• Ертегілер
  • 16 Қазан, 2020

Ақылды қыз Айдана

Бір күні бір ана перзентханадан үйіне бөпе алып келіпті. Отбасы бұл бөпені көптен күткен екен. Қуаныштарында шек болмапты. Бөпе өте кішкентай, бейне бір балапан секілді екен. Қатты қуанған бөпенің әкесі:
– Қандай ат қоямыз? – дейді. Анасы:
– Есімін атасы мен әжесі қойсын, – дейді. Атасы мен әжесі көп ойланып:
– Аты – Айдана болсын, – депті. Әжесі Айдананы жөргекке орап алып, күнде әлди әнін айтыпты. Айдана күн сайын өсе беріпті. Әжесі Айданаға ұйықтар алдында күндіз де, түнде де ертегі айтады екен. Ол ертегі тыңдап жатып, ұйықтап кетеді екен. Бір түс мезгілінде әжесі ертегісін қанша созса да, Айдана ұйықтамай қойыпты. Әжесі ертегіге ертегіні жалғап, әбігерге түседі. Айдана бәрібір ұйықтамай қояды.
– Әже, тағы айтшы, – деп әжесін мазалай береді. Әжесі ертегісін жалғауға тырысады. Бір кезде Айдана көзін ашып қараса, әжесі өзі ұйықтап барады екен. Айдана әжесінен көзін алмай:
– Әже, сосын түлкі не дейді? – депті қуланып. Ұйықтап бара жатқан әжесі:
– Сосын, түлкі... түлкі... – дегенді қайталай беріп, ұйықтап кетеді.
Айдана бұл кезде әжептәуір өсіп қалған екен. Енді оны әжесінің ертегісінен гөрі қалта телефондағы ғажайыптар қызықтыра бастаған болатын. Сондықтан ұйқысы келмепті... Ұйқысынан оянып кеткен әжесі қалта телефонды шұқылап отырған немересін көріп:
– Ботам-ау, сен қашан тұрып кеткенсің, көзім ілініп кетіпті ғой... – депті.
– Әже, сіз, міне былай «Сосын түлкі... түлкі..» деп ұйықтап қалдыңыз, – депті Айдана әжесінің рөлін ойнап. Әжесі немересінің қылығына ұзақ күліпті.
Иә, сөйтіп Айдана өсе беріпті. Қалта телефонды көп ұстамауға тырысыпты. Оның орнына әжесінен қуыршағына көйлек тігуді, атасы мен әкесінен сурет салуды үйреніпті. Бес жасқа келгенде анасына көмектесіп, құймақ пісіріпті. Күндер өте беріпті. Айдана өсе беріпті. Алты жаста мектепке барыпты. Өзіне көп дос тауыпты. Бірінші досы кітап болыпты. Кітаптан: «Біздің отбасымыз, ол – Отан!», «Жер, ол – Отан, барлық адамдар оны сүйеді» деген сөздерді Айдана ерекше ұнатып оқыпты. Бәрін біле бергісі, біле бергісі келіпті... Содан Айдана ақылды, еңбексүйгіш қыз боп өсіпті.
Ертегі осымен бітті! Кім тыңдады? Сол керемет!

Айлин БЕЙБІТОВА
№175 «Жаңа ғасыр» гимназиясының 2 «А» сынып оқушысы.
Алматы қаласы.

1502 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №9

03 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы