады. Кейде қос қанатын жайып, суға шомылғаны да ғажап! Қызылкүрең қанаттарынан күнге шағылысқан лағыл моншақтар төгіліп, құлпырып кетеді.
Шөп пісіп, жасыл желек ақбурыл тартқан тұста ғана мекиені келді. Дөңес үстіне үш балапанын ертіп шыққанын көріп, жаздай жұмыртқа басып жатқанын ұқтым. Енді балапандары үшін нан қоқымын, тары себетін болдым. Бөлек ыдысқа су құйып қоямын. Мекиен балапандарын күнде түске салым ертіп әкеледі. Қанатын пырылдата қағып, балапандарын жем жеуге шақырғаны тіпті қызық. Өзі жемей балапандарына тыққыштайды. Мойнын созғызып, басын шалқайта астаудан су ішкізеді. Ең соңында барып өзі жейді-ау. Балапандар есейген сайын ары-бері жүгіріштеп, тоқтамайды. Шешесі зыр қағып, жемге шақырып, шыр-пыры шығады.
Күндер өтіп жатты. Тамаққа тыңқия тойып алып, пырылдап ұйықтап жататын мысығым үлкейіп, жүні жылтырап семіріп алды. Бір күні қураған шөп арасымен мысықтың екі құлағын жымырып, дөң басына қарай жер бауырлап бара жатқанын көріп қалдым. Жұмысымды қоя салып, далаға ұмтылдым.
Шиқ-шиқ еткен қырғауыл балапандары жемге қарық болып, бір-бірін қуалап алаңсыз ойнап жүрген. Аналары жемге енді бас қойғанда қара мысық атылып шығып, бір балапанды бас салды. Сол сәтте мекиеннің бүкіл жүні садақтың жебесіндей тікірейіп, қанатын жая қара мысыққа қарай атылды. Екеуі ұмар-жұмар болды да қалды. Мұндайды күтпеген қара мысық балапанды тастай сала үйге қарай зып берді.
Мен жүгіре басып балапан жатқан жерге жеттім. Мысық мойнын үзіп жіберген болу керек, балапан өліп қалыпты. Қара мысыққа жыным келді. Оны өлердей жек көріп кеттім. Балапанға жаным ашыды.
Үйге келіп, мысықты далаға қуып шықтым. Сол кеткеннен мысық үшінші күні ғана көрінді. Оң көзі жұмулы. Қырғауыл тырнағының ізі әлі тұр. Іші қабысып, азып-тозып кеткен, жүні ұйпа-тұйпа. Жексенбіде келген немерем ұсқыны кеткен мысығын танымай қалды. Мен немереме болған жағдайды айтып бердім.
Күн суытқанша есейген қос балапанын ерткен мекиен жемге келіп жүрді. Қара мысық енді олай қарай аттап баспайтын болды. Аңшылығын сап тыйды.
Міне, күз де аяқталып келеді. Жақында алғашқы қар жауады. Мен де жазып жатқан романымды аяқтадым. Жақында қалаға кетем. Екеуі төртеу болған қырғауылдарды да қимаймын. Қыстан аман шықса екен. Көктемде қайта көрісерміз...

 

566 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №9

03 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы