• Жұмбақтар
  • 23 Қыркүйек, 2020

Жұмбақтар

Тау басына шөп шықты,
Шөп шыққанда көп шықты.
Еш жануар жемейді,
Шынында оны не дейді? (Бас пен шаш)

 

Суға салсаң – сұстанып,
Отқа салсаң – қызарған.
Кескен кезде – қысқарып,
Созған кезде – ұзарған. (Темір)

 

Қимылдаса екеуі,
Жұмыс қызып кетеді.
Екеуінің еңбегі
Күндіз-түні жетеді. (Қол)

 

«Аш!» дегенде ашылған,
«Жап!» дегенде жабылған.
Қақ бөлініп, жарылған –
Есік қайдан табылған? (Ерін)

 

Жүз парақ, не мың парақ,
Қалай әсем қаттаған.
Тұрады одан нұр тарап,
Кім бар нәрін татпаған? (Кітап)

 

Айқыш-ұйқыш тізіліп,
Жалт-жұлт еткен үзіліп.
Қызыл шоқтай моншақты
Жинай бердім қызығып. (Шие)

 

Ауызы жоқ, көзі жоқ,
Бірақ айтар сөзі көп. (Радио)

 

Сынап емес, ағады,
Топыраққа жан беріп.
Жасыл пүліш жабады,
Бау-бақшаға сән беріп. (Су)

 

Дастарқанға сән берген,
Барлық адам мән берген.
Өмір нәрі дейді оны,
Әркімдерге әл берген. (Нан)

 

Өмір берген әуелден,
Әлпештеген анамыз.
Күліп тұрса әуеден,
Нұрланады санамыз. (Күн)

 

Түнде піскен таба нан,
Тата алмадым дәм одан.
Таба алмадым азанда,
Таба алмады жан адам. (Ай)

 

Қанаты жоқ, әлі жоқ,
Ұшатыны ұнайды.
Жүрегі жоқ, жаны жоқ,
Бірақ кейде жылайды. (Бұлт)

 

Құлпырғанда әр адам
Оған көзін сүзеді.
Қурағанда ал одан
Жұрт күдерін үзеді. (Гүл)

 

Сумен бойын өлшеген,
Суда ғана талабы.
Су кешпесе белшеден,
Өсіп-өнбей қалады. (Күріш)

 

Қанаты бар құстай-ды,
Бірақ көкке ұшпайды.
Су астында тұрағы,
Сонда тірлік қылады. (Балық)

 

Тастың астында – Бас бар.
Бастың астында – Тас бар. (Тасбақа)

Өмірзақ ҚОЖАМҰРАТОВ

 

1337 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы