• Балаларға базарлық
  • 12 Наурыз, 2021

Қарлығаш

Қарлығаш – торғайтәрізділер отрядына жататын айыр құйрықты кішкентай әдемі құс. Қарлығаш сөзі «қара», «ала», «құс» деген сөздердің қосындысынан шыққан. Әншілігіне орай қарлығаштарды әнші торғайлар тобына жатқызады. Қарлығаштар әлемнің Арктика мен Антарктидадан басқа жерлерінің бәрінде кеңінен таралған. Әлемде олардың 79 түрі тіршілік етеді екен. Қазақстанда жар қарлығашы, құз қарлығашы, қосреңді қарлығаш, секпілтөс қарлығаш, кент қарлығашы деп аталатын бес түрі кездеседі. Бұларды біз еліміздің кез-келген жерінен кездестіре аламыз. Қарлығаштар орман-тоғай, өзен-көлдер маңында, сондай-ақ таулы, шөлді аймақтарда да тіршілік ете береді. Ол жыл құсы. Біздегі қарлығаштар күз түсе Африка мен Оңтүстік Азияға ұшып кетеді.
Қарлығаштың ұясы әдемі болады. Оны олар асқан шеберлікпен жартастарға, үй керегелеріне, кейде ағаш басына да жасайды. Саз топырақты өздерінің сілекейлерімен шылап, оны домалақтап қалап жасаған ұялары берік, әрі өте ыңғайлы болады. Қарлығаштар балапандары әбден ұшуға жарағанша ұядан құлап кетпеуі үшін бір ұшы ұяға мықтап бекітілген қылмен аяғынан байлап қояды.
Қарлығаш – өте пайдалы құс. Зиянды насекомдарды, шыбын-шіркейді көп аулайды. Бір қарлығаш бір күнде мыңнан аса масаның көзін жояды екен. Бір қызығы, олар қоректерін ұшып келе жатып аулап, ұшып жүріп жей береді. Суды да ұшып келе жатып, тұмсығымен іліп алып іше береді.

Біздің елдегі қарлығаш­тар­дың ешқайсысы «Қызыл кітапқа» енгізілмеген. Бірақ қарлығашты біздің ата-бабаларымыз ежелден киелі құс санап, жақсы көрген. Оған бізге жеткен аңыз әңгімелер мен ертегілер, мақал-мәтелдер куә. Бүгінгі күні де қарлығаш жайлы жазылған әңгімелер мен тақпақтар аз емес. Қарлығаштай сүйкімді, ақылды, еңбекқор болсын деп, қыздарға Қарлығаш деп ат қойған. Ол үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Балаларға қарлығаштың ұясын бұздырмаған. Киіз үйдің шаңырағындағы қарлығаштың ұясын көшер кезде бұзбас үшін, киіз үйді тігулі күйінде қалдырып кеткен жағдайлар да кездескен. Мұның өзі қарлығаш жүрген жерде бейбітшілік болады деген жақсы ниеттен туғаны белгілі.
Халқымызда қарлығашқа қатысты ырымдар мен жорамалдар да баршылық. Аталарымыз қарлығаштың қалай ұшқанына қарап, ауа райын болжайтын болған. Мысалы, қарлығаш көктемде ұшып келгенде мал қораға қонса, қой егіз туады, сүт мол болады деп, ал үйдің шатырына қонса, жан басы көбейеді деп болжаған.

Қарлығаштың көзі өте өткір. Ол ұшып бара жатып-ақ алыстан кішкентай шыбын-шіркейді көре алады.
Қарлығаш тамақты көп жейді. Уақытының көбі тамақ іздеумен кетеді. Олар тіпті балапандарын күніне 300 ретке дейін тамақтандырады екен.
Қарлығаш Эстон республикасының ұлттық символы болып табылады. Олардың ұлттық ақшасында қарлығаштың суреті бар.
Қарлығаш өте ұшқыр құс. Сұр қарлығаш сағатына 170 километр жылдамдықпен ұша алады.
Қарлығаш жылына екі рет балапан басып шығарады.
 

1634 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы