• Әңгіме
  • 12 Наурыз, 2021

КІТАП ПЕН КОМПЬЮТЕР

Асхат Өмірбаев

Саян сырттан кірген атасына мойын бұрды. Атасы қолтығына кітап қыстырып алыпты.Дүкеннен тәтті әкеп берер деп ойлап еді, түк жоқ.
– Ата, – деді сосын наразы үнмен. – Кітаптарды қайдан алдыңыз?
– Қайдан алушы едім... кітапханадан алдым. Саған да, өзіме де алып келдім.
– Ой, ата, маған алмай-ақ қоймай.
– Неге? Сен кітап оқымайсың ба?
– Мен компьютерден қараймын ғой. Ғаламторды ашсаң,бәрі бар.
Қария тосылып қалды. Қит етсе, керектің бәрін ғаламтордан аламын дейтін немересінің кітап оқуға құлқы жоқ екенін іштей шамалады.  
– Е, ғаламторыңда бар болса, бар шығар, бірақ андағы пәлеңе үңіле берсең, көзіңнен түк қалмайды ғой? – деді сосын кейіп.
– Ой, ата, қазір балалардың бәрі компьютерде отырады. Қызықтың бәрі осында. 
Сол екен атасы нілдей бұзылды. 
– Кітап оқу қызық емес деп кім айтты саған? – деді саңқ етіп.
Әлгіндегі сөзінің орынсыз болғанын енді білген Саян:
–Жоқ, ата. Менің айтайын дегенім, кітап та қызық, бірақ... – деді күмілжіп.
– Не бірақ?!
– Бірақ, не ғой... қазір ешкім кітапқа қызықпайды. 
Немересінің бұл сөзі шынымен-ақ шымбайына батты.  
– Сендей кезімізде біз күндіз-түні кітап оқитынбыз. Жаман болған жоқпыз содан. Кенжебек, Қалтай аталарыңды білесің ғой? Бәріміз бірге қолға түсе бермейтін кітаптарды кезекпен оқитынбыз. Бірге талқылайтынбыз. Жамандық пен жақсылықты содан ажыраттық. Ал сен кешке дейін ойын ойнайсың. Атыс-шабыс, төбелес. Одан асып, бірдеңе оқығаныңды көрмеппін.  
Саян үндемей қалды. Атасының ашуы тарқар емес. Әкелген кітаптарын сипап, бетіне тақады. 
– Жарықтықтың иісін айтсаңшы! – деді сосын жусан иіскегендей тұшынып. – Кәмпитір дейді...кітаптай қайдан болсын оның!
Саян атасының неге сонша бүлінгенін түсіне алмады. Дегенмен, сонда да жұбатқысы келіп:
– Ата, маған қандай кітап әкелдіңіз? – деді қасына келіп. 
– Саған Марат Қабанбай деген жазушының кітабын әкелдім, – деді әлгіндегі ренішін тез ұмытып. 
– Рақмет, ата, – деді Саян кітапты қолына алып. – Демалыс күні оқып тастаймын.
Атасы шай ішуге ас үйге кетті. 
Күздің күні болатын. Кешікпей күн күркіреп, нөсер жауды. Жел соғып, ағаштар теңселді. Саян тапсырма орындап отыр еді, жалп етіп жарық сөнді.  
– Енді қайттім? – деді ол сасқалақтап. – Ертең тақпағымды жаттап бармасам, Жәмилә апай екі қояды ғой. 
 Есіне атасы түсті. 
– Ата! – деді сосын дауыстап. 
– Не боп қалды? Қорықтың ба? – Атасы бөлмесінде екен.
– Жоқ, ата. Кітап керек боп тұр. 
– Не? Қаттырақ айтшы, естімей тұрмын. 
– Кітап деймін... кітап! Абай атаның кітабы. 
– Абай дейді... бар шығар. Көрейін сөреден. Неге керек боп қалды ол?
– Мұғалім Абай атаның тақпағын жаттап кел деген. 
 Атасы мырс етті. 
– Қайтесің кітапты? Оны ғаламтордан ала салмайсың ба?
– Ой, ата, жарық жоқ қой! – деді Саян ренжіп.
– Міне, көрдің бе? – деді атасы оның бөлмесіне келіп. – Сен ғаламторға сеніп едің. Аяғы не болды? Жарық сөнді, өлеңсіз қалдың. Ал, кітап деген қасыңдағы қазынаң. Сөреге қоясың, тұрады. Керек кезінде аласың да оқисың.
   Саян төмен қарап, желкесін қасыды. Сәлден соң атасының қолынан кітапты алып, парақтай бастады.

697 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы