- Ертегілер
- 04 Қаңтар, 2018
Ұзын есім (жапон ертегісі)
Текқаначонның шын атының кім екенін ешкім де білмейтін еді.
Оқиға былай болған еді, ол туғанда шешесі оған лайық есім іздей бастайды. Оған біреу ұзын ат иемденген адамдар ұзақ жасайды деп айтқан көрінеді. Міне, содан соң-ақ ол ұлына қоятын ұзын атты ойластыра бастайды. Әуелі әкесінің атынан екі есе ұзақ ат ойластырады, жоқ, бұл да аз. Жеті есе ұзын ат ойластырады, бұл да аз көрінеді. «Тағы да ойланып көрейін!»– дейді. Ол күн ойланады, түн ойланады, тағы да бір күн, бір түн ойланады, тағы бір күн, бір түн өтеді, сонымен ойлап-ойлап әбден шаршағаны сонша, мүлдем әл-дәрмені құриды. Ақыры дүниеде ешкімде жоқ ұзын атты ойлап табады. Сол кезде қатты қуанып кеткен ол туыстарына: «Баланың аты Чон...» дейді. Бірақ тек қана «Чон» деп айтып үлгереді де, әлі құрып өліп кетеді. Сөйтіп ешкім де оның баласына қандай ұзын есім ойлап тапқанын білмей қалады.
– Бірақ ол «Чон» деп айтып үлгерді ғой, сондықтан да баланың аты Текқаначон болсын, – деді туыстары.
Көп ұзамай Текқаначонның әкесі екінші рет үйленеді де, екінші әйелі тағы да бір ұл туады. Текқаначонның өгей шешесі күшті, әрі дені сау әйел еді. Ол да баласына ұзынырақ ат қою үшін үш күн ойланса да, шаршамайды, ал төртінші күн дегенде баланың есімін аяғына дейін айтып шығады. Ол одан кейін де өліп қалмай, тірі қалады.
Ал ат шынымен де өте, өте ұзын еді.
Мінеки: ОНЮДО КОНЮДО МАППИРАНОНЮДО ХИРАНЮДО СЭЙТАКАНОНЮДО ХАРИМАНОБЭТТО ХЭЙТОКО ХЭЙТОКО ХЭЙХАНОКО ХЭМЭТАКАМЭТА... ИЧООГИРИКА ЧОЧОРАГИРИКА ЧООНИ ЧООНИ ЧОБИКУНИ ЧОТАРОБИЦУНИ НАГАНОБИЦУНИ АНОЯМА КОНОЯМА АМООСУ КОМООСУ МООСУ, МООСУ МООСИГО ЯСИКИАНДОНИ ТЭММОКУ ТЭММОКУ МОКУНО, МОКУНО МОКУДЗОБО ТЯВАНЧООСУНО ХИХИДЗО-ЭИСКЕ.
Міне, қандай ұзын есім!
Екі бала да бірге өсіп жатады, әрі жиі-жиі жанжалдасып қалатын еді. Інісі ағасын үнемі ренжітіп, мазақтайтын еді:
– Ех, сен, Текқаначон! Чон-чон! Тек қана-тек қана!
Текқана-чон!
Текқаначон да ашуланып, ол да інісін мазақтай бастайды:
– Ех сен, ОНЮДО КОНЮДО МАППИРАНОНЮДО ХИРАНЮДО СЭЙТАКАНОНЮДО ХАРИМАНОБЭТТО...
Ары қарай оның тілі күрмеліп қалатын. Ал ол қайтадан бастамақ болған кезде інісі алысқа ұзап кететін еді.
Ұзын ат шынымен де інісін бақытты етті. Оны шақыру үшін біраз болса да бос уақытың болуы керек. Сондықтан да біреуін бір жаққа бірнәрсе әкелуге жұмсаған кезде үнемі:
– Текқаначон, тезірек су әкеле қойшы! Текқаначон, көмір әкеле қойшы! – дейтін еді.
Текқаначон ғана су әкеліп, көмір тасып, оған не тапсырылса, соны істейтін болды. Ал інісі ойына не келсе, соны істеп жүре берді.
Тіпті, інісі бірдеңеге кінәлі болса да, әкесі үлкен ұлын шақыратын:
– Текқаначон, бері кел! Мен саған қазір көрсетемін!
Ал інісі бәрінен оңай құтылып кетеді.
Шешесі:
«Балама ұзын есім қойғаным қандай жақсы болған», – деп ойлады.
Бірде үлкен бала аулада жолдастарымен ойнап жүріп, құдыққа түсіп кетеді.
Жолдастары:
– Текқаначон құдыққа түсіп кетті! Текқаначон құдыққа түсіп кетті! – деп айғайласты.
Үлкендер тез арада жүгіріп келіп, арқанды тастап, Текқаначонды құдықтан шығарып алды.
Өгей шешесі: «Шамасы, қысқа атты балалардың бақытсыз болатыны рас шығар. Әнеки, Текқаначон құдыққа түсіп кетті»,– деп ойлайды.
Екі күннен соң балалар тағы да аулада құдықтың қасында ойнап жүрді. Кіші бала құдықтың ернеуіне қарғып шықты да:
– Текқаначонның құдыққа құлап кеткен себебі, оның атының қысқа болғандығында. Ал менде бақытты ұзын есім. Демек, мен құдыққа құламаймын,– деді.
Сөйтті де ол аяғы тайып кетіп, құдыққа құлап кетті. Жолдастары оның ата-анасының үйіне қарай жүгіріп, айғайлай бастады:
– Тезірек! Тезірек! Сендердің ОНЮДО КОНЮДО МАППИРАНОНЮДО ХИРАНЮДО СЭЙТАКАНОНЮДО ХАРИМАНОБЭНКЭЙ (Жоқ, БЭНКЭЙ емес!) ХАРИМАНОБЭТТО ХЭЙТОКО ХЭЙТОКО ХЭЙХАНОКО КОКЭТАОТИТА... ХОНЭТАТОКЭТА...
Осы жерде олар жаңылысып, қайтадан бастады:
– Тезірек! Тезірек! Сендердің ОНЮДО КОНЮДО МАППИРАНОНЮДО ХИРАНЮДО СЭЙТАКАНОНЮДО ХАРИМАНОБЭТТО ХЭЙТОКО ХЭЙТОКО ХЭЙХАНОКО ХЭМЭТАКАМЭТА...
Олар осы жерге келгенде тағы да жаңылысып, тағы да басынан бастады:
– Тезірек! Тезірек! Сендердің ОНЮДО КОНЮДО МАППИРАНОНЮДО ХИРАНЮДО СЭЙТАКАНОНЮДО ХАРИМАНОБЭТТО ХЭЙТОКО ХЭЙТОКО ХЭЙХАНОКО ХЭМЭТАКАМЭТА... АНОЯМА КОНОЯМА АМООСУ КОМООСУ МООСУ, МООСУ...
Осы кезде бір бала:
– Мүмкін біз орта шенін тастап кеткен шығармыз! – деп айғайлады. Олар қайтадан басынан бастады:
– Тезірек! Тезірек! Сендердің ОНЮДО КОНЮДО МАППИРАНОНЮДО ХИРАНЮДО СЭЙТАКАНОНЮДО ХАРИМАНОБЭТТО ХЭЙТОКО ХЭЙТОКО ХЭЙХАНОКО ХЭМЭТАКАМЭТА...
Осы жерге жеткенде олар үндемей қалады да, аз-кем демалған соң қайтадан жалғастыра бастады:
– ИЧООГИРИКА ЧОЧОРАГИРИКА ЧООНИ ЧООНИ ЧОБИКУНИ ЧОТАРОБИЦУНИ НАГАНОБИЦУНИ АНОЯМА КОНОЯМА АМООСУ КОМООСУ МООСУ, МООСУ МООСИГО ЯСИКИАНДОНИ ТЭММОКУ ТЭММОКУ МОКУНО, МОКУНО МОКУДЗОБО ТЯВАНЧООСУНО ХИХИДЗО-ЭИСКЕ құдыққа түсіп кетті, – дейді олар.
Ата-аналары осыны естісімен арқанды ала сала құдыққа қарай жүгіреді.
Бірақ өте кеш еді, ұзын есімді бала бұл кезде суға батып кеткен еді.
Орыс тілінен аударған Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ
«Балдырған» журналы, №11 Қараша, 2017
1013 рет
көрсетілді0
пікір