• Әңгіме
  • 12 Наурыз, 2021

КҮПСЕК ҚАР

– Талғат! – деп дауыстады сыртта жүрген әкесі.
– Ау, әке!
– Киініп шық. Бір жаққа барып келеміз.
– Сырғанақ тебуге ме?
– Жоқ. Басқа жаққа.
Талғат тез киініп далаға жүгіріп шықты. Әкесі мәшинесін оталдырып, дайын тұр екен. Оның отырғаны сол, көлік сырғи жөнелді.
– Әке, тауға сырғанақ тебуге барайықшы! Өзіңіз айтып едіңіз ғой, сабақты беске оқысаң, апта сайын сырғанаққа апарамын деп, – деді Талғат жолда бағанағы әңгімесін қайта қозғап.
– Болмайды.
– Неге?
– Таудағы қар қазір жіпсіп жатыр.
– Жіпсіп деген не?
– Еріп деген сөз.
– Қар әлі аппақ боп жатыр ғой...
– Жоқ. Былай байқалмағанмен, бұл қарда сырғанауға болмайды. 
– Неге?
– Жаңа айттым ғой бәрін. Бұны күпсек қар дейді. Сырты қампиып, бүтін көрінгенімен, іші жұмсап, босап кеткен. Бассаң, аяғың кіріп кетеді. Онда қалай сырғанайсың?
– Болмай ма?
– Болмайды.  
Талғат қатты өкініп, бір сәт үнсіз қалды.
– Енді қайда барамыз? – деді сәлден соң.
– Қазір білесің, – деді әкесі мәшиненің қарқынын баяулата беріп. Кешікпей оңға бұрылды да, үлкен қақпаға келіп тұмсық тіреді. – Жеттік. Бұл – үлкен бақ. Бүкіл қаланың елі осы арадан көшет алады. Үйлерінің маңын көгалдандырады. Жеміс ағаштарын отырғызады.
– Біз де жеміс ағашын алуға келдік пе?
– Иә. Тауда қар жатқанмен, жазыққа көктем де келіп қалды. Қазір ағаш отырғызатын кез. Есік алдындағы былтыр кескен кәрі ағаштардың орнын толтыруымыз керек. Бұрынғы ата-бабаларымыз «Бір тал кессең, он тал ек!» деп өсиет айтыпты. Соны орындауға тиіспіз. Ұқтың ба, балам? 
– Ұқтым, әке. 
– Келгеніңе өкінген жоқсың ба?
– Жоқ, әке. Қайта жақсы болды. Сіздің көшеттерді қалай таңдайтыныңызды көріп алатын болдым. Оларды жаздай өзім суғаратын боламын.
– Ниетіңе жет, балам, – деген әкесі ақылды ұлының басынан сипап, арқасынан қағып, екеуі қақпадан баққа еніп бара жатты...  

Серік Нұғыман

587 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы