• Мерейтой
  • 23 Қыркүйек, 2020

Белгілі балалар ақыны Бақтыбек Қозыкеевтің туғанына 80 жыл

Балалар әдебиетінің үлкен жанашырлары Мұзафар Әлімбай, Әнуарбек Дүйсенбиев сынды айтулы ақындар Бақтыбектің болашағынан үлкен үміт күткен-ді. Өкінішке қарай оның өмірі тым келте болды. Алматы қаласындағы №12 орта мектепті бітірген соң, Қазақтың мемлекеттік университетін тамамдаған Бақтыбек республикалық «Балдырған» журналына қызметке келді. Ол өзінің журналистік қызметін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жалғастырып, кейінірек ауылдық мектептерде мұғалім болды.
Бар-жоғы 34 жасында өмірден өткен Бақтыбек Қозыкеевтің соңында кішкентай бүлдіршіндерге арнаған «Түнгі бақта», «Балалар мен тырналар», «Қолғап» атты кітаптары қалды. Ол егер арамызда жүргенде биыл 80 жасқа толар еді.

Бақтыбек ҚОЗЫКЕЕВ

Отан

Отан – халық жүрегі,
Әр кеудеде тұр ұрып.
Анаң болып күледі,
Келе жатсаң жүгіріп.

Әлдилейді әлпештеп,
Жеткеніңше мұратқа.
Бесік жырдай қалды есте
Отан үні құлақта.

 

Құс келді

Кешегі қар жоқ енді,
Қалды дала жалаңаш.
Күн нұрына кенелді,
Бүршік атып бар ағаш.

Келіп көктем құстары,
Бау-бақшада ән салды.
Оларды жас достары
Ұя жасап қарсы алды.

 

Қалған ба жаңылып?...

Бар менің тауығым,
Күнде жем шашамын.
Жұмыртқа табуын
Асыға тосамын.

Кеше апам тауықты
«Туғыш» деп мақтады.
Күн болса ауыпты,
Бүгін түк таппады.

Жүрді олар тепсеңде,
Күнұзақ жайылып.
«Бізге де – жексенбі»,–
Деп жүр ме жаңылып?

 

Сақшы

Менің сақшы ағайым
Шекарада тұрады.
Күзетінде әрдайым –
Көреген көз қырағы.

Күзетеді күлкімді,
Күзетеді ұйқымды.
Күзетеді қас қақпай
Туған елді сүйкімді.

585 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №5

31 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы