• Ертегілер
  • 21 Қаңтар, 2019

Өрмекші Славик (ертегі)

Апалы-сіңлілі Мила мен Маша деген қыздардың бөлмесіне Славик атты өрмекші қоныс тепті. Ол терезе пердесінің арт жағынан өзіне ыңғайлы орын таңдап алды. Бұл жер жарық, жайлы әрі ешкімнің көзіне түсе бермейтін. Таңертең шешесі қыздарын оятты. – Сұлуларым менің! Тұратын уақыт болды! – деген анасының мейірімді дауысы естілді де, шам жанды. Қыздар керіліп-созылып алды да, тездетіп мектепке жинала бастады. Славик ешқашан да мектеп бетін көрген емес. Мила мен Маша сарафандарын киіп, шаштарын өріп, көңілдене сабаққа қарай жүгірген кезде оларға қатты қызығатын. Қыздардың сөзіне қарағанда, мектеп дегеніміз – үлкен үй. Онда оқушылар тым көп, мұғалімдері оларға көптеген қызықтарды айтып береді. – Мен де мектепке барсам ғой, шіркін! Қыздар сияқты жазып, оқып үйренер ем, әрі көптеген кітаптарды оқыған болар едім!– деп ол өзін оқушы орнына қойып елестетті. Бірақ ол бар-жоғы кішкентай ғана өрмекші ғой! Ондай алыс сапарларға ешқашан да аттана алмас еді. Жалпы оны мектепке кім ала қояды? Оның тіпті портфелі де жоқ қой... Іші пыспас үшін Славик өрмектің бұрышынан кішкене терезе жасап алды. Өрмегін – желкен, ал өзін ержүрек капитан сезінді. Славик жеңіл өрмегінде баяу тербеліп, таңғажайып саяхат туралы армандады. Терезенің алдында кішкене қыш құмырада кактус өсіп тұратын-ды. Қыздар оны Мистер Сэм деп атайтын. Ол доп-домалақ, жылтыр, қарбызға ұқсайтын еді. Славикті қуанту үшін кактус жиі-жиі қызықты хикаялар шертетін. Алыста қалған өзінің отаны – құмды шөл туралы оның білетіні аз емес еді. Мұндай әңгімелерден кейін Славик батылданып перденің ар жағынан бермен қарай шығатын. Есіктің қоңырауын біреу басса болды, ол сол мезетте артқа қарай қашатын-ды. Мектептен ең алдымен Маша келетін. Түсінікті ғой, екінші сыныпта Мила оқитын төртінші сыныптан гөрі сабақ аз болады. Маша асқан шыдамдылықпен әпкесін күтеді. Екеуінің басы қосылса, көңілді болары сөзсіз. Мектепте болған жаңалықтарды жарыса айтысып, былдырлаған екі қыздың әңгімелерін Славик масаттана тыңдайтын. Әуесқой өрмекші Милаға қатар сыныпта оқитын Костик атты баланың ұнап жүргенін, Машаға бірге оқитын Никита есімді бала қысқа хат жібергені жөніндегі олардың құпиясын да біліп алды. Славик кейде терезеден төңірекке көз тастап қояды. Ол жақта күз өз бояуын өзгертіп жатыр. Айнала аспан түнеріп жаңбыр жауғанша өте әдемі болып тұр еді. Кішкентай өрмекшінің жып-жылы тұрағын сырттан терезе әйнегі ғана бөлетін. Ол өзіне жайлы да қолайлы осы тұрмысына дән риза-тұғын. Қар жауғанға дейін уақыт та бірсыдырғы қалыппен өтіп жатты. Әуелі Славик таңғалды. Ол айналаның бұлай аппақ болып жатқанын ешқашан көрген емес- тін. Бұлар тұрып жатқан үйдің жанында өсіп тұрған ағашқа бір қарға ұшып келді. Қонған құстың салмағымен бұтақ тербелді де, ұлпа қар ұшқындады. Бұл көрініске қарап тұрған әсерленгіш Славиктің: – Қандай ғажап! – деген дауысы шығып кетті. Бір емес, әлденеше рет көріп жүрсе де, қар деген ол үшін бір таңғажайып нәрсе боп қалған Мистер Сэм кактус: – Иә, иә! – деп өрмекшіні қостады. Дала не себепті жап-жарық болып кеткенін түсінген қыздардың: – Қар! Алақай, қар жауды! – деген қуанышқа толы үндері естілді. – Аққала тұрғызамыз! Қыздар терезеге қарай жүгіріп барды да, пердені ысырып жіберіп еді, онда... Күтпеген жерден жаңа ғана жақсы әсер берген әдемі көрініс әп-сәтте ұмыт болды. Славик қыздарға қарап тұр еді. Оның о бастан жаратылысы осындай: түсі қап-қара, мойны жоқ, басы кеудесіне жабыса біткен, төрт пар аяғы бар ғой. Өрмекшілер осындай тіршілік иесі болса, амал қанша?! Көптеген өрмекшілердің сегіз көзі бар. Бірнеше бөлікке бөлінген Славиктің көзінен мейірім төгіліп тұр еді. Бірақ шектен шыққан мейірімділік кімге керек?! – Тфу! Өрмекші! Қандай жиіркенішті! – деді Мила иығын қисаңдатып. – Кішкентай кезімнен өрмекшіні жек көремін! – деп Маша әпкесін қолдай кетті. Мұндай сөздерді естіген Славиктің тілі байланып қалды. Ашынған уақытта бірдеңе ойлауға мұршасы да болмай қалды. Қыздар жақсы көретін Мистер Сэм өрмекші досы үшін қатты қорықты. Ол апалы-сіңлілі қыздардан мұндай жағымсыз сөздерді ешқашан естіген емес еді. Ешкімге керек емес қуаныштың өзі көмескі тартқандай. Жағдай  шиеленіскен кезде бөлмеге шешелері кіріп келді. Мила мен Маша құтқарушы табылғандай ұмтыла беріп еді, мамасы не болып жатқанын бірден түсінді де: – Қыздар, өрмекші бізге жағымды жаңалық – қар жауғанынан хабар беріп тұр. Неге біз оны ренжітуіміз керек. Өрмекшіден қорқудың қажеті жоқ. Ол сондай кішкентай, әрі сондай дәрменсіз. Өмірде жаратылысы өзгеше нәрсе көп, сондықтан барлығына түсіністікпен қарап, оны сол күйінде қабылдау қажет. Мила мен Маша абыржып қалды. Славиктен қатты ұят болды-ау! – Ол шынында да өте сүйкімді,– деді де, Мила терезеге жақындап, өрмекшіні қызықтап, анықтап қарай бастады. – Ешкімнің де сені ренжітуіне жол бермейміз! – деді көңілі босаған Маша. – Кәнеки, дос болайық! Батылданған Славик келісім белгісі ретінде аяқтарын қимылдатты. Кактус Мистер Сэмнің абыржығаннан бұртиған ұрты да тез басылды. Оны да қыздар аққала соғуға бірге алып шығар ма еді?

Елена СТЕЛЬМАХ, белорус жазушысы.

Орыс тілінен аударған Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ. Суретін салған Ерлан МОМБАЕВ.

«Балдырған» журналы, №1 Қаңтар, 2019

937 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №9

03 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерғали Бақаш

"Балдырған" журналының бас редакторы