• Балаларға базарлық
  • 11 Ақпан, 2021

Өлеңдер топтамасы

Инелік

Инелік-ау, инелік,
Жүрсің бе ұшуды үйреніп? 

Қанатың мөлдір әйнек пе,
Басың кіші шәйнек пе?

Ұша-ұша ширадың,
Қылдай нәзік сирағың.

Инесі жоқ инелік.
Шүйдесі бар инелік.

Түймесі бар инелік,
Инелікке тимелік.

Қайдан жетіп кеп қалдың?
Тікұшақ па деп қалдым!

Кесіртке

Оған таныс атырап,
Бәрін көрген бақылап.
Адыраспан түбінде
Қалғып алар жатып ап.

Басы қылт-қылт, бұзық па,
Өзіне сол қызық па?
Құмда жатқан іздері
Қисық-қисық сызық па?

Құйрығы бар сүйрелең,
Жүрісі бар ирелең.
Ешкім жоқта балпаңдап,
Қорықса, қашып билеген.

Іздеп кейде тасаны,
Шағылдардан асады.
Басып қалсаң, құйрығын
Саған тастап қашады.

Шегіртке

Асықпаса, қыбырлайды,
Жіптей мұрты жыбырлайды.

Жүргені  оның – секіргені,
Шырылдаса – лепіргені. 

Аяғы оның аяқ па екен,
Бүктеп қойған таяқ па екен?

Өздері өте көп сияқты,
Ұшып жүрген шөп сияқты.

Жаздың күні қыдырады,
Қыс келгенде, тығылады.

Қаңбақ

Желден қашып безеді,
Кең даланы кезеді.

Дөңгелейді айнала,
Жүрген жері – айдала.

Төбелерге соқпайды,
Сайға ғана тоқтайды.

Құйын қуса, тулаған,
Ол – қаңбақ қой қураған.

Желмен бірге жүгіріп,
Жатыр енді тығылып
 

Бақа

Төбесі  бар жалпиған,
Аяқтары балпиған.
Қарыны бар қампиған,
Еріні бар салпиған.
Мұрыны бар таңқиған
Бақаны көріп Аңғарбай
Аузын ашып аңқиған.

Маса да оны көріпті,
Шаққысы кеп төніпті.
«Ауызы үлкен екен  ғой,
Жеп қояр!» деп қорықты.

Бекен Ыбырайым

700 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы