• Балаларға базарлық
  • 11 Ақпан, 2021

Жапалақтар

Балалар, журналымыздың өткен бір санында өздеріңе үкі туралы әңгімелеп берген болатынбыз. Бүгін біз сөз еткелі отырған жапалақтар осы үкінің туысы. Бұлар жапалақтәрізді құстар қатарына жатады. Әлемде жапалақтәрізділердің 200-дей түрі бар екен. Қазақстанда соның 12 түрі кездеседі. Олар – кәдімгі жапалақ, кезқұйрықты жапалақ, байғыз, орман байғызы, құлақты жапалақ, маубас жапалақ, қаршыға реңді жапалақ, қылаң жапалақ, сақалды жапалақ, үкі...
Жапалақтар – түнде тіршілік етуге бейімделген, әлемнің Антарктидадан басқа жерлерінің бәрінде кезігетін  жыртқыш құстар.  Олар көбінесе орманды мекендейді. Басы үлкен, көздері үлкен, бадырайған, көз бұршағы қимылсыз. Қауырсындары өте жұмсақ, ұшқанда дыбыссыз қанат қағады. Негізінде тышқандармен және басқа да кемірушілермен қоректенеді. Жемін түнде аулайды. Жемтігін ұзын саусақты табанымен қармап ұстап алады. Аңшылықта жүргенде жиі-жиі қатты дыбыс шығарады. 

Жемтігі бұл дыбысты естігенде қорыққанынан сасқалақтап, жүгіре береді. Сөйтіп көзге түсіп қалады.
Жұптарын өмір бойы сақтайды, ағаштың қуысына, кейбіреуі жерге ұя салады. Жұмыртқаларды аналығы басады. Кейбір түрлері тұрғылықты, қыстап қалатындары да бар. Кейбірі наурыз – мамыр айларының арасында ұшып келіп, қыркүйек – қараша ай­ла­рын­да жылы жаққа ұшып кетеді. Жапалақтың ең кішкентайының дене тұрқы 12 сантиметр болса, ең үлкені 84 сантиметрге дейін жетеді. Жылдан-жылға жапалақтардың санының азаюына байланысты 4 түрі мен 9 түр тармағы Халықаралық табиғат қорғау одағының, 1 түрі (үкі) Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Жапалақтар мойнын 270 гра­дус­қа бұра алады.
Жапалақтардың есту қабілеті өте күшті. Халық арасында «Жапалақ құлағымен көреді» деген сөз бар.
Жапалақтар жақыннан гөрі алыс­ты жақсы көреді.
Жапалақтардың тісі бол­­­­­майды. Олар асын бі­теудей жұта береді.
 Жапалақтардың ішін­­де балық ау­лай­тындары да бар.
 Жапалақтардың кірпігі үш қатар болады. Біріншісі көзін ашып-жұмуға, екіншісі  көзін қорғауға, үшіншісі ұйықтауға қызмет етеді.

6225 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

БАЛДЫРҒАН №2

27 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дүйсен МАҒЛҰМОВ

"Балдырған" журналының бас редакторы