• Балаларға базарлық
  • 11 Ақпан, 2021

Қар

Екі күн қатарынан қар жауып, боран соқты. Артынан қатты суық болды. Үшінші күні ғана Алмас жылы киініп, сыртқа шықты. 
Айнала тып-тыныш. Ауада шіңілтір аяз бары ауыздан шыққан будан білінеді. 
Алмас аяңдап үлкен алаңға келді. Ешкімнің қарасы көрінбейді. Тіпті, жаңа түскен із де байқалмайды. Соған қарап, өзінің мұнда келген алғашқы бала екенін білді. Негізі, балалар көп болса, осында аққала жасап ойнап, неше күннен бері ойналмаған ойынның орнын толтырмақ еді. Амал қанша, оның реті келмейтін секілді.
Сосын, ақыры келдім ғой деп, ойынға жалғыз кірісті. Алаңның дәл ортасына барып, домалатып қар үймек болды. Алдымен қос уыс қарды илектеп, домалақ кесек жасап алғысы келді. Кейін соны қар бетімен домалатып, жабысқан қармен үлкейтіп алуды ойлады. Екі алақанына толтырып алған қар қанша умаждаса да бірікпей қойды. Бір-біріне жабыспай, суси берді. Ақыры болмаған соң, қолындағы қарды жерге атып ұрды. Енді екі аяғымен қарды үйіп, табанымен таптай бастады.  Салмағымен жаншылған қар үйіндісі аздап біріккендей болды. Оны еппен қолына алып, омбы қардың үстіне қойды да домалата бастады. 
Алғашында оған қар жабысып, үлкейе бастағандай еді. Сәлден соң не болғаны белгісіз, домалатқан қары ортадан қақ бөлініп, жарылып түсті. Не болғанын түсіне алмаған Алмас шашылған қарды қайта жинап, жұмысын ары қарай жалғастыра берді. Бірақ бұл жолы да іс ілгері баса қоймады. Дөңбек қарды дөңгелетіп жүріп кәдімгідей үлкейтті. Оны бір шетке дөңгелетіп апарып қойды. Ол – аққаланың төменгі бөлігі еді. Енді қалған бөліктерін жасайын деп бұрыла бергенде, жаңағы дөңбегінің бір шеті омырылып құлап түскені. Алмастың ызасы келді. Жүгіріп барып, дөңбекті теуіп-теуіп одан ары быт-шытын шығарды. Өзі сырт айналып, жөніне кетті. Ешқайда бұрылмай, тіке үйіне кірді.
Бағана «қой» дегеніне қоймай шығып кеткен Алмастың сонша тез қайтып келгеніне таңданған әкесі қасына келіп:
– Не болды? Тез қайтып келдің ғой? – деді сырт киімдерін алып, киімілгішке іліп жатып. – Біраз ойнап келмедің бе, сонша әуреленіп шыққанда...
– Енді шықпаймын... – деді Алмас үнінен ішкі реніші анық байқалып.
– Не боп қалды сонша? – деді оның жүзіне сұраулы көзбен қараған әкесі түкке түсінбей.
– Қарды айтам да... аққала жасап ойнайын десем, бір-біріне жабыспай шашылып қала береді... – деді Алмас әлі тарамаған ашуын әкесіне ақтарып. 
– Тоқта... – деді әкесі сәл іркілістен соң Алмасқа күле қарап. – Сен білмеуші ме едің?
– Нені? – деді Алмас көзі бағжаң етіп.
– Қатты суықта жауған қардың бірікпейтінін...
– Жоқ. Неге бірікпейді ол?
– Онда біліп ал. Аязда жауған қар қатып, бүрісіп қалады. Сондықтан бір-біріне жабыспайды. Оны «күртік қар» дейді. Аққаланы желсіз күні жай, қапалақтап жауған жапалақ қардан жасайды. Оны «көбік қар» дейді. Оның әр түйіршігі үлкен болады әрі үлпілдеп, бір-бірімен тез бірігеді. Ал енді суықтың алдында жауған түйіршік қарды «қиыршық» дейді. Ол мүлде жабыспайды. Жел үрлесе, жер бетімен сырғып, ұша береді. 
Әкесінің қар жайын жақсы білетініне таңданған Алмас:
– Әке, сіз мұның бәрін қайдан білесіз? – деді қызығып.
– Мен ауылдың баласымын, балам. Қыс бойы бала болсақ та мал-жанға қарап, далада жүреміз. Сонда жиған тәжірибе ғой. Өкініштісі, сендер соны енді кітаптан оқып білетін болдыңдар.
– Қыс жайында білмейтіндерімді сізден сұрасам болады екен ғой, әке, – деді көңілі көтерілген Алмас әкесінің мойнына асыла кетіп.

Серік Нұғыман

625 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы