• Әңгіме
  • 11 Ақпан, 2021

Сабыр түбі – сары алтын

Қоңыр күздің тамаша бір күні болатын. Ауыл біткен бақшаларындағы өнімдерін жинап әлек. Ислам ата да баласы Жұма, немересі Иман үшеуі түске дейін картоп қазды. Биыл өнім жақсы. Осыған мәз болған үшеуі түскі ас ішуге үйге кірген. Астарын алдыларына ала бергені сол еді, үйге дабырлай сөйлеп Нұржан деген кісі кіріп келді. Өңі өрт сөндіргендей. Одырайған көзінен ашулы екені бірден байқалады.
– Ассалаумағалейкум! – деп, атасы мен әкесінің қолын алып, жер үстелдің бір шетіне тізерлеп отыра кетті.
– Уағалейкумассалам, Нұржан батыр! Жүрісің суыт, өзің ашулысың ғой, – деді Ислам ақсақал сәлем алудың аяғын бірден сұраққа тіреп.
– Баса-көктеп кіргенімді кешіріңіз, Ислам аға! Сіздің алдыңыздан өтейін деп келдім. Бақшамдағы өткенде өзіңіз көріп кеткен күздік алмаларым әлі жиналмаған еді. Әбден піссін деп отырғам. Кеше бір күн үйде ешкім болмаған. Соны пайдаланып ана Әділдің ұлдары алмаға ұрлыққа түсіпті. Ағаштарды сілкілеп, алманың көбін жерге түсіріп, рәсуә етіпті. Қаншасын өздерімен алып кеткенін Құдай білсін. Бір саудагер сатып аламын деп біраз ақшасын беріп қойып еді. Ұят болды. Әділге барып айтсам, «менің балаларым емес» деп, бет бақтырмайды. Полицияға шағым жазсам деп едім. Алдымен ауылдың сыйлы ақсақалы ретінде сізге айтуға келдім. Не істейін? – Ашуы әлі басыла қоймаған Нұржан екпіндетіп барып әрең басылды.
– Сабыр, Нұржан, сабыр. «Сабыр – ақылдың серігі» деген. Бәтшағарлар-ай, балалық істеген екен ғой. Ұрылар солар екеніне дәлелің бар ма?
– Бар, аға, бар! Бір баласының бас киімі ағашқа ілініп қалып қойыпты. Басына шығып сілкілеген ғой. Бірдемеден секем алып, бас киімге қарамай қашқан болу керек. Менің балаларым оны Әділдің баласынікі екенін танып отыр.
– Ә, солай ма?! М-м-м... Сен шәй ішіп, өзіңе-өзің келіп ал. «Біреу жәбір етсе, сен сабыр ет». Бұл да бізге атадан жеткен ақыл. Қазір екеуміз Әділдің үйіне барып, кеңесіп бір шешімге келерміз, – деді Ислам ата.
Нұржанда үн жоқ. Арыны басылып, жуасып қалды. Мен «келістім» дегендей кеседегі шәйін сораптай берді...
Әділдің үйіне кеткен атасы бір жарым сағаттай уақыттан соң оралды. Көңілді. Соған қарағанда жаңағы мәселе оң шешілген сыңайлы. Қолына күрегін алып, картоп қаза бастады.
Атасының қазған картобын жинап жүрген Иман бір кезде атасына қарап:
– Ата, «сабыр» деген не?  Жаңа сіз «сабыр, сабыр» деп едіңіз Нұржан аға үндемей қалды ғой, – деді.
– Сұрағың өте орынды, Иманжан. Сабыр – адам бойында болуға тиіс ең асыл қасиеттердің бірі. «Сабыр» сөзін араб тілінен аударғанда «шыдамдылық» деген мағына береді. Ислам дініндегі мағынасы  – Алла Тағаланың разылығы үшін өмірдегі қиындықтарға төзу, шыдамдылық ету.  Бұл жайында Құранда да, Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде де өте тамаша айтылған.
Біздің ата-бабаларымыз да сабырға қатысты «Сабын кірді ашады, сабырсыз сырды ашады.  Сабырлы адам сақтанып сөйлер, сабырсыз адам мақтанып сөйлер. Сабырлы болсаң – озарсың, сабырсыз болсаң – тозарсың» деген сияқты көптеген нақылдар қалдырған. Адам баласына өмірде сан түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Біз әрбір сәтсіздікті сынақ деп қабылдап, оған сабырмен, төзіммен қарауымыз керек. Қиындықтарға сабыр етуді адамға алда келетін жетістіктердің басы деп қабылдауымыз қажет, балам!
Жаңағы Нұржан да, ана Әділ ағаң да ақылды азаматтар ғой. Сабырға көніп, өзара келісіп, бәрін ың-шыңсыз шешті. Балалар Нұржан ағаларынан кешірім сұрады. Енді жаман қылық жасамауға уәде берді.
Сабыр иманды күшейтеді, айналадағы әрбір кереметке сүйіспеншілікпен қарауға үйретеді. Жамандықтан ада етіп, рухани тазалық сыйлайды, қарағым. Осы ешқашан есіңнен шықпасын! – деді Ислам ата өзін аузын аша тыңдап қалған немересін арқадан қағып...

341 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы