• Балаларға базарлық
  • 12 Наурыз, 2021

Өлеңдер топтамасы

Серікбай ОСПАНҰЛЫ

КҮЙ АҢЫЗДАРЫ

Өлшеусіз көп мұрамыз бар,
Соның бірі – күй аңыздар.
Күй аңыз – ел шежіресі,
Жүрекпен тек тыңдаңыздар.

Елдің онда шаттығы бар,
Жаяу да бар, аттылы бар.
Тұлпар, сұңқар, аққу, қаз бен
Аю да бар тәттіқұмар.

Онда ел жыры, мұңы да бар,
Табиғаттың сыры да бар.
Бірі өмір жайында айтып,
Жеткізеді бірі хабар.

Айтқанымды ел құптар бүгін,
Күй мазмұнын ұққан бұрын.
Күй аңыздар береді айтып
Қай күй қалай шыққандығын.

«ТЕПЕҢКӨК»

Ерте, ерте, ертедегі
Өзен, көлді өлкедегі
Күй аңызды домбырада
Өнерпаздар шертеді енді.

Көрген қазақ халқы көпті,
Өмірде азап тартып өтті.
«Тепеңкөк» деп аталатын
Бір қойшының аты бопты.

Басқа аттардан алабөтен
Шаба алмайтын шабан екен.
Сондықтан да иесі оны
Қой соңына салады екен.

Ат сыншысы Тепеңкөкті
Көріп: «Жүйрік екен», – депті.
«Мазақ еттің неге бізді?» –
Деп ол сөзге ел сенбепті.

Сонда сыншы:
– Көріңіздер,
Бұл шын сөзім, сеніңіздер.
Күні-түні баптаңыздар,
Жемге сұлы беріңіздер.

Елдің бәрі мақтайды ертең,
Бұл жүйрікке таппайды ел тең.
Арқасына жүк артыңдар,
Бүйірі қызбай шаппайды екен.

– Тыңдаңыздар енді мені, –
Деп ол елді сендіреді.
Арқасына Тепеңкөктің
Жүк сап сосын желдіреді.

Бусанып ол терлегенде
Желдей есті өрден-өрге.
Иесі де аң-таң болып,
Таңғалады көрген ел де.

Бәйге бермей жүйріктерге,
Талай-талай құйғытты өрге.
Сондықтан да «Тепеңкөк» деп
Атын оның күй ғыпты ел де.

Қызса ол тыныш тұра алмаған,
Қара алдына шығармаған.
Осы күйден шабандоздың
Үні естілер ұрандаған.

«ЖОРҒА АЮ»

Қонжығы бар қасында
Аю таудан түседі.
Көл жоқтаудың басында,
Өзеннен су ішеді.

Кеткен екен күн ысып,
Таудың құйттай тағысы
Жатқан кезде су ішіп,
Ап кетті өзен ағысы.

Қымбат қой бұл тіршілік,
Біле ме екен ол мұны?!
Суға батып, бір шығып.
Барады ағып қонжығы.

Қонжығынан көз алмай,
Өзен бойлап жүгірді.
Тасқа табан төзе алмай
Жырым-жырым тілінді.

Жыртты тікен балағын,
Қарамады сонда да.
Қуды артынан баланың
Жанұшырып сорлы ана.
Қуып келеді
Ананың
Көз жасы ағып, сорғалап.
Тас тілген соң табанын,
Қалды амалсыз жорғалап.

Аяғы ақсақ болғасын,
Қисаңдап ол қалыпты.
Аюдың сол жорғасын
Күйге халық салыпты.

Қонжығынан көз жазып,
Қалған енді сорлы аю,
Қорбаң-қорбаң қозғалып,
Аталыпты «Жорға аю».

645 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы