• Ертегі
  • 15 Желтоқсан, 2020

Дәу мен тиін

(Швед ертегісі)

Ертеде бір дәу болыпты. Өзі сондай мешкей екен. Жеті қазан ботқа жеп, жеті шелек сүт ішсе де, тоймапты. Тағы жейтін тамақ іздеп жолға шығыпты. Келе жатса, алдынан бір сиыр кезігіпті.
– Сиыр, сиыр, тыңда мені! Жеті қазан ботқа жедім, жеті шелек сүт іштім, бәрібір тоймадым. Енді сені жеймін, – дейді дәу.
– Мен сенен қашып кетем, – дейді сиыр.
– Ал мен қуып жетем, – дейді дәу.
Қуып жетіп, сиырды жеп қойыпты.
Тағы келе жатса, алдынан бұзау шығыпты.
– Бұзау, бұзау, тыңда мені! Жеті қазан ботқа жедім, жеті шелек сүт іштім, сиырды да жедім, енді сені де жеймін, – дейді дәу.
– Мен сенен қашып кетем, – дейді бұзау.
– Ал мен қуып жетем, – дейді дәу.
Қуып жетіп, бұзауды да жеп қойыпты.
Әрі қарай жүріп кетіп, түлкіге кезігіпті.
– Түлкі, түлкі, тыңда мені! Жеті қазан ботқа жедім, жеті шелек сүт іштім, сиыр мен бұзауды да жедім, енді сені де жеймін, – дейді дәу.
– Мен сенен қашып кетем, – дейді түлкі.
– Ал мен қуып жетем, – дейді дәу.
Қуып жетіп, түлкіні де жеп қойыпты.
Тағы келе жатса, алдынан ат шығыпты.
– Әй, жүйрік ат, тыңда мені! Жеті қазан ботқа жедім, жеті шелек сүт іштім, сиырды, бұзауды және түлкіні жедім, енді сені де жеймін, – дейді дәу.
– Мен сенен қашып кетем, – дейді ат.
– Ал мен қуып жетем, – дейді дәу.
Қуып жетіп, атты да жеп қойыпты.
Тағы келе жатса, алдынан жер қазып жатқан бес адам кезігіпті.
– Жер қазған адамдар, тыңдаңдар мені! Жеті қазан ботқа жедім, жеті шелек сүт іштім, сиырды, бұзауды, қу түлкіні және жүйрік атты жедім, енді сендерді де жеймін, – дейді дәу.

– Біз сенен қашып кетеміз, – дейді жер қазған адамдар.
– Ал мен қуып жетем, – дейді дәу.
Қуып жетіп, оларды да жеп қойыпты.
Тағы келе жатса, алдынан би билеген жеті қыз шығыпты.
– Биші қыздар, тыңдаңдар мені! Жеті қазан ботқа жедім, жеті шелек сүт іштім, сиырды, бұзауды, қу түлкіні, жүйрік атты және жер қазған бес адамды жедім, енді сендерді де жеймін, – дейді дәу.
– Біз сенен қашып кетеміз, – дейді қыздар.
– Ал мен қуып жетем, – дейді дәу.
Қуып жетіп, қыздарды да жеп қойыпты.
Тағы келе жатса, алдынан тиін шығыпты.
– Тиін, тиін, тыңда мені! Жеті қазан ботқа жедім, жеті шелек сүт іштім, сиырды, бұзауды, қу түлкіні, жүйрік атты, жер қазған бес адамды және жеті биші қызды жедім, енді сені де жеймін, – дейді дәу.
– Мен сенен қашып кетемін, – дейді тиін.
– Ал мен қуып жетем, – дейді дәу.
Дәу тиінді қуа жөнеледі. Бірақ тиін оған ұстатпай, секеңдеп қашып, биік қарағайдың басына шығып кетіпті. Дәу тиінді көрмек болып, шалқая бергенде қапақтай қарны жарылып, ішінен жеті биші қыз, жер қазған бес адам, қу түлкі, жүйрік ат, бұзау мен сиыр шығып, бәрі тиінге рақмет айтып, жөндеріне кетіпті.

Орыс тілінен аударған
Бағдат МӘЖИТОВ

482 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы