• Жұмбақтар
  • 12 Наурыз, 2021

Жұмбақтар

Құдиярбек Ағыбаев

Ыстықтан да, суықтан,
Денемізді қорғайды.
Ал адамдар, сондықтан,
Қысы жазы тоңбайды.
Ол не?  (Теріміз)

Сепкен де жоқ – терімізге,
Еккен де жоқ көшетін.
Көрік берген түрімізге,
Ну орман боп өсетін.
Ол не? (Шаш)

Қыр үстіне жиылып,
Екі орман жайқалған.
Қияқтай боп қиылып,
Қара жолақ байқалған.
Ол не?  (Қас)

Ағайынды екі бала,
Қия алмайды бір-бірін.
Қыр астында тұрған дара,
Көре алмайды бір-бірін.
Ол не? (Көз)

Күн демей, түн демей,
Дүрсілдеп соғады.
Ол қалса үндемей,
Хал нашар болады.
Ол не? (Жүрек)

Тәтті мен ащының,
Сезесің дәмін.
Сөйлессең, тап шыным,
Ұғасың мәнін.
Ол не? (Тіл)

Тау ішінде екі ін – қатар,
Ауа кіріп шығатын.
Қасиеті және де бар,
Иіс сезіп тұратын.
Ол не? (Мұрын)

Ас ішкенде мазалаймыз,
Ақ маржанмен шайнаймыз.
Дем алғанда тазалаймыз,
Ауырмауын ойлаймыз.
Ол не? (Тістер)

Мойынменен түзеледі,
Доп-домалақ пішіні де.
Барлық сезім мүшелері,
Орналасқан ішінде.
Ол не? (Бас)

Анашымның ес білгелі,
Әлди әнін ұнаттым.
Соным бәрін естігенім,
Арқасында   ... (Құлақтың)

Біріккенде сондай күшті,
Оңымыз бен солымыз.
Ерінбестен барлық істі,
Атқарады   ... (Қолымыз)

Соғып еді, балақан,
Қызып кетті  ...   (алақан)

Екі батыр жата ғап,
Түнде демін алады.
Күндіз сені арқалап,
Жолда жүріп барады.
Ол не? (Аяқтарымыз)
 

 

1237 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы