• Балаларға базарлық
  • 04 Мамыр, 2021

Бәбісек балапандары

Бәбісек – жіңішке тұмсығы, төбесінде желпуіш тәрізді жабылып-ашылатын қызыл айдары бар әдемі құс. Бүйіріндегі көлденең тартылған ақ-қара кестелі жолаққа көз сүрінеді. Бозғылт қара түспен алмасқан бауыр жағы қызғылт-сары. 
Мен оның төбесіндегі ұшы қара, ұзын айдарға қатты қызығатынмын. Кейде үй шатырына қонақтап отырып «кө-көк», «кө-көк» деп ұзақ әндететін. Қораның алдында үшкір тұмсығымен тезек қопсытып, жем іздейтін. Тапқан құрт-құмырсқасын тістеп алып, лып етіп ұшып кететін...
...Тал саясында белесебеттің дөңгелегін желімдеп отырғам. Бір кезде қасымда бір бәбісек пайда болды. Қора түбіндегі жиюлы отынның қуысына кірмек болды. Бірақ менен үркіп ұша жөнелді. Жарты сағат өткенде аузына тістеген құрты бар қайтып келді. Айдарын дірілдетіп, маңайға шола қарап алып, тесікке кіріп кетті. 
Бір күні сол жақтан әлсіз шиқыл естілді. Мен қадала құлақ түрдім. Үн ағаш арасынан шыққандай болды. Мен дереу отын үстіндегі темір қаңылтырды алып, ауыр тақтайды сырғыттым. Соңынан еңкейіп қуыс-қуысқа қарадым. Бір кезде түкпірдегі ұяны көрдім. Оншақты сарыауыз балапан ұйлығып, бір-біріне тығылып, монтиып жатыр. Тықырды естіп, «енеміз келді» деген болу керек, шулап қоя берді. Әлі кішкентай болса да, сүйкімді екен. Қауырсындары ақ, қара, жасыл болып, кілемнің түгіндей құлпырады. Біреуін ұстайын деп, еңкейе бере қолымды тартып алдым. 


– Балам, бәбісек деген киелі құс. Оған тиіспе. Ол адам баласының досы. Олар бау-бақша, егінге зиян келтіретін құрттарды жейді. Балапандарын мазалауға болмайды. Енесі ұясынан жеріп, балапандарын тастап кетеді. Обалына қаласың. Оларды біз «сасық көкек» десек, кейбір елдерде «тарақты құс», «айдарлы құс» деп те атайды. Бәбісек Құран Кәрімде аты аталған санаулы құстың бірі. Құранда ол Сүлеймен пайғамбар әскерлеріне су табуға көмектеседі. Патшалықтар арасына хат-хабар тасығаны да баяндалады. Арабтар оған «Әбул-ақбар» деп ат қойыпты. Ол «хабар атасы» деген мағына береді екен, – деген еді бір күні әжем. Сол есіме түсіп бөгелдім. 
Көкек сиятындай тесік қалдырып, ағаштың үстін тақтаймен қайта жаптым. Бір аптадан кейін көкек жем іздеп кеткенде балапандарға тағы бардым. Кәдімгідей үлкейіп қалыпты. Сүйкімді түрлеріне қанша қызыққаныммен, тиіспедім. Сөйтіп олар өсіп, жетіле берді. Мен сырттай бақылап жүрдім.
Көкек ұясына келерде және кетерде «пыш-пыш» дейді екен. Онысы «жем жедіңдер, тыныш жатыңдар!» дегені болса керек. 
Содан кейін оларды мазаламайтын болдым. Екі жұмадан соң ұяға барсам, балапандар ұшып кетіпті. Мамықпен көмкерілген ұя бос жатыр. 
Жаздың аптап күндерінің бірі. Бақшадағы гүл, көшеттерді суғарайын деп құдықтан су алуға бардым. Әкем үнемі: «Үйдегі құстар сусамасын, астауды толтырып қой», – дейтін. Сол есіме түсіп, әуелі астауды толтырдым.
Сәлден соң астаудан жыпырлап су ішіп жатқан ана көкек пен балапандарын көрдім. Тұмсықтарын суға малып, бастарын жоғары көтеріп, жемсауларын бүлкілдетеді. Қанаттарын қағып, сілкініп қояды. Бастарын қозғағанда, желпуіш секілді ұзын айдарлары әдемі болып кетеді. 
Оларды көріп, белгісіз бір шаттыққа шомдым. Қуанғаннан «алақай» деп, айғайлауға шақ қалдым. Өйткені дауысымды естісе, көкектер ұшып кетер еді. Сүйікті құсымның аулада ұзақ жүргенін қаладым. 

Мұрат БАЙДІЛДАҰЛЫ
Талдықорған қаласы

1641 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы