• БАЛДЫРҒАН
  • 04 Мамыр, 2021

Абай ата өсиеті

1
Қайрат болмай бойыңда,
Көз болмаса ойыңда,
Абай ата сөздерін
Ұқпағаның, мойында!

Сөйлегенде көпіріп,
Айтпа өсек пен өтірік.
Қалдырады ұятқа,
Жүресің ғой өкініп.

2
Білім жолын меңгерсең,
Байлыққа оны теңгерсең,
Білгеніңді жасырмай,
Достарыңмен тең бөлсең.

Адал болсаң туысқа,
Жақыныңмен суыспа.
Еңбек етсең халқыңа,
Болар бәрі уыста.

3
Шұбарламай тіліңді,
Үйрен өнер, білімді.
Сауатсызбен сөйлессең,
Сөз арасы бүлінді.

Бос далақтап алқынба,
Білім жина, талпын да.
Сатып ала алмайсың
Беделіңді алтынға.

4
Басылмасын арының,
Тасқындасын дарының.
Жата берме мәз болып
Тойғанына қарының.

Абыройың сен жеткен
Қара терді селдеткен,
Дәулет пенен сәулет те –
Келер бәрі еңбекпен.

5
Құштар болма атаққа,
Үйір болма шатаққа.
«Атың шықса, жер өртеп»,
Сол да құмар атақ па?

Озбырды кім аяпты,
Аңдап басып аяқты,
Болатынын ұмытпа
Екі басы таяқтың.

6
Атаң айтқан ақылды
Құлағыңа іліп ал.
Бес асыл іс, нақылды,
Ойға сақта, біліп ал.

Сол бесеуін меңгерсең,
Өмірде еркін адымда.
Бес дұшпаның сен білсең,
Соны сақта жадыңда.

7
Ерте ескер ғылымды,
Ермек етпе шылымды.
Бос өткізбе күніңді,
Бос өткізбе жылыңды.

Керек пе бос мақтаның,
Біреулерге жаққаның?
Кірпіш болсаң қоғамға,
Сол – орныңды тапқаның.

Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕК

744 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы