• Балаларға базарлық
  • 16 Қазан, 2020

Кекілік

Кекіліктер – тауықтәрізділер отрядына жататын жабайы құс.Әлемде кекіліктер тобына жататын құстардың жеті түрі бар. Олар – Азия, Европа, Пржевальский, Араб, Бербар кекіліктері және Қызыл кекілік пен Қара басты кекілік. Бұл құстар әлемнің көптеген елдерінде тіршілік етеді. Өзі дене тұрқы 40 сантиметрден, салмағы 500 – 600 грамнан аспайтын кішкене ғана сүйкімді құс. Жүні өте қалың. Қалың жүні оны домалатып көрсетеді. Қазақстанда Жетісу аймағында, Қаратауда, Іле, Теріскей Алатауында, Тарбағатай, Үстірт, Маңғыстауда кең тараған. Олар теңіз деңгейінен 2500 метрден жоғары тау етегін, құрғақ тік беткейлерді ұнатады. Біздің елімізде негізінен Азия кекілігі (тас кекілік, сұр кекілік) өмір сүреді.
Кекілік – отырықшы құс. Жылдың көп мезгілінде 20 – 30-дан топтанып жүреді. Ұя басқан кезде ғана екі-екіден бөлініп кетеді. Ұяларын жерге, тастардың арасындағы шұңқыр жерлерге салады. 7-ден 24-ке дейін балапан басып шығарады. Жұмыртқаларын қатар жатқан екі ұяда ұрғашысы мен еркегі де басады. Өсімдік дәндерімен, жерде жүретін ұсақ жәндіктермен қоректенеді. Кекілік көп ұшпайтын құс. Ағаш басына да көп қонақтай бермейді. Тастан-тасқа секіріп, тез жүгіріп жүреді. Қауіп төнгенде ғана жақын жерге ұшып барып қайта қонады. Кейде тастардың арасында жорғалап жүріп-ақ жауларына ұстатпай, адастырып кетеді. Оларды тастардың арасынан тауып алу да қиын. Себебі олардың сыртқы түрі тастарға қатты ұқсайды. Қыста қар қалың жауған жылдары кекіліктерге тамақ тауып жеу өте қиынға соғады. Өмірлеріне қауіп төніп, тобымен өліп қалатын кездері де болады. Ондай кезде олар қорек іздеп таудан төменгі жазыққа түсуге мәжбүр болады.
Кекілік сайрайтын құсқа жатады. Тастың үстіне шығып алып, «ке-ке-кек» деп шығарған дыбысы алысқа естіледі. Оның өзінің аты да осы шығарған дыбысына қарай «кекілік» деп аталса керек.
Кекіліктің еті өте дәмді. Сондықтан да аңшылар кекілік аулауға қатты қызығады. Кейінгі жылдары кекіліктерді бейберекет аулауға тыйым салынды. Енді олар тек арнайы рұқсатпен ғана ауланады. Кекіліктерді қазір қолда өсіру ісі де жанданып келеді. Олар да тауықтар сияқты қолға тез үйреніп кетеді екен.

1840 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы