• Балаларға базарлық
  • 12 Наурыз, 2021

БҰТАҒА ЖАБЫСҚАН ТҮБІТ

Көктемнің шуақты күндерінің бірі болатын. Алты жасар Санжар атасының көлігімен ауылға бара жатты.
Ауыл іргесінен сарқырап тау өзені ағады. Бергі жағы – ағашы сірескен ну тоғай. Осы жерге келгенде атасы көлігінің жүрісін баяулатып, жолдың жиегіне қарай бұрды да:
– Жүр, балам! Еңіске түсіп, таза ауамен тыныстап қайтайық, – деді.
Көктемгі ауа шынымен тап-таза екен. Жаңадан көктеген ағаш пен бұтаның жұпар иісі мұрынды жарады. Атасы саф ауамен терең тыныстап:
– Паһ, шіркін! – деп тамсанды. 
Таза ауа, ашық аспан Санжардың да көңілін көтерді. Ол көк тебіндеген шымдауыт жерді басып көріп, «неткен жұмсақ, үстінде доп тепсе ғой» деп ойлады. 
Мәшинеде отырып әбден жалыққан балақай көгалда ары-бері шапқылады. Бір кезде тікенекті бұтаның қасынан өте бере кілт тоқтады.
– Ата, ата! Тез мұнда келіңіз! Қызық... – деді Санжар дауыстап.
– Ол не? – деген атасы дереу қасына келді.
Санжар:
– Міне, қараңызшы! – деп бұтаның түбіне жабысқан аппақ ұлпа жүнді көрсетті.
– Е-е, бұл қоянның түбіті ғой, – деді атасы. – Көрдің бе, ақ мамықтай екен. 
– Қоянның? – деді Санжар таңырқап. Сөйтті де:
– Ата, қоянға не болған? Оны қасқыр жеп кеткен бе? – деп сұрады.
Санжардың көз алдына бұта түбінде дір-дір етіп, тығылып отырған қоян елестеді. Жауыз қасқыр аңдып келіп, осы жерде бас салған ғой. Тура ертегідегідей. Осындай ойдың жетегінде тұрған Санжарға атасы күле қарап:
– Жоқ, балам, ешқандай қасқыр жемеген. Қоян түлеген ғой, – деді.
– «Түлеген» дейсіз бе?..
– Иә. Көктемде қоян «тонын» ауыстыратынын білмеуші ме едің? Күн жылығанда оның қалың, аппақ жүні жидіп түседі. Сөйтіп ақ қоян сұр қоянға айналады.
– Білем, білем! – деді Санжар «Дүниетану» сабағында айтылған әңгімені есіне түсіріп. Содан соң:
– Қоян қалай түлейді? – деп атасына тағы бір сұрақ қойды.
– Басынан бастап түлейді, – деді атасы. 
– Қалай сонда?
– Алдымен басындағы жүні түседі. Артынан үстіндегі жүні төгіліп, құйрығына дейін жетеді. Күн ысыған сайын қоян ескі жүннен тезірек арылғысы келеді. Сондықтан бұтаға, томарға, ағаш діңіне үйкеліп, осылай түбітін қалдырады. 
– Қоян «тонын» ауыстыру керектігін қалай біледі? 
– Алдын-ала сезеді. Бұрынғы аңшылар қоянның түлеуіне қарап, көктемнің ерте, не кеш шығатынын болжаған. Күзде де солай. Қыс ерте түсетін жылы қоян ақ тонын ертерек киіп алады. Айтпақшы, қоян қыста неліктен ағаратынын білесің бе?
– Білем! Аппақ болса, қасқыр оны көрмей қалады.
– Дұрыс айтасың! Қыстыгүні ақ қоян бұта түбінде бұғып жатса, аппақ қардан айыра алмай қаласың. Мұны «бір» де. Ақ «тонның» тағы бір пайдасы – өте жылы болады. Қыста табанына дейін қалың түк басады. Сонда қоян омбы қарға батып қалмай, оңай орғып жүреді.
Атасының әңгімесіне құмарта түскен Санжар:
– Ата, сізге тағы бір сұрақ қойсам бола ма? – деді.
– Қоя ғой, – деді атасы.
– Қоянның бұтаға жабысқан жүні осылай жата бере ме?
– Жоқ, балам! Табиғатта артық нәрсе болмайды. Көрмейсің бе, көктем шыға тоғай іші жандана бастады. Жақында жылы жақтардан құстар ұшып келеді. Солар бұтадағы ұлпа жүнді теріп әкетіп, ұяларына төсейді. 
Осыны айтқан атасы:
– Тыңдаймын десең, қоян жайлы, бұл тоғайды мекендейтін жан-жануар туралы әңгіме көп. Кейін асықпай айтып беремін. Ал енді, жүрейік. Ауылдағы ағайын бізді күтіп отырған шығар, – деді.
– Жарайды! – деген Санжар атасына еріп  мәшинеге қарай беттеді. 
Жүріп келе жатып, артына қайта-қайта қарайлайды. Бұтаның түбінен ақ «тонын» жаңа шешкен ұзынқұлақ сұр қоян жылт етіп көрініп қалатын сияқты.

Бағдат Мәжитов

70 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Дүйсен МАҒҰЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы