• Балаларға базарлық
  • 12 Наурыз, 2021

Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдері

Балалар, 25 жыл өмірін «Балдырғанды» басқаруға арнаған Тұманбай аталарың өмірге көктемде 
(20 наурыз) келген. Көзі тірі болғанда аталарың биыл 86 жасқа келер еді.
Көктемде туған ақын көктемді өте жақсы көрді. Осы бір тамаша жыл мезгіліне көптеген өлеңдер арнады. Көктем жайлы балаларға да әдемі тақпақтар жазды. Біз бүгін ақынның туған күніне орай, жылдағы дәстүріміз бойынша оның көктем жайлы бір топ өлеңін назарларыңа ұсынып отырмыз.

Көктем деген немене?

– Көктем деген немене?
– Көктем деген көп жаңбыр.
Әнге салып әуеде
Қарлығаш ол тұрған бір.

Көктем деген ашылған
Бұлақтардың көзі ғой.
Ақ тұманың басында
Жаңа туған қозы ғой.

Көктем деген, балалар,
Құлыншақ қой зулаған.
Еркелеген далаға,
Құрық салсаң тулаған.

Көктем деген қыстайғы
Әніміз ғой айтатын.
Көктем деген құстар ғой
Туған жерге қайтатын.

Көкек ұшып келеді

Көктем шығып келеді,
Қар мен мұзға қарамай.
Кіріп қалды жер өңі,
Қуанған қарт анадай.

Ауылдың қыр-ойынан
Көрдім көктем шуағын.
Ағаштардың бойынан
Жүргендей бір жылы ағын.

Ұмытқандай жұрт үйді,
Дала қандай жап-жарық!
Бәйшешек те қылтиды,
Қардың төсін қақ жарып.

Артқа тастап көп белді,
Бардай бізге керегі.
Хабаршысы көктемнің
Көкек ұшып келеді.

Қошақан

Күркесін де кеше атам,
Салып қойды жобалап.
Жаңа туған қошақан
Тыста қалса обал-ақ.

Көзін ашты туа сап,
Емшекке өзі ұмтылды.
Асыққандай біртүрлі
Ашыққандай біртүрлі.

Өмір сүру оңай ма,
Емшекті иіскеп жалайды.
Маңырайды, маңайға
Жаутаң-жаутаң қарайды.

Қарны ашқан, шөлдеген,
Ол да сәби білгенге.
Маңырайды, ол менен
Көмек сұрап тұр ма әлде?!

Білді-ау деймін мөлшерін,
Оншама өзі саспады.
Енесінің емшегін
Тез-тез еме бастады.

Қызыл сиыр

Бұзаулады қызыл сиыр
Қызыл бұзау тапқаны.
«Сүтті сиыр, біздің сиыр»
Деп әжеміз мақтады.

Наурыз келді, бұлт үйіріп,
Көктен жаңбыр жауады.
Апам таңнан сол сиырды
Күрпілдетіп сауады.

Бізге қарап мөңірей ме,
Ол мазасыз неге тым?
«Біраз сүтті қалдыр, – дей ме,
Бұзауыма еметін».

Басқа айтары жоқ қой түк те,
Несін байғұс аяды?
Бізден қалған  қою сүтке
Қызыл бұзау тояды.

Өрік гүлдеп...

Ұшып-ұшып шаршаған соң,
Сары шымшық баққа қонды.
Өрік гүлдеп, аршадан соң,
Бақтың іші аққа толды.

Бірі ерте, бірі кейін кеп,
Көкектер де жай ұшады.
Алмалар да гүлдейін деп
Соққан желге майысады.

Қабылдауға бақ дайын ба,
Жатырқамай жарық айды.
Қара ағаш та, ақ қайың да
Сәлден кейін жадырайды.

Қозы мынау, баспақ анау,
Жемдейді атам Бәйгеторды.
Жер де иіп бастаған-ау,
Көк шөптер де бой көтерді.

Толды бүгін дала шуға,
Жәндігі жоқ оятпаған.
Розалар гүл ашуға
Дайындығын аяқтаған.

 

 

2118 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы